Egemen Qazaqstan газетінде «Ұлт қайраткерлерін әдеби кейіпкерлердей бір-біріне қарсы қою – әбестік» деген мақала жарық көрді.
Алаш қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоюды доғару керек – зерттеуші
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев
2,809
оқылды

Тарихи деректерді жинақтаған материалды Aikyn.kz қаз-қалпында оқырман назарына ұсынады.  

Тәуелсіздік жылдары ұлт тарихын түгендеуге айрықша еңбек сіңірген тұлғаның бірі – Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков (1948-1921). Ғалымның 20-30-жылдардағы аштық қасіреті, ұлт зиялылары туралы еңбектері таңдаулы классикалық зерттеулер қатарында. «Алаш» тарихи зерттеу орталығында (Алматы) ұлттың генеалогиялық тұтастығы жөнінде ғылыми-жобаларды жүзеге асырды. Абай университетінде, Әл-Фараби университетінде, Ш.Уәлиханов тарих және этнология институтында тарихшы ғалымдарды даярлауға атсалысты. Ол – мектепке арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы. «Қазақ газеттері» құрамына енетін тарихи-танымдық «Ақиқат» журналында қызмет істеді. 4 томдық «Қазақстан (Қазақ елі) тарихын» жазуға жетекшілік етті («Ежелгі өркениеттерді зерттеу орталығы»). Парламент Сенаты әзірлеген көптомдық «Ашаршылық» жинағына қатысты. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жуан ортасында жүрді.

Өкінішке қарай, қабілет-қарымы елге қажет шақта әлемге нәубат болып келген пандемия салдарынан бақиға озды.

Ғалым қайтарының алдында (5.05.2021 жыл) Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойына орай «Тарлан» интеллектуалдық клубының мүшелерімен кездесіп, ой-тұжырымын ортаға салған екен. Ұстазымыздың таспаға жазылып қалған осы сөзін хатқа түсірген едік.

Биыл тарихшы-ғалым Талас Омарбековтің ұлт ғылымына үлкен жаңалық алып келген «Қазақ шаруаларын жекеменшіктен айыру және күштеп ұжымдастыру» («Лишение собственности и насильственная коллективизация казахских крестьян», 1994) атты докторлық диссертациясына 30 жыл толады. Осы тарихи оқиғаны еске сала отырып, «Тарлан» алаңындағы сөзі мен соның жалғасындай жас тарихшыларға арналған онлайн пікірін (11.05.2021 жыл) оқырманға ұсынамыз.

Сіздерге тарихты жазудың қиындығын айтайын. Неге жаза алмай отырмыз? Әңгіме мынада. Бұл тарихты жазу үшін, «Тарихты кімге арнап жазамыз?» деп ойлауымыз керек. Біздегі тарихшылардың жарым-жартысы – орыстілді, орыс мектебінде оқығандар. Ал енді қазақ мектебінде оқығандар да жетісіп тұрған жоқ. Олар менің айтып отырғаным сияқты: Алашорданы мақтағанда, большевиктерді жамандайды. Тұрсын Жұртбай деген досым бар. Жазушы, әдебиет тарихшысы.

Сол «Сәкен Сейфуллинді сатқын», «Тұрар Рысқұлов Алашты ұстап берген» дейді. Ал енді мұның себебі мынау: 1934 жылы Тұрар Рысқұлов Алашорда туралы Алашты айыптап мақала жазды. Сәкен Сейфуллин 1927 жылы Алашорданы әшкерелеп «Тар жол, тайғақ кешуді» жазды. Неге? Өйткені Алашорда 1925 жылдан кейін қуғындалды. Кімде-кім Алашқа жақын болса, сол қуғынға ұшырады. Мұнан кейін 1930 жылдың басында Алаштың 44 қайраткеріне сот болды. Олар жер аударылды. Біразы алғашында ату жазасына кесілді. Содан кейін 1934 жылы Тұрар Рысқұлов Алашордаға қарсы мақаласын жазды. Себебі оған саяси қауіп төнді. Бұрын оны «пантүркист» деп жүрген, енді оның жеке басына «Алашпен байланысты» деген жала жабылып жатты. «Басмашыларды басқарған Зәки Уәлидимен дос болған» деп табалады. Өйткені башқұрт қайраткері эмиграцияға кеткен еді.

З.Тоған «Хатирасында» (естелік кітабы) расында «Тұрар Рысқұловпен дос едім, байланыс жасап тұрдық» деп атап жазады. Ал енді осындай жағдайда Т.Рысқұлов жанын сақтап қалу үшін қайтті? Аман қалуы үшін, Алашпен бірге түрмеге айдалып кетпеуі үшін Алашорданы сынап, аталған мақаланы жазды. Бұл – бір. Ал енді біз мынаны айтқымыз келмейді. Қазір Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермековті мақтап жүрміз ғой. «Әлімхан Ермеков Ленинге барып, шекарамызды сызып берді» деп... Шекараны жасаған Әлімхан Ермеков емес қой! Оны жасаған – Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы. Әлімхандардың сүйенгені – солар. Әлихан тұрғанда Әлімхан Ермеков шекараны қалай сызып, дәлелдеп жасайды? Әлихан Бөкейхан оның баяндамасын дайындап, күн сайын құлағына «Мынаны Ленинге бүйтіп айт» деп сыбырлап тұрғаны түсінікті. Әлекең қазақ жерінің қыр-сырын, ой-шұқырын, саяси амалдарды бір кісідей білді. Әлихан болмаса, алаш тұғырлы Алаш бола алмайтын еді. Рухани жағынан А.Байтұрсынұлы болмаса, алаш тиянақты Алаш бола алмайтын еді. Бәрінің басын қосқан – осы екеуі... Ең мықтылары – Әлекең мен Ақаң!..

Енді Мұстафа Шоқайға келсек, ол негізі түріктік идеямен кетті. Әр тұлғаның жолы мен саяси салмағына дұрыс баға берген жөн. Айтайын дегенім: сіздер Мұхтар Әуезовтің 1932 жылы Алматы түрмесінен Ф.Голощекинге жіберілген хатын оқыдыңдар ма? Онда М.Әуезов сыпайы ғой, өзін-өзі жамандай береді. Жалпы мағынасы: «Мынау оңбаған Алаш дегенге бекер түсіппін, бекер мүше болыппын. Абайды бекер зерттеппін. Енді Абайға жоламаймын, ол – байдың тұқымы. Мынау енді Алашорда деген – біздің қоғамға мүлде жат идеология. Бұдан енді аулақ жүремін». Шамамен осылай деген.

Ал осы кезде сол абақтыда жатқан Әлімхан Ермеков одан да асып түсті. Тіпті оқыған кезде ұялғанымнан төмен, үстелдің астына қарадым... Әлімхан Ермеков жанын алып қалу үшін Алашордаға жақпаған қара күйесі жоқ. Бұл екі хат 1932 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды.

Біз, әрине, тарихшы ретінде Мұхтар мен Әлімханның неге бұлайша хат жазғанын жақсы түсінеміз. Бәрі уақытпен, тарихи жағдаймен салыстыра қарай білген дұрыс. Контекстен фактіні жұлып алмай...

Ал енді бүгін Алашты мақтап жүрген азаматтар «Т.Рысқұлов пен С.Сейфуллинді сатқын» дегенде, аталған екеуінің (М.Әуезов, Ә.Ермеков) хатын айтпайды. Олар да жанын сақтап қалу үшін жазды. Солай!

Әлімхан Ермеков Алашты жетіскеннен емес, өтірік жамандап отыр. Тұрар Рысқұлов та өтірік жамандап отыр. Өйткені Тұрар Алаш азаматтарының бірсырыпасымен бірге жүрген, талайымен жақын араласқан. Бажасы – Жаһанша Досмұхамедұлы.

1920 жылы Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы, Низаметдин Ходжаев, Ахмет Зәки Уәлиди, Харис Юмағұлов (башқұрт) бесеуі қол қойып В.И. Ленинге жазған хат бар. Бізге мемлекет алып келген, ...ұлттық тәуелсіздіктің рухани негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы есімі осы хатта Тұрар Рысқұловтан кейін тұр. Бесеудің ішінде бірінші фамилия Т.Рысқұловтікі. Енді ойланыңыздар: А.Байтұрсынұлы мен Ә. Ермеков жаңағы бесеудің ішінде неге бірге жүрмеген? Себеп: большевиктер бақылауға ала бастағанда, қайраткерлер бірінен-бірі қаша бастады. Өйткені біріне-бірі «кедергі жасайтын» болды.

Мынадай дерек бар. Д.Қамзабекұлының «Смағұл Сәдуақасұлы» атты кітабын қарасаңыздар, содан көресіздер. Смағұл Сәдуақасұлы 1933 жылы Мәскеу-Донбасс теміржолында «апатқа ұшырап», қапияда қаза болады. Ол – Әлиханның күйеу баласы. Сонда Сәдуақас молда (әкесі) елден жанына жақын адамдарын ертіп Мәскеуге жетеді. Ә.Бөкейханның коммуналдық пәтерінің есігін тақылдатса (мен барып көрген жоқпын, біреу «бір жарым бөлмелік» дейді, біреу «екі бөлмелік» дейді), орыс әйел ашады. Күтуші әйел екен, кір жуып жатыр екен. Ол кезде Әлиханға көмектесетін ешкім жоқ қой. Содан Сәдуақас құдасы ішке еніп, Әлиханға ұрсады: «Сені қазақтың ханы деп жүрсек, қазақтың бетке ұстар тұлғасы деп жүрсек, не қазақтығыңнан қалғансың ба? Мынау не, қаралы хабарды жеткізбейсің, біз келіп тұрғанда есікті өзің ашпайсың...».

Баласынан айырылып отырған жанның ашуы. Ал құдасы (Сәдуақас ақсақалға, кейін репрессияланатын молда Сәдуақасқа) кетерде, Әлихан Бөкейхан былай деп айтады: «Тұрар Рысқұловқа кіріп шығыңдар!». Көрдіңіздер ме? Т.Рысқұлов Кремльде отыр ғой. Тұрар мен Әлиханның арасында байланыс болып тұр ғой. Сөйтіп, өзі сыртта қалып, Т. Рысқұловты кіргізіп жібереді. Ал кіргенде, Тұрар не істейді? Архивте бар, «Сәдуақас ақсақалды барлық салықтан босатыңдар» деген қағаз жазып береді. Енді өздеріңіз айтыңыздаршы: коммунист Т.Рысқұлов пен алаш Ә.Бөкейхан арасында байланыс жоқ па? Болғанда қандай!..

Күрделі кезеңде Голощекин айласын асырып қуғынды ұйымдастырғанда, Т.Рысқұлов Мәскеуге барды ғой. Барып Кремльде отырғанда, Ә.Бөкейхан Сталинге де таныс адам, ол кезде кіреберіс бос. И.Сталин мен Т.Рысқұловтың кабинеті қатар болған. Әлихан Тұрардың қабылдауына барыпты. Енді құттықтайын деді ме, кім білсін? Сөйтсе Т.Рысқұловтың қабылдау бөлмесінде орыс әйел отыр екен. ОГПУ-дың тыңшысы ғой хатшы әйелдер. Т.Рысқұлов оны өзі қойған жоқ. Таяғын тықылдатып барып Ә.Бөкейхан жаңағы әйелге есікті нұсқапты. «Ана бастығыңа айт. «Бөкейханов келді» де...». Рысқұловтың жасы кіші, орнынан атып тұрса (Әлекеңді «Ханның тұқымы, Шыңғысханның ұрпағы» деп бүкіл Мәскеу біледі), анау орыс әйелі Т.Рысқұловқа жүгіріп кіріп: «Бөкейханов келіп тұр» депті. Сонда Тұрар айтыпты: «Айтыңыз, ол кісіні қабылдай алмаймын» деп. Қабылдаса – бітті саудасы. Аңдып тұр ғой. «Қашан Ә.Бөкейханмен бетпе-бет кездесер екен?» деп.

«Содан кейін не болған екен?» деңіз. «Қабылдай алмайды» дегенді естіген Әлекең жалт бұрылып, таяғын тықылдатып шығып кеткен. Бірақ Тұрар артынан не істеген? «Күншығыс» баспасының басшысы Нәзір Төреқұловқа (алғашқы дипломат) басқа жолмен: «Әлихан Бөкейханов жұмыссыз жүр екен, баспаға жұмысқа орналастыр» деп айтыпты. Бірден білген ғой не үшін келгенін. КСРО Шығыс ұлттар баспасына библиограф қылып орналастырған – Тұрар Рысқұлов.

Біз оны айтамыз, Әлекең өзінің күйеу баласымен да дұрыс кездесе алмапты. Әр жерден қарауыл қойылған заман. Смағұл Сәдуақасұлы – Қазақстанның халық ағарту комиссары. Голощекинмен айтысып жатқан кезі. Баласы Ескендірді көруге барады. Әлекең таяғын тықылдатып Мәскеудің пәлен деген орамындағы (переулок) көше маңына Ескендірді ертіп келеді екен. Ескендірге айтатын ұқсайды: «Қазір жарты сағаттан кейін немесе түген минуттан кейін мына жерге әкең келеді. Қозғалмай күтіп тұр. Мен түген сағат пәлен минуттан соң сені осы жерден алып кетем».

Әлихан Бөкейхан жиен-немересін тастап, қайтып кетеді. Смағұл Сәдуақасұлы сол белгіленген жерге келіп, баласымен Мәскеуді аралап, оған киім алып беріп, тағы да әлгі орынға оралып: «Пәлен минуттан кейін осы жерге атаң келеді. Ешқайда кетіп қалма, сені алып кетеді» дейді екен. Трагедия ғой. Туған күйеу баласымен кездесе алмайды. Күйеу баласы – большевиктердің наркомы. Ал өзі – қуғындағы Алашорданың лидері. Ол С.Сәдуақасұлымен кездесіп, құшақтасып көрісер болса, онда Смағұлға болашақ жоқ, құриды...

Смағұлды ақтық сапарға шығарып саларда Тұрар қазақы дәстүрмен жігері құм болған Ә.Бөкейханға көңіл айтқан. Мұны хаттап, жазып алғандар болған.

Міне, осындай күрделі ахуалды біліп отырмыз. Енді не істеу керек? Тарихты қалай жазу керек?

Мәселеден бастайық. Біздің қазіргі орыстілді тарихшыларымыз «академиялық басылым» дейді. Осылай дегеніне күлкім келеді. «Академиялық басылым» деген – кеңес өкіметінен қалған ауру. Сол атаумен тарихи оқиғаларды қалай бұрмалап жазғанын бәріміз білеміз. «Академиялық басылым» болғандықтан, бұл зерттеуде ауызша жеткен дерек, олар «мифология» деп санайтын халық жадындағы әңгіме болмауы керек.

«Мифология араласқан қазақтың шежіресін пайдалануға болмайды. Қазақтың батырлар жырын пайдалануға болмайды. Қазақтың дастандарын пайдалануға болмайды. Мақал-мәтелдерді пайдалануға болмайды...». Осылай деген, әлі де осылай деп жүр...

Онда тарихымызға ұлтқа, таза қазаққа ғана тән көсемдер, рухани тұлғалар кірмейді. Оған бүкіл түркіге ортақ Қорқыт енбейді. Оған Асан қайғы кірмейді. Оған біздің тарихымыздағы үш Майқы би де енбейді. Қазақтың ру-тайпасын аман алып қалған немесе қорғаған батырдың барлығы кірмейді. Аттары аталуы мүмкін... «Аңырақайға бәлен-бәлен қатысты» дей саламыз... Болды. Әр батырдың тарихы жазылмайды. Хандардың тарихын айтпай-ақ қояйын. Хандардың тарихы оқшау, немкетті жазылады. Ал сонда қандай тарих жазуымыз керек? Ғалымдар ғана оқитын емес, халық оқитын тарих жазу керек.

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы қайраткерлерді әдеби шығарманың кейіпкерлеріндей бір-біріне қарсы қоймай, тарихтың күрделі контексіндегі елдік, ұлттық, халықтық мүддесін алға шығарып, жан-жақты зерттей білуіміз қажет. Құр коммунист аты үшін немесе белгілі саяси мақсатта («өзара сын» науқаны) жазған хаты мен мақаласы үшін жазғыру – әбестік. Орыс оқығандары мұндайды «неэтично, неприлично» дейді...

Сәкен мен Тұрарды қазақтың азаттық идеясына, ұлттың саяси-экономикалық дербестігіне қарсы қойып, большевизмнің түрлі қиямпұрыс әрекеттерімен байланыстыру – 20-жылдардың тарихын мүлде білмеу немесе оқиғалар мен фактілерді өзінің қабылдауынша біржақты түсініп, оқырман мен жас ұрпақты адастыру.

Қай мемлекетте болсын тарих іргелі ғылымға айналғанда ғана шынайы тарих жазылады. Әлем тәжірибесінде тарих – саясатсыз өмір сүре алатын ғылым. Түбі бізде де солай болады. Қазір мемлекеттің саясаты да, ғылымы да даму жолында. Біз Қазақстан өркенді ел қатарынан көргіміз келеді. Сол кезде жаңа буын тарихшылар шығады деп үміттенемін. Олар Талас Омарбековтің, басқа да замандас әріптестерімнің зерттеулеріне сын көзбен қарайды. Дұрыс, бұл – ғылым талабы. Біз – кеңес кезеңінде даярланған маманбыз. Коммунистік жүйе тәлімі мен тәрбиесі санамызда тұр. Сондықтан екі жүйенің тарихшысымыз. Бұл – біздің кемшілігіміз емес, өмірдің шындығы. Біз қазір коммунистік жүйені сынаймыз, бірақ қазақ тарихын сол жүйемен салыстырып жазамыз.

Әрине, біз демократиялық қоғамда өмір сүрсек, тарихымыз да, жазғанымыз да басқаша болар еді деп армандаймыз. «Жоққа жүйрік жеткен бе?», біздің бірнеше буын тоталитарлық жүйеде өмір сүрді. Компартияны мақтау қалыпты жағдай еді. Қазір Сәкен мен Тұрарды сынап жүргендердің 70-80 жылдары не жазғаны кітапханаларда тұр ғой. Ешкім еш жаққа әкеткен жоқ.

Иә, заман қандай – тарихшы сондай. Тарих та сол аяда жазылады. Біз өтпелі кезеңнің тарихшысы болсақ та, жаңа буын жолына жарық түсіру үшін де өткенге ғылым көзімен қарау – асыл парызымыз.

Келешекте ел тарихын ешқандай жүйемен салыстырмайтын, шынайы жазатын тарихшылар келеді. Біз соларға көпір салуға міндеттіміз. Ел тарихын түгендейтін нақты ғылыми жобалары бар, қаржы мәселесі жүйелі шешілген, ешкімге жалтақтамайтын сондай ғалымдар басқа жақтан келмейді, өз ішімізден шығады.

Әзірлегендер: 

Рамазан Әбілдос, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкері, 

Ескерген Иманбай, зерттеуші