Тінту кезінде 12 келіден астам мефедрон және 17 келіден астам прекурсор тәркіленді.
Есірткі өндірумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Видеодан скриншот
771
оқылды

ІІМ трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолға қойылған синтетикалық есірткі өндіру және тарату арнасының жолын кесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны, оған басшылық жасағаны және қатысқаны үшін шетелдік үш азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыстық топтың мүшелері Ақмола облысы Ерейментау қаласының шетінде орналасқан, ұйымдастырушы сатып алған жеке үйде құрықталды. Онда күдіктілер психотроптық заттарды дайындап, сақтаған.

«Топ мүшелерінің арасында рөлдер мен міндеттер нақты өзара айқындалған. Есірткі зертханасында салқындату, желдету жүйелері, сондай-ақ синтетика өндіру үшін арнайы жабдықтар болған. Есірткі жасырын түрде, қатаң құпиямен дайындалған.

Күдіктілер көршілерде күдік тумас үшін үйден тек қажет болғанда ғана шығып, үйдің периметрі бойынша ұйымдастырушының Wi-Fi желісіне шығатын бейнебақылау камераларын орнатқан.

Сонымен қатар есірткі әзірлеуге арналған шикізаттар мен дайын өнімді сақтайтын гараж және автокөлік сатып алынған.

Бұл мүліктердің барлығы көлеңкелі схемамен төленіп, шетелдік сатып алушының атына тіркелмеген», – деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Шыңғыс Алекешев.

Тінту кезінде 12 келіден астам мефедрон және 17 келіден астам прекурсор тәркіленді.