Қазақстан – донорға жарымаған ел. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, донорлық қанға деген қажеттіліктің жоғары дәрежесіне қарамастан, республикада донорлық белсенділік деңгейі 1 000 адамға шаққанда 13-14 адамнан аспай тұр.
Донор ақысы дөнер құнынан арзан
910
оқылды

Салыстырар болсақ, АҚШ-та мың тұрғынға орта есеппен – 60, Еуроодақ елдерінде 40 донордан келеді. Салдарынан, жазатайым жағдай, төтенше оқиға бола қалса, біздің дәрігерлер сырқаттардың туған-туысынан, қоғамнан қан тапсыратын адамдарды іздеп табуды сұрауға мәжбүр.

Жүдеген донор жайын кім ойлайды?

Елде жыл сайын шамамен 400 мың қан құю процедурасы өт­кі­зіледі. Бұл үшін 200 мыңнан астам адам қан тапсыруы керек. Ақ халаттылардың азаматтардан до­нор болуды үнемі өтінуінің бір се­бебі де осы. Әйткенмен, үш және одан көп рет қанын берген 18 мың­дай адам ғана тіркеліпті. Оның ішін­де «Құрметті донор» атағына небәрі 100 қазақстандық ие. Яғни, олар 40 реттен артық қан тап­сырған. 

Донорлар санының азайып кетуінің себебін Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшы­лары атады. 

Біріншіден, бұрынғы кездері елімізде «Құрметті донор» атағы бо­латын. Ол азаматтарға тиісті төс­белгісі, материалдық жеңіл­дік­тер мен преференциялары беріле­тін. Қоғамдық көлікте тегін жүре­­тін. Олардың мәртебесі де заң жүзінде бекітілді. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген елде сақ­­­талған бұл атақ бүгінде Қа­зақстанда жойылды. Осылайша, іс жүзінде билік үшін енді до­норлар – құр­­­метті тұлға санал­май­ды. Донор­лардың әлеу­­­меттік мәр­тебесі бел­гісіз.

Екіншіден, сала мамандарының аттай қалап сұрауымен донорларды «Денсаулық сақтауды дамытуға қос­­­­­қан үлесі үшін» төсбелгісімен мара­­­пат­­­­тауға рұқсат етілді. Бірақ бұл тетік те жұмыс істемейтін көрі­неді. Өйт­­­­кені министрлік сарап­шыларының түсіндіруінше, бұл мем­­лекеттік наг­­раданы алу үшін донорларға ден­­­­саулық сақтау қыз­меткерлерімен бә­секелесуге тура келеді. 

Қазақстанда тек мемлекеттік медұйымдарда 277 306 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 79 мыңнан астамы – дәрі­гер, қалған 198 мыңы – орта меди­цина персоналы. Ендеше ауыз­екі тілде айтқанда, бұл салада «конкурс үлкен»: аталған 1 төс­белгіге бір­неше ақ халатты таласады. 

Ал «Денсаулық сақтауды дамы­туға қосқан үлесі үшін» марапа­тының саны тым шектеулі, сал­­дарынан онысы донор түгіл, ден­саулық сақтауды дамытуға сүбе­лі үлес қосып жатқан кәсіби ма­ман­дарға тимей қалады. Аты бар, заты тапшы марапат. Сөйтіп, бойында бұлқына аққан асыл қа­нын өзге­­­лерге сыйлаған қарапайым аза­­­маттар құрмет-қошеметтен кө­біне қалыс қалады. 

Үшіншіден, Қазақстанда қан донорларына берілетін өтемақы өте төмен: 0,25 АЕК-ті немесе 2024 жы­лы бар-жоғы 923 теңгені құ­­райды. Бұл сомаға мейрамхана, дәмхана түгіл, асханада да түстене алмайсыз. Еріктілердің бірі айт­қан­дай, «донор құны дөнер құны­нан арзан болып тұр».

Бұл ретте Қазақ тамақтану ака­демиясының ұсынымдарына сәй­кес, донорлар қан тапсырған күні азық-түлік жиынтығының жалпы қуаты 4 790 ккал болатын тамақ ра­ционын алуы тиіс. Азық-түлік бағасын зерделеу кезінде алынған деректер бойынша осынша кило­калорийге қол жеткізу үшін кем дегенде 5 мың теңгеге тамақтанған жөн. 

Өз қалтасынан ақшасын шы­ғындамай, мемлекеттің берген тиын-тебеніне ғана тамақтанса, қа­зақстандық донор – әлемдегі ең арығы, жүдеп-жадағаны болар еді.

Әлемдік үлгінің ұлағаты қандай?

Озық елдер қан тапсыратын адамдарын алақанға салып аялап, ардақтап, сақтайды. Оларда ерікті донорлықты қажетті деңгейде ұс­тау және дамыту үшін заң жүзінде донорларға арналған қаржылық және басқалай көтермелеудің көп­­теген шарасы қарастырылған.

Мысалы, Германия мен Аус­трия­да өтеусіз қан донорларының көлік және басқа шығыны өтеледі, олардың қолына 25-тен 50 еуроға дейін ұстатылады. Чехияда до­нор­лар үшін салық жеңілдіктері ұсы­нылады, донация үшін 10 еу­­­­­ро алады, бірақ жылына 70 еуродан аспауы керек. Фран­­­цияда, Шве­цияда, Венгрияда көлік шы­ғындары өтеледі.

Басқаны айтпағанда, көрші Ресейде, соның ішінде Мәскеуде бір рет қан тапсырғандарға – 2 381 рубль (13 мың теңгедей), плазма тапсырғандарға – 4 464 рубль (шамамен 24,5 мың теңге), тромбоцит тапсырған­­дарға – 10 416 рубль (57 мың тең­гедей) төленеді. Бұл соғыс қажетті­лікте­рімен түсіндіріледі.

Америка бәрінен асып түсті. Bloomberg-тің жазуынша, онда қан плазмасын жинау көлемі соңғы онжылдықта екі еседен астамға өсіп шыға келді. Нәтижесінде, Құ­рама Штаттар адам өмірін сақтай­тын бұл медициналық өнімді жет­кізу жөнінен алдыңғы орынға шықты. 

Дүниежүзінде эпидемиялар, төтенше жағдайлар, табиғи, тех­ногенді апаттар, соғыстар және қарулы шабуылдар санының күрт өсуі құйылатын қанға, плазма не­гізіндегі медикаменттерге деген сұранысты күрт арттырды. Бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін Америкада Grifols сияқты компа­ниялар қан плазмасын бір рет тапсырғандарға 70 доллардан төлеуге дейін баруда. 

Еуропалық Grifols АҚШ-тың 32 штатында қан жинау бекеттерін ашты: олар тіпті сауда орталық­­­тарында орналасқан. Жалақысы төмен жұмысшылар, несиесін төлеуден қиналған тұрғындар, қал­та ақшасы өміріне, ойын-сауығына да жетпейтін студенттер және бас­қасы – осындай пункттердің тұ­рақты клиенті саналады.

Қан тапсырғанға қарағанда, сұйық плазма тапсыру адам ағза­сын сонша қатты аздырмайтын көрінеді, сондықтан сау амери­­ка­лықтар немесе мигранттар плаз­­маны екі аптада бір рет тапсыра бе­ретін көрінеді. Әр жолы 70 дол­­лардан алу олар үшін табыстың бір қайнарына айналған.

Бұлардың аясында Қазақ­­стан­ның донорларға 923 теңгеден беруі мазаққа көбірек ұқсайды. 

Қанның құнын қаржыгер түсінбейді

Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі кезеңде донорларға бері­летін өтемақының тым аздығын және олардың әлеуметтік мәрте­бе­сінің анықталмауын «күрделі мәселе» деп атады. Салдарынан, қан тапсыратын өтеусіз донор­лардың ағыны сұйылып барады. 

Сондықтан министрліктің бай­ламынша, «донорларды қан тап­сыруға ынталандырудың ма­ңызды нысандарының бірі – ақшалай өте­мақыны көтеру». 

Осы орайда Денсаулық сақтау ми­нистрлігі «Қан мен оның компо­ненттерін донациялауды өтеулі н­е­гізде орындайтын донорларға төленетін төлемдердің қағида­ла­рын, өлшемшарттарын және мөлшерін, сондай-ақ қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзе­ге асырған донорға берілетін тегін тамақтың ақшалай баламасының мөлшерін бекіту туралы» Денсау­лық сақтау министрінің 2020 жыл­ғы 25 қыркүйектегі №ҚР ДСМ-111/2020 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» жаңа бұйрық жобасын әзірледі. 

Оған жаңа министр Ақмарал Әлназарова қол қойса, қан тапсы­рушыларға берілетін ақша­лай төлемақы көлемі қазіргі 0,25 АЕК-тен 1,25 АЕК-ке көтеріледі. Бұл со­ма биыл 4 615 теңгеге теңеледі. 

«Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеу­сіз негізде жүзеге асырған до­норға берілетін тегін тамақтың ақ­­шалай баламасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1,25 мөл­шерін құрайды», – делінген жаңа бұйрық жобасында.

Денсаулық сақтау министр­лігінің дәйектеуінше, төлем көле­мін көтеру арқылы біріншіден, «мемлекет азаматтардың қан до­норлығы миссиясының аса маңыз­дылығын атап көрсетеді». Екін­ші­ден, осы арқылы қан тапсырудан кейін донордың күш-қуатын қал­пына келтіруге көмектеседі. До­нор­­­­лардың денсаулығын қор­ғайды. 

Үшіншіден, бұл сома жол шы­­ғынын, ең құрыса автобус билетінің құнын төлеуге жарайды. Әйтпесе, Қан орталықтары көбіне қала сыр­­тына қарай орналасады, содан қал­­тасы қалың емес тұрғындардың оған жетуге көлігі болмауы немесе таксиге қаражат таппауы мүмкін. 

Жасыратыны жоқ, донорларға берілетін өтемақыны бұрынғы ми­нистр Ажар Ғинияттың командасы да көтеруге талпынды. Төлемді 2022 жылдан бастап, 1,5 АЕК-ке де­йін жоғарылатуды қарастыратын бұйрық жобасын қоғамдық талқы­­лауға шығарды. Бірақ бұған сол кезде Үкіметтің экономика мен бюд­жетке жауапты блогы қосымша қаржы бөлуден бас тартып, идея іске аспай қалыпты. 

Бұл жолғы бастаманың да со­ның кебін құшуы ықтимал еке­нін жоқ­қа шығаруға болмайды. Алай­да бү­гінде министрліктерге өзіне бе­рілген бюджетті өз саласының ішін­­­де қалауынша қайта бөлуге мүмкіндік пен құқық ұсынылған. Олай болса, Әлназарованың ко­ман­­дасы шын ниет танытса, до­норлардың демеуқаржысын 0,25 цемес, 2 АЕК-ке дейін көтере алар еді. 

Мұның ізгі өнегесі табылды: Ақ­мола облыстық мәслихаты «До­норларға қосымша көтермелеу беру туралы» 2020 жылғы 21 ма­мырдағы №6С-43-6 шешіміне өзгеріс енгізіп жатыр. Оған сәйкес, ақмолалық донорларға биыл жер­гілікті бюджеттен төленетін қо­­сым­ша ынталандыру ақысы 2 АЕК-ке немесе 7 384 теңгеге де­йін өсіріледі деп жоспарланған. Өз­­ге өңірлер Ақмола облысының ұлағатты үлгісін қабылдаса, жөн.

Сарапшылар Үкіметтің шетел­­дегі сияқты донорларға арналған «тамақтың ақшалай баламасын» тым қатты жоғарылатуға бармай­тынын алға тартады: өйткені бұл жағдайда тұрмысы төмен қазақ­­­стандықтар қан тапсыруды табыс көзіне айналдырады деп қауіп­тенеді.

– Қанын мемлекетке сататын «кадрлық донорлардыкіне» қара­ғанда, ақысыз-пұлсыз тапсыратын адамдардың қаны инфекциялық тұр­ғыдан алғанда анағұрлым қауіп­сіз саналады. Себебі ақысыз, тегін донорларды бұл іске тек қана ізгі­­­лікті, гуманистік идеялар жете­лей­ді. Ал материалдық мүдделі до­­­нор­лар табыс табу үшін өз ден­сау­лығының жағдайына қатысты теріс ақпаратты жасырып қалуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесіне сай, ерікті, те­гін донорлық барынша қауіпсіз саналады. Сондықтан әзірге Қа­­зақ­­­­­­­­станда қан мен оның компо­ненттерін донациялау үшін өтем­­ақы мөлшері төмен бекітілген жә­­­­не 0,25 АЕК-ті құрайды. Бұл 2023 жылы – 862,5 теңгеге, 2024 жылы 923 теңгеге тең, – деп тү­­­сін­дірді Денсауминнің Респуб­­ли­­калық қан орталығы мамандары.

Қорыта айтқанда, донорлардың басын министрліктердің әрлі-бер­лі допша тепкілегені жарамас. Олар­ға ақшалай, басқалай көтер­мелеуді, марапаттарын қай­таратын кез жетті. Жаһан әлемтапырық бо­лып, аласапыран заман күшей­­­­­­ген шақта ұлттық қауіпсіз­діктің бұл қырын да алдын ала қарастырып, қамдап қойған жөн-ақ.

Айхан ШӘРІП