Қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау бойынша шаралар жалғасып жатыр.
Ақтөбе облысында есірткі сатушылардан ірі көлемде марихуана тәркіленді
Фото: polisia.kz
618
оқылды

Ақтөбе облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері оңтүстік аймақтан есірткі жеткізу арнасының жолын кесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Ақтөбеде қала тұрғыны тізгіндеген Toyota Alphard автокөлігі тоқтатылды. Көлікті тінту кезінде жүксалғышта өсімдік тектес, жасыл түсті, ерекше иісі бар зат салынған және скотчпен оралған алты полимерлі қап табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат салмағы 57,5 келі марихуана екені анықталды, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Кейінірек жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тағы бір күдікті ұсталды. Оның гаражынан өсімдік тектес заттар бар екі үлкен қара пакет табылып, тәркіленді. Тәркіленген зат салмағы 20 келі болатын марихуана болып шықты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес екінші күдікті ұсталған сәтінде есірткіге масаң күйде болған. Жалпы салмағы 77 келіден асатын бұл есірткілерді аталған адамдар өңірге жеткізіп, кейіннен сату мақсатында сақтаған.

– Қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау бойынша шаралар жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалған осы қылмыс үшін ұсталғандарға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді, – деді Бақытжан Әмірханов.