Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының өкілі Құдайберген Бексұлтанов Мәжіліс отырысында азаматтардың шағымын оқып, олар табысының 30 пайызын коммуналдық қызметке төлейтінін қозғады.
Депутат табыстың 30 пайызы коммуналдық қызметке жұмсалатынын айтты
freepik.com
1,339
оқылды

Оның айтуынша, ел тұрғындарының басым бөлігі коммуналдық қызмет ақысын төлеуге көп қаражат жұмсаймыз деп шағынданған. Бұл, әсіресе, жылыту маусымында өткір сезіледі. Табысы төмен азаматтар, атап айқанда, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер көмек сұрауда.

Зейнеткердің хатын оқып берейін. «Зейнеткермін, ең төменгі зейнетақы ретінде 56 мың теңге аламын. Қарапайым арифметика бойынша табысымның 30 пайызын коммуналдық қызметке төлеймін. Енді қалған 40 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады? Дәріге жеткізейін бе, әлде, бағасы аспандап тұрған азық-түлікке ме? Құрметпен, Генадий Александрович». Міне, уақытында әлеуметтік қолдау көрсетілмейтін аймақтардағы нақты жағдай осындай», – деді депутат.

Азаматтардың бұл санаты коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін жүйелі негізде мемлекеттен «тұрғын үй көмегін» алады. Алайда, тұрғын үй көмегін тағайындаудың жаңа қағидаларының күшіне енуіне байланысты министрлік аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін өзгертті. Оның салдары мынадай:

«Жаңа ережелерге сай төлем алушы өткен тоқсанда тұрғын үй көмегін тағайындау үшін шотын ұсынады. Яғни, отбасы алдымен шығынды өтеуі тиіс. Содан кейін ғана тұрғын үй көмегін әр тоқсанда өтініш берушінің шотын көрсету арқылы ала алады. Салдарынан тұрғын үй көмегін алушылар коммуналдық қызметті уақытылы төлей алмайды, өсімпұл төлеуге міндеттеледі»,  деді депутат.

Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, бір ғана Қарағандының өзінде мұндай төлемді алушылардың саны шексіз көп.

Осы ережені дайындаған шенеунік не ойлағаны түсініксіз. Тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың негізгі санаты – зейнеткерлер. Олардың «қызметті уақытылы төлей алмаймын» деп алаңдайтын егде жастағы адамдар екенін ескеру қажет. Бұл көмекті алар кезде мынадай қиындықтар бар:

 - көмектің осы түрін тағайындауға өтініш берген кезде тетік күрделене түседі, салдарынан бас тартуға не қайта өтініш беруге тура келеді. Мысалы, егер отбасында екі зейнеткер болса, тағайындауға өтініш берген кезде отбасының басқа мүшесі ЭЦҚ көмегімен өтінішке келісуге тиіс. Бұл талап артық;

- тұрғын үй көмегін тағайындау жөніндегі уәкілетті орган үшін қажеттілікті, есептерді қалыптастыру көзделмеген және төлеу үшін функция жоқ, – дейді ол.