Ақтөбе қалалық сотында жұмысшының жұмыс берушіден моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс қаралды.
Жұмысының кесірінен ауруға шалдыққан ақтөбелік 17 миллион  теңге өндіріп алды
CaspianLife
728
оқылды

Іс құжаттарына сәйкес, жұмысшы зауытта 25 жылдан астам уақыт еңбек еткен, - деп жазады Aikyn.kz.

Тараптар арасында еңбек шарты бұзылған.

Өндірісте зиян еңбек жағдайларында жұмыс істеген қызметкер кәсіптік ауруға шалдығып, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндігінен айырылған. 2021 жылы талап қоюшыда онкологиялық ауру анықталып, Санкт-Петербург қаласында ақылы операция  жасалып, бір өкпесінен айырылды. Салдарынан оған 2-топтағы мүгедектік белгіленді.

Қызметкердің кәсіптік ауруға шалдыққанында жұмыс берушінің 100% кінәсі анықталған. Жұмысшының еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 89% болды.

"Осылайша, Азаматтық кодекстің 931-бабы 1-тармағына сәйкес, жауапкер кінәсінің дәрежесіне қарамастан, қызметі айналасындағылар үшін қауіптіліктің жоғарылығымен байланысты заңды тұлға ретінде талап қоюшының денсаулығына келтірілген моральдық зиянды өтеуге міндетті. Сот онкологиялық ауруын, өмірлік маңызы бар мүше – өкпенің алынғанын, тыныс алу жеткіліксіздігі секілді асқынулардың пайда болуын, қазір талап қоюшы басқа адамдардың көмегіне мұқтаж екенін ескерді", – делінген сот хабарламасында.

Ақтөбе қалалық сотының шешімімен жұмыс берушіден талап қоюшының пайдасына 17 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.