Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін сапасы жақсы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу керегін айтқан болатын.
Жол жақсарса, мүмкіндік кеңейеді
633
оқылды

Бүгінде Түркістан облысында атал­­ған көрсеткішке жету үшін қарқынды жұмыс жүріліп келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыстық маңызы бар жолдардың құрылыс барысын өзі аралап, мер­­­дігерлердің жұмысын тұрақты бақылауға алған.

Сапасыз жол Сапасыз жол бұзылып, қайта салынды

Жаңадан құрылған облыс орталығында көлік инфра­­құ­ры­­­лымын дамыту жұмыстары қай­­­­­та бекітілген Түркістан облы­сын әлеуметтік-экономикалық да­мытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында жүріліп келеді. Былтыр жалпы 676 нысан, яғни 1586,4 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Жыл қоры­­­тындысында 632 нысан немесе 1282,8 шақырым жол пайдалануға берілді. Оның ішін­де 326,1 шақырымы жалпы пайдаланымдағы облыстық және аудандық маңызы бар жол болып саналады. Былтырғы жыл­дың қорытындысымен сапаны қамтамасыз ету бағытында мерді­­гер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ге жуық ескерту хат жолданып, 13 ны­сан бойынша 7 мердігер, 1 тех­­­никалық қадағалаушы және 5 жобалаушы мекемеге 24,3 мың теңгеге айыппұл жазылған. Сонымен қатар сапасыз салынған 81 190 шаршы метр жол жамылғысы бұзылып, қайта салыныпты.

Түркістан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында өңірде жалпы 3 102 жол белгісі орнатылғанын айтады. 4 550 жаяу жүргіншілер жолағы, 3 053 шақырымға жол таңбалары сызылған. Жаяу жүр­­гін­шілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық маңызы бар жолдарда 54 «Сергек» камерасы, 37 жерге жа­санды жол кедергісі орнатылған.

Қандай критерийлер маңызды? 

Жөндеуді қажет ететін жолдар мен көшелер бірқатар критерийге сәйкес анықталады. Атап айтсақ, жолдарға инженерлік желілер (электр желісі, газ, ауызсу, кәріз жү­йесі) толық жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге көлік ағыны, халық саны бойынша басымдылығы, елді мекендерді қамтуы, әлеуметтік нысандардың болуы міндетті. Одан бөлек, тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар да әсер етеді. Туристік нысандарға баратын жолдар мен көшелерге де басымдық беріледі. 

Түркістан облысының әкі­­­мі Дархан Амангелдіұлы аудан, қалаларды аралау кезінде тұрғындар тарапынан көлік инфра­­­құрылымына қатысты бірқатар мәселе көтерілген болатын. Бүгінде аталған мәселелер шешімін тауып келеді. Соның ішінде, Бәйді­­бек ауданы тұрғындарымен кездесу барысында ауыл азаматта­ры Таңа­­­тар елді мекеніндегі 3,4 ша­­қырымдық облыстық маңызы бар жолды жөндеуден өткізіп беруін сұраған болатын. Нәтижесінде, басқарма тарапынан аталған жол 2023 жылдың маусым айын­да жөндеуден өткізіліп, халық игі­­лігіне берілді. Одан бөлек, Мақтаарал ауданындағы облыстық маңызы бар жолдың бойындағы авариялық жағдайдағы көпір күр­делі жөндеуден өткізілді. Соны­мен қатар биыл Сарыағаш ауда­нындағы облыстық маңызы бар жолдың бойындағы су өткізгіш құбырды орташа жөндеуден өткізу және Сай­рам ауданындағы облыстық маңызы бар жолдың бойын жа­рықтандыру жоспарланған. Бү­гінде, мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілуде. 

Экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға жол ашады

Түркістан облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыс үшін аса маңызды жобалар жүзеге асқан. 

«Былтыр іске асқан және іске асы­рылып жатқан аса маңызды нысандардың бірқатарын атап өтер болсақ, «Түркістан–Шәуілдір» ба­ғытындағы ұзындығы 64,1 ша­­қы­­­­рымды құрайтын жолдың 52,7 ша­­­­­­қырымында қайта құру жұ­мыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ Түркістан қаласының әуе­­­жайы мен Кентау қаласын қосатын 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары жүргізіліп, былтыр қыркүйек айында пайда­­­ла­­­ну­ға берілді. Төлеби ауданы мен Қазығұрт ауданын қосатын об­­лыстық маңызы бар жолдың 14,6 ша­қырымдық бөлігі орташа жөндеуден өткізіліп, пайдалануға тапсырылды», – дейді басқарма басшысы. 

Бүгінде Шымкент қаласының шекарасынан басталып, Зертас, Қасқасу, Диханкөл елді мекен­­­­дерінен өтетін және «Тау самалы» демалыс аймағына баратын жол­­­­дың жөндеу жұмыстары жал­­ғасуда. Сауран ауданының Қар­­­нақ, Ойық, Шоқтас ауылдарын облыс орталығы Түркістан қа­ласымен қо­сатын және Шорнақ, Майдан­тал елді мекендерінен «Ба­тыс Еу­ропа – Батыс Қытай» көлік дә­лізіне шығатын жалпы ұзын­ды­ғы 76,0 шақырым облыстық ма­ңы­зы бар жолдар жөндеу жұмыс­тарымен қамтылып, 2023 жылдың қорытындысында толық пайдала­нуға берілген. Сонымен қатар Түл­кібас ауданының Машат, Ын­ты­мақ, Азаттық, Шұқырбұлақ, Май­­төбе бағытындағы 32,7 ша­­­­қы­­­­­­рымды құрайтын жолдарға ор­­­­­­та­­ша жөндеу жұмыстары атқа­­­рылып, пай­далануға тапсырылған. 

Жамбыл облысы мен Түркістан облысын байланыстыратын, Созақ ауданының елді мекендерін аудан және облыс орталығына қо­сатын 152 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары іске асырылып, 63 ша­­­қырымы жөнделген. Сонымен қатар Қазығұрт ауданындағы Жаңа­­базар, Көкібел, Жігерген елді мекендерін жалғайтын 17,9 шақы­рым жолда орташа жөндеу жұмыс­тары жалғасуда. Сарыағаш қала­сындағы Қабланбек пен Жібек жо­лы елді мекендерін жалғайтын 10,6 шақырым автомобиль жолы және Келес және Шардара ауданын жалғайтын 29,0 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Түркістан облысының көліктік-логистикалық әлеуетін көтеру бо­йынша да жұмыстар атқарылуда. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысы бойынша жобалаушы мекеме «Транспроект-К» ЖШС та­рапынан «Дарбаза – Өзбекстан мемлекеттік шекара теміржол желі­­­­­сінің құрылысы» жобасының техникалық-экономикалық негіз­демесі әзірленіп, оң қорытын­­дысы алынды. 2023 жылдың қара­ша айында жоба құрылысы басталды. Осынау құрылыс «Сарыағаш» стансасының жүкте­­ме­сін азайтуға және жалпы Өзбек­стан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғай­туға мүмкіндік береді. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы