Биатлоншыларымыз әлем чемпионатында 10-орыннан табылып, тарихи нәтиже тіркеді. Яғни, біздің спортшылар бірінші рет алдыңғы ондыққа кіріп отыр. Биатлон бойынша дүниежүзілік дода Чехияның Нове-Место қаласында өтті.
Ұлттық құрама – алдыңғы ондықта
790
оқылды

Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы эстафета бойынша сәтті өнер көрсетті. Бұл сында Александр Мухин, Владислав Киреев, Асет Дюсенов және Никита Акимов төрттігі ел намысын қорғаған болатын. Әсіресе, жарыс алаңына алғаш болып шыққан Алек­сандр Мухин барлық нысанаға дәл тигізіп, үздік үштіктің қатарына қосылды. Қалған жігіттер осы қарқынды жоғалтпауға тыры­сып, барын салды. Осылайша, қазақстандық команда жарысты 1 сағат 16 минут 22 секундпен аяқтады. 

Алтын жүлде Швеция құрамасына бұ­йыр­ды. Екінші орын үшін талас аса тартысты өтті және нәтижесінде Норвегия командасы күміске қол жеткізді. Ал Фран­циядан келген биатлоншылар үздік үштікті түйіндеді. 

– Мен жарыс алаңына екінші болып шық­тым. Барлық мүмкіндігімді сәтті пай­даланып, мәреге 4-болып жеттім. Айта кету керек, мұнда ауа райы өте жылы. Сәйкесінше, қар кәдімгідей еріп, салмағы ауырлай түсті. Мұның барлығы бізге кедергі жасайтыны анық. Осы тұрғыда командадағы шаңғыны май­лап отыратын мамандардың еңбегін ерекше атап өтіп, оларға алғыс айтқым ке­леді, – дейді Ұлттық құрама мүшесі Влади­слав Киреев.