«Жетім көрсең, жебей жүр» деп қазақ бекер айтпаған. Тағдыр талқысына жастайынан түскен жетімдердің көңілін аулап, жанына жылулық беріп, қамқорлық көрсету – игі іс. Ал өмірін соған арнаған жан көп емес. Соның бірі – Оксана Гречишкино.
Оксана Гречишкино: Балалар үйі – жаныма жақын мекен
Анар Қоныс
1,575
оқылды

Кішкентай ғана  нәрестені бағып-қағудан бастаған тәрбиеші – бүгінде Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тәрбие ісі жөніндегі әдіскер. Осы салада жүргеніне 30 жылдан асса да балалардан, ортадан ажырағысы келмейтінін айтты.

– Балаға маңыздысы – анасының жанында болуы. Ол еміп қана қоймай, ананың иісін алады. Бізде балалардың бөтені жоқ. Дені сау не дертке шалдыққан деп те бөлмейміз. Бәріне бірдей қараймыз. Себебі әрбір балаға жылылық, мейірім мен қамқорлық қажет. Өйткені жарық дүниеге келген нәрестенің өзі сезімтал келеді. Тіпті, сырқат баланың өзі біреуге керек екенін, әке-шешесінің барын түсінгенде бейне бір қанат біткендей салмақ қосып, еркелеп, күлімдеп, жадырай түседі. Сондай сәтте өз ішімізде «анасын тауып, қанатын жайды» дейміз,  – дейді  Оксана Гречишкино.

Біле білсеңіздер, бұл орталық – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды, сондай-ақ туғаннан бастап төрт жасқа дейінгі орталық жүйке жүйесі зақымданған не болмаса туабітті дерті бар балаларды тәрбиелеп, күтіп-бағып, медициналық көмек көрсетумен айналысатын мекен. Оксана Евгенийқызының айтуынша, Мамандандырылған балалар үйіне жұмысқа 1991 жылдың 1 ақпанында келген. Дәл сол жылы мектепке дейінгі тәрбиеші мамандығын алып, А.Майқұтов атындағы Целиноград педагогикалық училищесін тәмамдаған.

– Сол жылы балалар үйі тәрбиеші-педагогке сұрау салып, оған үш қыз болып бардық. Жап-жаспыз, бар-жоғы 19 жастамыз. Ол уақытта мекеме Мәскеу көшесіндегі кішкентай ғана екі қабатты ғимаратта орналасқан. Әуелде ішіне кіргенде қабырғасы сұр түске боялған ғимарат суықтау болып көрінді. Мені бірден нәрестелерді қарауға қойды. Жұмысым өзіме қатты ұнады. Ол кезде қазіргідей отбасы үлгідегі немесе күндізгі топ дегендер болған емес. Әйтеуір, бала өте көп. Соған қарай 10 топ жасақталып, оның тек екеуі ерекше балаларға арналған еді. Олар өзге балалардан бөлек тұрды. Үлкен манеждар қойылып, қоршауға алынатын. Соның арасында даун синдромы диагнозымен дүниеге келгендер көп болатын. Бұрын жұрт ондай баланың барын айтуға ұялатын. Уақыт өте біраз нәрсе өзгерді. Бала дамуына қарамастан, алдымен нәресте екені насихаттала бастады. Аналар бұрынғыдай сәбиінің жаратылысынан, болмысынан ұялмай, жасқанбайтын болды.  Соның арқасында сырқат балалардан бас тарту азая түсті, – деді Оксана Гречишкино.

Айтуынша, 25 жылда барлық топтағы балаларды бағып, қарап шыққан. «Жарық дүниенің есігін ашқан нәрестеден бастап, 3-4 жасқа дейінгі баланың біразы бағып-қақтым. Қандай бала болмасын, оған күтім мен мейірімді аямадым. Әрине оларға байланып, бауыр басып қаласың. Шынын айтсақ, әр тәрбиешінің өз сүйіктісі болатын. Өзіме аппақ, топ-томпақ балалар ұнайтын. Сондай сәби түссе тәрбиешілер бірден «Мынау Оксананың баласы болады-ау» дейтін», – деген Оксана 2017 жылы Тәрбие ісі бойынша әдіскері болған. Ол кезде мекеме Манас көшесіне көшірілген.

  Дертке шалдыққан баланы көбі асырамайды

 – Тәжірибемде түрлі жағдайлар, әртүрлі тағдырлар кездесті. Жас ананың әуелде баласынан бас тартып, артынан іздеп келгені де бар. Бірі – өз отбасымен қауышса, енді бірінде ол сәбиді өзге отбасы бауырына басып алады. Не болмаса басында баласынан бас тартпаған ана, кейіннен  өсіре алмайтынын біліп, әкелгені аз емес. Тіпті, бірнеше жыл қатарынан жылда бір баласын тастап кететін де келіншек болды. «Кешіріңіз, неге олай істейсіз?» дегенде: «Рақмет айтыңдар, әйтпесе жұмыссыз қалар едіңдер» деп ұрысқан. Кейбір жас аналар білместіктен көтеріп қалады. Онда да біреуі күн көре алмауынан бас тартса, екіншісі – үй ішіне айтуға батпайды. Әсіресе, біздің ортада «баланы әкесіз қалай туады. Ертең елдің бетіне қалай қараймыз, жұрттан ұят» деген менталитеттен арыла алмай келеміз, – дейді ол.  

Оксана Гречишкиноның айтуынша, бүгінде орталық балалардың анасыз қалмауына барынша атсалып жатыр. Мысалы, өмірлік қиын жағдайға түскен немесе тұрмысы төмен отбасыларға арнап «Ботақан» тобын ашқан. Жалғызбасты аналар жұмысқа тұрып, тұрмыстық жағдайын реттегенше балаларын жарты жылдай күндізгі бөлімге қалдыра алады. Тіпті, мүгедектігі бар отбасылар да көмек беруге тырысқан. 2018 жылдың ақпанынан бастап «Отбасылық үлгідегі» топтар топтастырылды.

– Кейіннен біз ерекше балаларға арналған топты жауып, оларды дені сау, қалыпты балаларға қостық. Олардың психологиялық тұрғыда ахуалы жақсара түсті. Біріншіден, дені сау балалар топтағы ерекше балаға көмектесіп, қамқорлығына алды. Ойыншығын әпереді, ішетін суын әкеп береді. Жылағанын көріп, жұбатып, қолына ойыншығын ұстатады. Екіншіден, үлкендері кішіге қамқорлық етуді, бір-біріне жәрдемдесуді үйренді. Қазір бәрі бір үйдің отбасындай, яғни көпбалалы отбасы сыңайлы өмір сүреді. Себебі топта емізулі сәбиден бастап, әр жастағы  баладан алтауға дейін ықшамдалды. Арасына бір ерекше бала қосылған. Енді бұрынғыдай бір тәрбиеші 15-20 баланы жалғыз өзі бағып-қақпайды. Тәрбиешінің қасында көмекшісі бар. Отбасының кішкентайы ұйықтап жатқанда, үлкені ойнайды. Үлкені демалғанда, кенжесін тамақтандыруға қолайлы, – деді Оксана Гречишкино.

  Америкадан әке-шешесін іздеп келген қыз

 Тәрбие ісінің әдіскері бір келіншектің даун синдромына шалдыққан кішкентай қызды асырап алғанын айтты.  Қазір жасы – 6-да, әлі күнге дейін байланысы үзбепті.

«Даун синдромымен сырқат баланы асырап алуын бірінші рет көрдім. Әрине, өзіміздің әлеуметтік желілерде біздегі балаларды асырап алуға байланысты видео жариялап, насихаттаймыз. Бірақ көбісі сырқат баладан гөрі, дені сауын, аяқ-қолы бүтінін алуға тырысады ғой. Ал әлгі келіншектің бұл әрекетіне бүкіл ұжым таңғалды. Ол «Мына қызды асырап алуға келдім» дегенде оған сенбедік. Қателескен болар, баланы көрген соң кетіп қалады деп ойладық. Бірақ келіншек «Жоқ, осы баланы алғым келеді» деп айтқанынан қайтпады. Оған келуін үзбей жүріп, бауыр басты. Уақыты келіп, өзімен бірге әкеткенде бәріміз жыладық. Кейін олар Астанадан көшіп кетті. Десек те, байланысымыз үзілген жоқ. Әлгі келіншек қызының денсаулығына байланысты бүкіл тексеруін жасатып, ортада бейімделуіне барын салып жүр», – дейді Оксана Гречишкино.

Оның айтуынша, 2000 жылдары шетелдіктер біздің елдегі балаларды жаппай асырай бастаған. Олардың таңдауы көбіне дертке шалдыққандарға түскен.

– Біздің қазақстандықтар мұндай тәуекелге бармайды. Сырқат баланы асырап алуға батылы жетпейді. Қай жылы екені есімде жоқ, бізге бір қыз түсті. Есімі – Әлия. Жүрегінде ақауы бар, ауыр халде еді. Дәрігерлер оны ұшаққа алуға тыйым салған. Міне, соған қарамастан америкалық ерлі-зайыпты әлгі баланы әкетуге арнайы дәрігерге дейін жалдады. Сөйтіп, АҚШ-қа барған соң операция жасатты. Қазір кішкентай қызымыз – 20 жастағы әп-әдемі бойжеткен. Пандемияның алдында ғана туған анасын іздеп келді. Бөлмеге кіре салып, «Мына жерде менің төсегім тұратын. Сүтке піскен ботқаның иісі әлі есімде» деп айтқанда таңғалдық. Психологтер айтқандай, бүкіл нәрсе баланың сана-сезімінде сақталады деген рас-ау. Әйтпесе, бізден кеткенде 3-ке толар-толмас жастағы кішкентайдың есінде не қалды дейсіз. «Жан-жануарды әсіресе, жылқыны жақсы көремін. Неге атқа тартатынын да білмеймін. Бірақ одан алыстағым келмейді» деген қызымыз шетелде мал шаруашылығына байланысты колледжді бітіріп, ат спортымен айналысады. Өз ортасына белгілі жеңімпаз екен. Қан жібермейді деген осы-ау. Қазақ жұрты атқа жақын емес пе?!»,  – деген ол шетелдіктердің баладан оны асырап алғанын жасырмайтынын сөз етті.

Бүгінде жұмысқа келген үш қыздың екеуі кетіп, жалғыз Оксана Гречишкино қалған. Айтуынша, кетуіне де мүмкіндік болған.

– Біздің жұмысты жалақы үшін емес, жанына жақын қабылдаған жанашырлар ғана істейді.  Әйтпесе, осы жерден кетуге  мүмкіндік болмады емес, болды. Бірақ бұл мекен – өмірімнің бір бөлшегі. Неге екенін білмеймін, бірақ балалар үйі – өзіме жақын. Мүмкін анасыз өскендігімнен болар. Өйткені анам кішкентайымда қайтыс болған. Өмірдегі орнымды таптым деп есептеймін, – дейді ол.