Шағын көліктерге деген сұраныс бүкіл әлемде күшейе түсті. Жүргізуші куәлігін қажет етпейтін көліктердің бағасы арзан әрі олар өте үнемді.
Жүргізуші куәлігін қажет етпейтін микро көлік
Фото microlino-car.com сайтынан алынды
4,041
оқылды

Дәстүрлі Женева автосалонында Microlino Lite электрокары алғаш рет таныстырылды. Екі адамға есептелген шағын көліктің кептелісі көп қалалардың тар көшелерінде өте тиімді екенін newatlas.com сайты жазды. Жаңа көліктің басқа да артықшылықтарын Aikyn.kz америкалық ресурстың материалына сүйене отырып талдайды.

Жолаушы жүргізушінің артында отыратын болар. Фото microlino-car.com сайтынан алынды

Бұған дейін әлемдік нарықта Mobilize Duo, S04 және Ami сияқты қала тұрғындарының көңілінен шығатын микро-автомобильдер көріне бастады. Соның ішінде Microlino EV көпіршікке ұқсайтын жеңіл нұсқасын мамандар ең сүйкімдісі деп бағалауда.

Женева автосалонында микро электр көлігінің соңғы нұсқасының тұсауы кесілгені де орынды деп саналуда. Өйткені Microlino-ның бірінші моделі 2016 жылы дәл осы Швейцарияда таныстырылған болатын. 

Алғашқы автомобиль 2022 жылы шығарыла басталды, дистрибьюторлық келісімдер Бельгияда, Грецияда, Францияда, Италияда, Нидерландыда және Швейцарияда жасалды.

Самокатпен салыстырғанда мына салон қандай жайлы... Фото microlino-car.com сайтынан алынды

Өткен аптада Aikyn.kz Париж тұрғындарының үлкен көліктерге қарсы шыққаны туралы мақала жариялады. Мұндай үрдіс басқа мегаполистерде де жалғасады деген болжамдар айтылуда.

Ірі мегаполистерге аз салмақ түсіру мақсатында Microlino жақсы үлгі болуы мүмкін. Microlino Lite екі түсте шығарылады: «венециандық көк» және «берлиндік антрацит».

Бұл электрлі микро көлік жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға, сондай-ақ жас EV пайдаланушыларына арналған. Мысалы, Франция мен Италияда  14 және одан жоғары жастағы жүргізушілер мен ересектер бұл көлікті жүргізе алады, тек олардың мопедті пайдалану үшін рұқсаты болса жеткілікті. Микро көліктің ең жоғары жылдамдығы 45 км/сағ шектелген.

Фото microlino-car.com сайтынан алынды

Microlino Lite жазда ыңғайлы болу үшін төбесіне арнайы люк орнатылған. Техникалық сипаттамаларында оның максималды қуаты 9 кВт болатын 6 кВт қозғалтқышты көрсетеді. Ол шамамен 100 шақырым  қашықтықты шығарындысыз қала ауқымына жарамды литий-ионды батареямен жабдықталған. Көліктің 11 кВт қозғалтқышпен жабдықталған түрі де бар.

Микро көліктің толық қуаты 180 шақырымға  дейін жетеді. Аккумуляторын 2 типті қуат көзін пайдаланып, бірнеше сағат ішінде 80%-ға дейін толық қуаттауға болады.

Корпусы автомобильдерге арналған болат-алюминий материалдан қапталған. Өлшемдері 252 x 147 x 150 см және салмағы 571 келі.

Болашақтың үнемді көліктері осындай болар. Фото microlino-car.com сайтынан алынды

Алдыңғы панельде навигация үшін пайдалануға болатын смартфонды бекітуге арналған тақтайша бар. Жүргізуші мен жолаушы алдыңғы жағынан кіреді. Негізгі құралдар панелінде цифрлық аспаптар мен климаттық бақылау жүйесі орнатылған.

Салонда құрылғыларды қуаттауға арналған USB порттары, жылытқыш жүйесі мен артқы терезеде мұзды ерітетін жолақтар бар. Салонның ішкі көлемі 230 литр және онда қажетті жүктерді тасымалдауға ыңғайлы орын да қарастырылған.

Бөліп төлеуге арналған бағдарлама бойынша Microlino Lite көлігін айына 169 АҚШ доллары төлеп қолдануға болады. Көлік, қазірше  тек Еуропада қолжетімді.