Дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз, үй ішінде дүмпудің басылғанын күтіңіз.
Алматы тұрғындары жер сілкінген кезде не істеу керек?
Tengrinews.kz / Алихан Сариев
1,841
оқылды

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы көпқабатты үйде тұратын әрбір алматылық білуі керек 10 қарапайым ережені еске салды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

  1. Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
  2. Дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз, үй ішінде дүмпудің басылғанын күтіңіз;
  3. Жиһаздардан, терезелерден, шамдардан, люстралардан алысырақ болыңыз;
  4. Тығылатын орын табыңыз – "өмір үшбұрышы" (көтергіш/негізгі/ішкі қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз);
  5. Ғимараттан шығу (көпқабатты үйлерде – жерасты дүмпулері тоқтағаннан кейін);
  6. Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
  7. Алдын ала дайындалған "дабыл чемоданын" алыңыз;
  8. Ғимаратты эвакуациялау кезінде электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болу керек;
  9. Жерасты дүмпулеріне дайын болыңыз;
  10. Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.

Сейсмолог атап өткендей, Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Сондықтан төтенше жағдайға әрбір азамат дайын болуы қажет.  

Алматылықтар үшін жер сілкінісі болған жағдайда отбасылық немесе ұжымдық іс-қимыл жоспарын алдын ала жасау маңызды:

Жер сілкінісінен кейін отбасының жиналатын орнын алдын ала белгілеңіз;

Жерасты дүмпулерін күту үшін пәтеріңіздегі немесе үйіңіздегі ең қауіпсіз орындарды алдын ала анықтаңыз. Мұндай орындарға: негізгі ішкі қабырғалардың жанындағы орындар, ішкі негізгі қабырғалардан құралған бұрыштар жатады;

Ғимараттан ең қысқа қашу жолын анықтаңыз немесе ғимарат ішінде қауіпсіз орын алыңыз. Шкафтардың үстіңгі сөрелерінен ауыр заттар мен ыдыстарды алып тастау қажет.

Эвакуациядан кейін ауқымды төтенше жағдай туындаған кезде орналастырылатын жақын маңдағы қабылдау пунктіне бару керек. Алматыда зардап шеккен тұрғындарды қабылдайтын 384 пункт бар. Төтенше жағдайлардан зардап шеккендер мен тұрғындарды қабылдау пункттері, әдетте, білім беру ұйымдарында – мектептерде, балабақшаларда, колледждерде, жоғары оқу орындарында орналасады.