Жыл сайын 14 ақпанда Халықаралық кітап сыйлау күні аталып өтіледі.
Зерттеу нәтижесі: Қазақстандықтардың төрттен бірі ғана кітап оқиды
Фото: egemen.kz
798
оқылды

Бұл күнді атап өту идеясы кітап оқуды ынталандыру, кітап алмасу мәдениетін тарату және әдеби мұраны қолдау мақсатында туындады. Оны алғаш рет АҚШ балалар кітаптары веб-сайтының негізін қалаушы Эмми Бродмур ұсынған. Кейін оның бастамасын блогерлер, журналистер және әлеуметтік желі қолданушылары қолдап кетті. Бұл күні адамдар кітап береді, айырбастайды, кітап көрмелері мен фестивальдерге қатысады, – деп жазды Aikyn.kz

Дегенмен қазақстандықтарды кітапқұмар деп айту әлі қиын. Мәселен, Қоғамдық саясат институтының мәліметі бойынша оқылған кітаптардың саны туралы сұраққа әрбір 4-ші респондент (26,5%) соңғы бір жылда кемінде 1 кітап оқығанын айтқан. Қалғандары оқымайды, өйткені оқуға уақыттары жоқ (52%) немесе мүлде оқуды ұнатпайды (21,4%).

Оқыған респонденттер (26,5%) соңғы бір жылда орта есеппен 5 кітап оқыған. Ең көп кітап оқитын өңірлер қатарына Шығыс Қазақстан (орта есеппен 10,6 кітап), Солтүстік Қазақстан (6,95) және Ақмола (6,34) облыстары кіреді; Ең аз кітап оқығандар Шымкент (3,8 кітап), Ұлытау (3,7 кітап) және Жетісу (3,59) облыстарында болды.

Кітаптарды аға буын өкілдері көбірек оқиды (61 жас және одан жоғары, жылына орта есеппен 6,2 кітап). Әйелдер ерлерге қарағанда сәл көбірек оқиды; қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда жиірек, бірақ жалпы топтар арасындағы айырмашылық шамалы.

Әртүрлі елдер арасында оқылатын кітаптардың орташа санын салыстыра отырып, біздің елде жақсартуға мүмкіндік бар екенін көруге болады. Мысалы, Франция мен Канадада тұрғындар жылына 17 кітап оқиды, бұл Қазақстаннан орта есеппен 3,4 есе көп, АҚШ-та – 12 кітап (2,4 есе көп), Оңтүстік Кореяда – 11 кітап (2,2 есе көп).

Бұл жерде кітап өндірісінің 90 пайызы басқа елдерде басылғанын айта кеткен жөн. 2021 жылғы мәліметтер бойынша Ресейден кітап импортының көлемі 14,7 млн долларды құрады.

Оқу белсенділігінің төмен болуының тағы бір себебі – кітаптар мен кітапшалардың жалпы және орташа таралымының төмендігі.

Шыққан кітаптардың 80 пайыздан астамы – оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар. Сонымен қатар, сауда нүктелеріндегі кітап өнімдерінің құнына үстеме баға әртүрлі бағалаулар бойынша 60%-дан 100%-ға дейін.

Елдегі кітап оқу белсенділігінің төмендігі кітап оқу культін насихаттау бастамасының әлсіз жүзеге асырылуымен де түсіндіріледі. Жариялылық пен белсенділік неғұрлым көп болса, кітап оқуға назар аудару және кітап алмасу мәдениетін тарату мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Сондықтан кітап оқуды насихаттау мақсатында «КІТАП-АМАНАТ» жобасы қолға алынып, оның аясында еліміздің әр өңірінде кітап орталықтары ашылды. Оларда түрлі мәдени-танымдық шаралар, отандық авторлардың кітаптарының тұсаукесері, шығармашылық және әдеби кездесулер өтті.

Айта кетейік, "Соңғы бір жылда қанша кітап оқыдыңыз?" деп аталатын зерттеу 2023 жылдың қараша айының соңы – желтоқсан айының ортасында жүргізілді. Сауалнамаға 18 жастан асқан 8 000 қазақстандық қатысты. Сауалнама ұлттық репрезентативті іріктеу бойынша жүргізілді. Таңдау қатесі ±1,19% аспайды.