Елімізде жастар саясатын қол­дау бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Бір жылдары тіпті әр елді мекеннен Жастар ресурстық орталықтары құрылып, өз алдына басқарма да бөлініп шықты.
Кеңсесі жоқ Жамбылда жастар қайтып күн көрер?!
653
оқылды

 

Жастарға арналған кеңсе болмағаннан кейін олар әр бұрышты паналап жүр. Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы то­зығы жеткен ғимаратта күнелтіп отырса, ау­дандарда үй ішінен үй тігіп, аядай бөл­меде қысылып отырған жастар да бар. 

 Осыдан үш-төрт жыл бұрын Тараз қа­ла­сы­ның қақ ортасынан жастарға арналған Qabilet орталығы пайдалануға берілген болатын. Үлкен екі залдан тұратын орта­лықтың ашылуына сол кездегі атқа­мінер­лер арнайы келіп, жастардың қуанышында шек болмаған еді. Бір зал Жастарға қызмет көрсетулер орталығы болса, екіншісі – Волонтерлер жылы аясында ашылған «Асыл мұра» фронт-офисі ретінде қызмет көр­сет­кен. Тіпті, фронт-офисте өңіріміз­дегі тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауға во­лонтерлерді жұмылдыру және ерікті­лерге қолдау көрсететін әдіснамалық орта­лық ретінде 1 000 ерікті кәсіби гид болып даяр­ланады деп көзделген. Алайда аталған орталықтың ғұмыры ұзақ болмады. Өңірде об­лыс әкімі ауысқан тұста жастар да орталықсыз қалып, аталған нысан қайта қаңырап бос қалды. Енді міне, бір кездері жастарға арналған Qabilet орталығы бол­ған ғимарат Vstrecha атты караоке-барға ай­налып отыр. Осы ретте жастардың жа­нына батқан жағдай бойынша сол кездері Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығын басқарған Айбек Таутенге хабарласып, мәселенің мәнісін сұрадық. 

– Негізі, аталған нысан о баста жеке­меншікте болатын. Біз оны жалға алып отырдық. Сол тұста облысты басқарған Бердібек Сапарбаев жастардың басын қосатын ғимарат салып беруге уәде еткен. Аталған нысан бой көтергенше, Qabilet орталығын жалға алып, жастарға қызмет көрсеттік. Алайда жастарға арналған ғима­раттың жобалық құны қымбатқа түсетін болғандықтан әрі Qabilet орталығын жалға алу құны да қазынаға ауыр соғып жатқан­дықтан бізді Қойгелді көшесінің бойын­дағы бес қабатты ғимаратқа көшірді. Бер­дібек Машбекұлы сол бес қабатты нысанды толықтай жастарға беруді көздеген еді. Өз кезегінде біз де бес қабатты ғимаратқа арналған жоспары­мызды жасап, әр қабатқа әр бағыт бойын­ша жастарды отырғызамыз деп сызбасын сызғанбыз. Сондай-ақ Құмшағал, Қант зауыты алқабы мен «За линей» аумағы жағынан да орталықтың үш филиалын ашып, қала жастарын толықтай қамту жоспарланған еді. Алайда бұл ойымыз жүзеге аспай қалды. Содан бізді ескі базар мағындағы тоғыз қабатты ғимаратқа көшіріп, жоспарлаған мақсатымызға жете алмай қалдық, – дейді Айбек Таутен. 

Иә, байқап тұрсаңыздар, жастар о бастан «көшпелі халықтың» күнін кешіп, бір орыннан екінші орынға қоныс аударып жүрген екен. Ал Qabilet орталығын билік өкілдері жастарға арналған орын ретінде сүйіншілеп ашқанымен, ол да жалға алынған уақытша тұрақ болыпты. 

Кеңестік кезеңдегі ғимаратта күнелтуде

Осы орайда Тараз қалалық жастардың қа­зіргі жағдайын білмек мақсатта ресурс­тық орталықтың директоры Абзал Есір­кеповке хабарластық. 

– Бұл мәселе талай жылдан бері жа­ны­мызға батып келеді. Қазіргі отырған ор­ны­мыз 1960 жылы салынған ғимарат. Өзіміз жеке-дара отырғанымызбен қолайлы жағ­дай жасалмаған. Қосымша қаржы қаралмағандықтан, әр жерден бір тартып, әйтеуір кеңсенің ішін ретке келтіргендей болдық. Бірақ жастармен жұмыс істейтін мекеме болғандықтан ғимараттың жарқы­рап тұрғанына не жетсін? Егер заманауи үлгідегі кеңсе бол­ғанда ол да жастарды тартатын бір тетік саналар еді. Бірақ ғимарат мә­селесі талай жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұған дейін №2 ықшамау­данындағы тұрғын үйдің астында отырдық, сосын тағы бір ғимаратты барып панала­дық. Ал қазіргі кеңседе отырғанымызға 5 жыл болды. 

Жастар ресурстық орталығында 36 ма­ман қызмет істейді. Одан бөлек, 5 аула клубымыз бар. 

Жасыратыны жоқ, қазір жұмыстың денін студент пен оқушы жастар жүр­гізіп жатыр. Алайда қалада NEET жастар сияқты басқа да санаттағы азаматтар бар. Міне, осы буынмен дұрыс жұмыс жүргізу үшін бізге қолдау керек, – дейді орталық директоры. 

Негізі, жастарға арналған ғимарат мәселесін күні кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен өткен кездесуде БАҚ өкілдері де көтерді. 

– Еліміздің көптеген өңірінде жастар­дың бас қосып, тың идеяларын іске асы­ратын еңселі ғимараттар бар. Өкінішке қа­рай, бізде әлі бұл мәселе шешімін тап­пай отыр. Мәселен, облыстық Жастар басқармасы әр ғимаратқа қоныс аударып, тұрақтай алмай келеді. Қалалық Жастар ресурстық орталығының ғимараты да ая­дай ғана әрі көз тартпайды. Сондықтан Та­раз қаласында жастарға арналған бір орталық бой көтерсе, жастарға бұдан артық қолдау болмас еді, – дейді Жамбыл облыстық Ar-Ai жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков. 

Өз кезегінде шаһар басшысы бұл мәсе­ле әкімдіктің жіті назарында тұрғанын айтып, алдағы уақытта оңтайлы шешімін табуына уәде етті. 

Әрине, жастар мәселесі билікке жетіп, қолдау тауып жатса құба-құп. Әйтеуір, ғимарат салу мәселесі тағы жылдарға созылып кетпесе игі.

Аудандардағы жағдай да мәз емес

Осы ретте аудандардағы Жастар ре­сурс­тық орталықтарының жағдайын Жастар саясаты мәселелері басқар­ма­сының басшысы Жомарт Зұлпыхардан білдік. Мұнда да жағдай мәз емес екен. 

– Қазір Жамбыл ауданындағы Жастар ресурстық орталығының ғимараты болма­са, басқасында жағдай көңіл көншітпейді. Шу, Т.Рысқұлов аудандарындағы жастар ғимараты күрделі жөндеуді қажет етсе, Байзақ, Сарысу, Жуалы аудандары үй ішінен үй тігіп, аядай жерде отыр. Талас ауданында жағдай тіптен қиын. Жастар басқа мекеменің балансындағы ғимаратта отырғандықтан, олар сағат 18.00-де кеңсені жауып кетеді. Ал бізде кешкісін де келіп түсетін шұғыл тапсырмалар болады. Содан таластық жастар далада қалып, басқармамен жұмыс жүргізе алмауда. 

Негізі, қай ауданды алып қарасаң да, жастардың шығармашылықпен айна­лысып, тың идеяларын жүзеге асыратын мүмкіндік жасалмаған. Аудан әкімдеріне жастарды ғимаратпен қамтамасыз ету мә­селесін айтсаң, әйтеуір бір бұрышқа апа­рып тығып қояды. Сонымен, мәселе ше­шілді деп ойлайды. Алайда жастарға жұмыс істей алатындай мүмкіндік туғызу керек.

Күні кеше Алматы облысына іссапар­мен барып, 8 бірдей ғимаратты жастар үшін ашқанын көріп қызығып та, қызғана қарадым. Сегіз нысанның да іші жастарға қажетті дүниемен толықтай қамтылған. Олар енді мұндай орталықтардың санын тағы екі есеге көбейтуді жоспарлап отыр. Міне, жастарға жасалған жағдай – осы. Ал біз болсақ қарапайым ғимарат мә­селесін шеше алмай келеміз, – дейді басқарма басшысы. 

 

P.S.

 Иә, жастардың жанайқайы орынсыз дей алмассың. Алматы облысын айтпағанның өзінде, көршілес орналасқан Қызылорда, Түркістан өңірлері мен Шымкент қаласын­дағы Жастар орталықтары көз сүйсіндіреді. Кеңседен кіргеннен жастардың жалыны мен лебі сезіледі. Ал бізде жастар кеңестік кезең­нен қалған сұрқы қашқан ескі ғимаратта күнелтуде. 

 «Жастар – ел ертеңі, кемел келе­ше­гі­міздің кепілі», – деп білеміз. Ал бола­шағымызға осындай көзқараспен қарайтын болсақ, онда оның арты жақсылыққа апармайды. Осыны жамбылдық атқа­мінерлер жіті түсініп, жастар мәселесіне бір сәт болса да көңіл бөледі деп сенеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы