Техногендік сипаттағы лай көшкіні салдарынан қираған үй астынан 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылы туған егіз жасөспірімдердің денесі табылды.
Алматы әкімдігі лай көшкіні салдарынан қаза тапқандарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектеседі
1,030
оқылды

Ерболат Досаев лай көшкіні салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетуді тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Техногендік сипаттағы лай көшкіні салдарынан қираған үй астынан 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылы туған егіз жасөспірімдердің денесі табылды.

«Құтқару қызметі Медеу ауданындағы қираған үйде тұрған отбасы мүшелерін іздеуді аяқтады. Қайғылы оқиға 4 адамның өмірін қиды. Мен қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақпын. Оларға шын жүректен қатты қайғырып, көңіл айтамын», – деді Ерболат Досаев.

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша, отбасының барлық мүшелерін жерлеуді ұйымдастыру үшін көмек көрсетіледі.

Қаза болған отбасының үлкен ұлы студент. Қазір ол елден тыс жерде оқып жатыр. Елге оралған соң оған білім алуына және өмір сүруіне материалдық қолдау көрсетілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, 8 ақпанда Медеу ауданының «Тау Самалы» шағынауданындағы Олимпийский көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың лайлануы салдарынан лай көшкіні   жүрді.

Кейін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен Республикалық жедел-құтқару жасағының күштері үйінді астынан төрт адамның денесін тапты.

Олардың барлығы бір отбасының мүшесі – 1984 жылы туған ер адам, 1980 жылы туған әйел және 2007 жылғы егіз жасөспірім ұл балалар.