Нұр-Сұлтанда журналистерге арналған «Жаңа БАҚ» атты модульдік оқыту басталды
Нұр-Сұлтанда журналистерге арналған «Жаңа БАҚ» атты модульдік оқыту басталды
Фото: Интернеттен алынды
231
оқылды
Елордада Қазақстан журналистеріне арналған «Жаңа БАҚ» атты модульдік оқыту басталды, ­– деп хабарлады «Қазақпарат». Модульдік оқыту Tika Turkey, «Қазақпарат» АҚ және «Медиа дамыту қорының» бірлескен жобасы. Аталмыш шара «Қазақпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығын атап өту аясында өткізілуде. Бес күн бойы Tika Turkey өкілдері әлеуметтік желілермен жұмыс дағдыларымен бөлісіп, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтар экономикасы туралы баяндайды. Шараны TRT Istanbul Radiosu цифрлық медиада контентті басқару маманы Хале Айдомуш жүргізеді. Оқыту кезінде журналистер үшін әлеуметтік желілер, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтар экономикасы, цифрлық медиаұсыныстар тақырыптары ортаға салынады. Оқыту түрік тілінде жүргізіліп, қазақ тіліне аударылады. Шара соңында әрбір қатысушыға арнайы сертификат табысталады. Оқытуға Qazaqstan және «Хабар» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы», «Азаттық рухы» және «Қазконтент» АҚ-тың тілшілері қатысады. Бұл жоба – журналистердің теориялық және практикалық білімін арттырудың жақсы мүмкіндігі. Tika Turkey – ынтымақтастық және үйлестіру бойынша қызмет етіп, түрлі іс-шаралар: біліктілікті арттыру курстарын, тренинг, семинарлар өткізетін, басқа салаларда да көмек көрсететін түрік агенттігі. Оның негізгі мақсаты – түркі елдерінің арасында экономикалық, сауда, техникалық, әлеуметтік, мәдени және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту.