Адам факторынан болған апаттар миллиондаған доллар шығын алып келеді.
Тұтас мемлекеттің аумағында 10 сағатқа интернет өшіп қалса не болады?
Көрші елдің интернетін күрекпен үзіп тастаған (видео)
Интернет жоқ... Фото zdnet.com сайтынан алынды
2,309
оқылды

Қаңтардың соңғы күндерінде болған бүкіл Ресейдің аумағындағы интернеттегі ақаулықтардың салдарын vedomosti.ru басылымы жариялады. Aikyn.kz осы басылымға сілтеме жасай отырып ғаламдық желідегі апаттардың салдарын талдайды.

Фото techerati.com сайтынан алынды

2024 жылдың 30 қаңтарында рунеттегі ауқымды ақаулықтың себебі DNS серверлерінде деректерді растау механизмін жүзеге асыратын бағдарламалық құралдың дұрыс жұмыс істемеуі болған. Сарапшылар бұл оқыс оқиғаны егжей-тегжейлі зерттесе, Ресейдің Цифрлық даму министрлігі апатқа қатысты тергеу жүргізуде.

Рунет техникалық ақаудың салдарынан 3 сағаттан астам уақытқа жұмыс істемей қалған. Ресейліктер веб-сайттарға және кейбір банктік қосымшаларға, атап айтқанда Sberbank Online және Tinkoff-қа кіре алмаған. Қиындықтар негізінен мобильді интернетті пайдаланатындар арасында байқалды. 

Ведомости өзінің материалында бұған дейін әлем елдерінде тіркелген ғаламдық желідегі апаттарға шолу жасады. Көбінесе олар кибершабуылдардан емес, адами факторлар мен таңғажайып жағдайлардан да туындайды.

Фото ispreview.co.uk сайтынан алынды

Идолдың DDoS шабуылы

2009 жылы 25 маусымда америкалық жұлдыз Майкл Джексон 50 жасында пропофолдан уланудан қайтыс болды. Поп-идолдың өлімі туралы Лос-Анджелестегі жаңалықтар сайты TMZ дереу хабарлады, ал сәлден кейін The Los Angeles Times бұл ақпаратты растады.

Жаңалық желіде тез тарады. Мыңдаған пайдаланушы бұл қайғылы оқиға туралы тез арада білуге тырысты. Шамадан тыс қаралуға байланысты веб-сайттардың жұмысы баяулап, тіпті істен шығуына себеп болды.

Google да миллиондаған сұраулар жасалған кезде оның іздеу жүйесі DDoS шабуылына ұшыраған деп ойлап, Джексонға қатысты сұрауларды 30 минутқа бұғаттаған. Twitter мен Wikipedia да бұзылып, AOL Instant Messenger 40 минутқа жұмысын тоқтатты.

Иллюстрация kaspersky.com сайтынан алынды

Көршілердің интернетін күрекпен үзіп тоқтатқан

2011 жылдың сәуірінде 75 жастағы грузин әйел Тбилиси маңында түсті металдар сату үшін мыс қазып жатып, абайсызда жерасты кабелін үзіп тастайды. Әйел күрекпен Арменияға баратын интернет желісін үзіп тастағанын кейін білген.

Бүкіл Арменияда интернет өшіп қалды. Грузия арқылы өтетін кабель желісі Армениядағы интернеттің 90%-ын қамтамасыз еткендіктен, кемпірдің қиянатының салдары ауыр болған.

3,2 миллион халқы бар елдің интернет пайдаланушылары елдің негізгі интернет-провайдерлері – Armentel, FiberNet Communication және GNC-Alfa қызметтері 5 сағат бойы жұмыс істемеген. Бұл оқиғадан Грузияның өзі мен Әзербайжанның кейбір аудандары да зардап шеккен.

Фото freepik.com сайтынан алынды

Ассанж үшін кек

2016 жылдың қазан айында көптеген америкалық пайдаланушылар үшін негізгі интернет-платформалар 24 сағат бойы қолжетімсіз болды. Домендік атаулар жүйесі (DNS) провайдері Dyn соққыға ұшырады. Үзіліс Spotify, Twitter және The New York Times сияқты ірі сайттарды өшірді.

DDoS шабуылы Mirai зиянды бағдарламасы жұқтырылған принтерлер, IP камералар, үй шлюздері және нәресте мониторлары сияқты интернетке қосылған көптеген құрылғылардан тұратын ботнет арқылы жүзеге асырылғаны кейін белгілі болды. Mirai – желілік құрылғыларды қашықтан басқарылатын боттарға айналдыруға арналған зиянды вирустық бағдарлама.

Кейбір шабуылдаушылардың айтуынша, бұл Wikileaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың тұтқындалуына байланысты жасалған қастандық болған.

performancenetworks.co.uk сайтынан алынды

Америкалық интригалар

2017 жылдың қазан айында Солтүстік Кореяның автономдық ұлттық интернет жүйесі АҚШ-тың кибершабуылынан кейін шамамен 10 сағатқа толығымен жабылды. Солтүстік Кореяда өзінің квази-интернеті жұмыс істейді – мемлекеттің қатаң бақылауына алынған веб-сайттары бар жергілікті интранет. Желіге кіруді Қытайдың China Unicom телекоммуникациялық компаниясы арқылы бағыттайтын мемлекеттік Star Joint Ventures басқарады.

Қате оңтайландыру

2019 жылдың маусым айында америкалық интернеттің көптеген бөліктері үш сағатқа өшіп қалды. Танымал ISP Verizon шағын интернет провайдерінен қате желі конфигурациясын қабылдап, оны IP пакеттерге қателесіп жіберіп қояды.

Бүкіл ғаламшардағы жүйелер автоматты түрде жаңартылып, Facebook, Amazon, Cloudflare және т.б. үшін арналған қосылымдар басқа адрестерге қайта бағытталды.

Нәтижесінде, сұраулар жүктемеге төтеп бере алмаған DQE және Allegheny аймақтық интернет-провайдерлері арқылы өтті. Интернет-инженерлер бұл апаттың орын алуына кінәлі деп DQE қосылымды жақсарту үшін Noction компаниясы жасаған BGP оңтайландыратын автоматтандырылған желілік бағдарламалық құралын айыптады.

Фото kristv.com сайтынан алынды. Авторлығы: MGN

Google-дың нашар жылы

Google қызметтері үшін 2020 жыл әсіресе проблемалы болды. 20 тамызда пайдаланушылар алты сағат бойы Gmail-ге кіре алмады немесе Google Drive-қа файлдарды тасымалдай алмады.

11 қарашада YouTube пен Google Play істен шықты.

Ал 14 желтоқсанда ғаламдық үзіліс тіркелгілердегі ақауларға байланысты Google қызметтерінің көпшілігі жұмыс істемеді. Сол кезде Google бұл мәселені пайдаланушының жеке басын куәландыратын орталық басқару жүйесінің сыйымдылығының кездейсоқ нашарлауы деп анықтады. 

Иллюстрация lasexta.com сайтынан алынды

7 миллиард долларлық жабылу

2021 жылдың қазан айында Facebook әлеуметтік желісі, сондай-ақ оның еншілес компаниялары Instagram және WhatsApp 7 сағат бойы өшіп қалды. Техникалық қызмет көрсету кезінде жаһандық магистральды желінің сыйымдылығын бағалау пәрмені іске қосылды және бұл пәрмен кездейсоқ Facebook-тің барлық деректер орталықтарын желіден шығарып жіберді.

Бұл кезде көптеген пайдаланушылар Twitter, Signal және Telegram-ға ауысты, салдарынан бұл серверлер мен осы сайттардың жұмыстары да тоқтап қалды. 

Facebook-тің бірде-бір қызметкері «кілт карталары жұмыс істемей тұрғандықтан» мәселені зерттеу үшін ғимаратқа кіре алмаған. Тоқтау 2,85 миллиард пайдаланушыға әсер етті және компанияның негізгі иесі Марк Цукербергке 7 миллиард доллар шығын әкелді.

Сенімді түрде сәтсіздікке ұшырады

2022 жылдың шілдесінде канадалық байланыс операторы Rogers Communications 12 миллионнан астам кабельдік және ұялы байланыс тұтынушыларына әсер еткен 15 сағаттық үлкен іркіліске ұшырады. Оның себебі маршрутизаторлардың дұрыс жұмыс істемеуіне себеп болған техникалық жаңартуға байланысты болған.

Ұқсас ақау 2021 жылдың сәуірінде болды, ол бағдарламалық құралды жаңартумен байланысты. Бұл оқиға Канадада барлық телекоммуникация провайдерлерінен желі істен шыққан жағдайда бір-біріне өзара көмек көрсетуді талап ететін жаңа мемлекеттік саясатты енгізуге түрткі болды.

Интернетсіз континент

2023 жылдың қарашасында Аустралияның екінші ірі сымсыз байланыс операторы Optus-тың пайдаланушылары байланыссыз қалды. Шамадан тыс жүктемеден қорғау үшін бірнеше маршрутизаторды өшіру интернет пен байланыс проблемаларына әкелді.

Үзіліс 12 сағатқа созылды және ауруханаларға, банктерге, теміржол қызметтеріне, төлем жүйелеріне және шұғыл қоңырауларға әсер етті, бұл 400 000 кәсіпорын мен 10 миллион адамның жұмысын тоқтатты. Көптеген кәсіпорындар күні бойы жабылып, үлкен шығынға ұшырады. Optus өзі 2 миллиард аустралиялық доллар жоғалтты. Аустралия сенаты ақауға қатысты қоғамдық тергеу жүргізетінін хабарлады.

Ғаламдық интернетті бір күнге өшіру 43 миллиард доллар шығынға әкелуі мүмкін екенін Atlas VPN консалтингтік компаниясы есептеп шығарған. Осылайша, ғаламдық желіні бір ғана қате басылған түймешікпен тоқтатып, орасан зор экономикалық зиян келтіруге болатыны анықталды. Мұндай ақаулар мен технологиялық апаттардың қайталанбайтынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Тек қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтарды орындап, әрбір цифрлық таңбаға мұқият болу керек.