Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті Бас ассамблеясының кезектен тыс отырысы өтті.
Головкин жаңа қызметке келді
фото: Sports.kz
839
оқылды

Жиында ұйым қызметіндегі маңызды сәттер талқыға түсіп, шешімдер қабылданды. ҚР ҰОК жоғары басқарушылық органдарының отырысына олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық спорттық федерациялардың 35 өкілі мен ҚР ҰОК спортшылар комиссиясының екі өкілі қатысты. 

Ассамблеяның кезектен тыс отырысында жас­өспірім­дер құрамасының 2024 жылғы Оңтүстік Ко­реяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиада­сындағы нәтижесі қорытындыланып, шілде айында Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды, сондай-ақ ҰОК құрылтай құжаттарын заң нормаларына сәйкес өзектендіру, ҰОК басқару органдарының өкілеттік мерзімін бір мерзімге жеткізу мәселелері және 2015-2023 жылдар аралығын­дағы Қазақстан ҰОК қызметінің көрсеткіші сөз болды. 

ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев Бас ассамблея мүшелеріне ұйым президенті ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдан­ғанын хабарлады. 

Бас Ассамблея мүшелерінің дауыс беру қорытын­дысы бойынша ҚР ҰОК президенті болып қазақстан­дық боксшы, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, көптеген  атақтың иесі Геннадий Голов­кин сайланды. 

«Жаңа лауазымда еліміздің атынан әрекет ету – мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық олим­пиадалық комитетін басқаруды ұсынғанда, қазақстан­дық спортты дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана  кандидатурамды ұсынатынымды айттым. 

Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз әрекетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі   халықаралық қарым-қатынасты реттеу деп білемін. 

Осы орайда, менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем барын, команда барын айтқым келеді. Ал ең бастысы және менің көп­тен бергі қалауым – бұл барлығын да өзімнің туған елім­де жүзеге асыру», – деді жиында сөз алған Головкин.