Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қасиетті тақтың Қазақстандағы апостолдық нунциі Джордж Панамтундилмен кездесті.
Дінаралық диалог мәселесін талқылады
888
оқылды

Онда тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту және дінаралық диалогты ілгерілету аясында серіктестікті одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев Джордж Панамтундилді еліміздегі миссиясының басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Қасиетті тақ арасында келісімге және өзара сыйластыққа негізделген ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Екі мемлекет арасындағы достық байланысты нығайтуға жоғары деңгейдегі белсенді және сенімді диалог ықпал етіп келеді.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында Ватиканға жасаған ресми сапары және Рим папасы Францискпен кездесуі екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін берді. Біз конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жолында Қасиетті тақтың Дикастериясымен тығыз және нәтижелі ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға мүдделіміз. Былтыр Қазақстан мен Ватикан арасындағы қосымша келісімді ратификациялау үшін арнайы заң қабылданды. Құжат Қазақстан Республикасы мен Қасиетті тақ арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ, мәдениетаралық және дінаралық диалогты одан әрі дамытуға ықпал етеді», – деді Палата спикері.

Кездесу барысында Сенат Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі бірлескен күш-жігердің арқасында діндер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға арналған алаңға айналғанын айтып, осы бағыттағы жұмысқа жан-жақты және дәйекті қолдау көрсеткені үшін Ватикан тарапына ризашылық білдірді.

Сонымен қатар ол рухани дипломатияны дамытудың маңызды екеніне тоқталып, Қазақстанның конфессияаралық келісім және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы бастамалары туралы айтты.

«Былтырғы қазан айында біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXI отырысын өткіздік. Соның нәтижесінде Съезді дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта қазақстандық Форумды дамытудың алдағы он жылға арналған жаңартылған бағыт-бағдары айқындалды. Бұл ретте рухани дипломатияның әлеуеті зор екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты Съездің қызметі терроризм, экстремизм, теңсіздік, кедейлік, климаттың өзгеруі сияқты қазіргі жаһандық проблемаларды шешуге ықпал ету мақсатымен дін көшбасшылары, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады», – деген Мәулен Әшімбаев бірлескен жұмыстың басым бағыттарына назар аударды.

Кездесу кезінде Джордж Панамтундил Қасиетті Тақ Қазақстанның бейбітшілік идеяларын, барлық діндердегі адамдардың игілігі үшін мәдениеттер мен діндер арасындағы тұрақты диалогты ілгерілету жолындағы бастамаларын қолдайтынын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстанмен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.