Бұл апта Ұлттық олимпиадалық комитеттегі үлкен өзгеріспен басталды. Ұйымды тапжылмастан 9 жыл басқарған Тимур Құлыбаев өз өкілеттігін тоқтатып, орнын даңқты боксшы Геннадий Головкинге босатып берді.
Головкин шапанын костюмге алмастырды
728
оқылды

Бұдан бөлек, бас хатшы Андрей Крюков пен бас директор Серік Қасқабасовтың да қызметінен кететіні белгілі болды. Париж Олимпиадасы таяғанда тап мұндай өзгеріс енгізу не үшін қажет болды? Жазғы ойындарға дейін Головкин жағдайды жақсарта ала ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік. 

Қазақ спорты дәл қазір қиын кезеңдерді бастан кешуде. Әсіресе, олимпиадалық спорт түрлеріндегі нәтиженің тым құл­дырауы жанкүйердің де, осы сала басшы­ларының да тынышын алды. 2018 жылғы жазғы Азия ойындары мен 2020 жылғы Токио Олимпиадасындағы тоқырау әлі де жалғасуда. Кейін ұлттық құрама Бейжіңдегі қысқы ойындардан құралақан келіп, 2023 жылғы Ханчжоудағы жазғы ойындарда алғашқы ондыққа да кірмей қалды. 

Мұның бәрі біздің спорттағы жүйенің, дайындықтың және спорт менеджерлерінің әлсіздігін анық көрсеткен еді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Токио Олимпиадасынан кейін ескерту жасаса да, көрсеткіш айтар­лық­тай өзгерген жоқ. Ал Ханчжоудағы жаз­ғы ойын­дар олимпиадалық спорт түрле­рін­дегі жағдайдың тым мүшкіл екенін дә­лел­деді. Тіпті, 2014 жылы Инчхондағы жаз­ғы Азиа­дада жеті алтын алған боксшы­ларымыз бұл додадан бір қоламен қайтқан еді. 

Басталуына тура бес ай қалған Париж Олимпиадасына ұлттық құраманың небәрі 19 жолдама жеңіп алғаны да жағдайды қиындата түсті. 

Осыдан соң Ұлттық олимпиада коми­тетінің жұмысы сын садағына іліге бастады. Қарапайым халықтан бастап биік мінбердегі лауазымды тұлғалар да Құлыбаев бастаған ұйымның қызметіне шүбә келтіріп, халық­аралық аренада беделінің жоғын алға тартып, тіпті құрамына кілең зейнеткерлерді жиып алғанын да тілге тиек етті. 

Құлыбаев – отандық спортта бұрыннан үлесі бар адам. Ол Ұлттық олимпиадалық комитетке дейін Бокс федерациясын бірнеше жыл басқарды. Соңғы қызметінде тоғыз жыл отырған «күйеу баланы» орны­нан алу үшін Головкин сияқты халықтың сүйіктісі қажет болды. Сондықтан осы бір ірі ұйымға даңқты боксшының бекер келмегенін аңғару қиын емес. Иә, Голов­киннен бөлек ел спортына қызмет етіп жүрген бұрынғы чемпиондар жоқ емес. Спорт саласында ұзақ жылдан бері жүрген Дәулет Тұрлыханов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Олимпиада жүлдегері Ис­лам Байрамуковты да бұл орынға ұсын­ғандар болды. Бірақ олардың атақ-дәрежесі бәрібір Головкинге жетпейтін, одан бөлек, Ұлттық олимпиадалық комитет халық­аралық ұйым болғандықтан, мұнда әлемдік аренадағы беделді адамның қажет болғаны анық. 

Біздің пайымымыз бойынша, Геннадий Головкинге Ұлттық олимпиадалық комитет тізгінін беру кезінде бірнеше фактор есепке алынды. 

Біріншіден, Ұлттық олимпиадалық комитет – Халықаралық олимпиада коми­тетінің Қазақстандағы заңды өкілі. Ал әлемдік жарыстарда ХОК-тің айтқаны болатыны тағы бар. Соңғы турнирлерде төре­шілерден әділетсіздік көрген тұсымыз  көп болды. Сондықтан бұл жерде Голов­кин­нің беделіне сенім артылып отыр. Геннадийді әлемдік ұйымдардың есігін «теуіп» кіретін тұлғалар қатарына жатқызуға толық негіз бар. 

Екіншіден, қазір отандық спортқа деген жанкүйер ықыласы азайып, аталған сала жиі сынға ілігуде. Сол себепті Головкинді әкелу арқылы халықтың спортқа деген сенімін нығайту да көзделгені анық. Қанша дегенмен GGG бүкіл қазақты таңғы алтыда ұйқысынан оятып, теледидарға телмірте алған жалғыз адам. Оның бокстағы атақ-даңқы және ел алдындағы абыройы бұл қызметте де көмекке келері анық. 

Үшіншіден, алыс Америкада өзінің жайбарақат өмірін сүріп жүрген Геннадий Головкинді елге әкеліп, оған отандық спорт­ты сеніп тапсырғандардың да кім екенін бағамдау қиын емес. Головкин өзінің саясаткер де, шенеунік те емес екенін алға тартып, отандық спортқа шынымен өз үлесі қосылатын болған соң ғана бұл қызметке келіскенін айтты. Яғни, даңқты спортшы құр келмей, өзінің нақты талабын да айтып отыр. Демек, Головкиннің беделі бұл жерде тағы да рөл ойнайды. Оның қандай өз­герістер ұсынатынын Париж Олимпиада­сынан кейін бағамдаймыз. 

Ал әзірге Головкин келген соң Париж Олимпиадасында алтынды «қырып» ала­мыз деген ойдан ада болу керек. Өйткені аз уақыттың ішінде әйгілі Гена да ештеңе өзгерте алмайды. Себебі спорт  – уақытты, дұрыс жүйені және тұтастай дайындық циклін талап ететін сала. Осы жүйе ретке келмейінше, болашақ чемпиондарды өсіру оңай болмайды. 

Айтпақшы, әлеуметтік желіде Головкин келген соң спорттағы жемқорлық азаяды де­ген­ге саятын пікір көп. Шамасы, көпші­лік жанкүйер Ұлттық олимпиада комитетіне мемлекет бюджетінен қаржы бөлінбейтінін ұмытып кетсе керек. Иә, 2018-2022 жылдар аралығында отандық спорттағы қаражат тұтас ҰОК меншігіне беріліп, барлығын Құлыбаевтың командасы реттегені рас. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін отандық спорттың бюджеті толығымен Спорт және ту­ризм министрлігіне өтті. Бүгінде минис­трлікке қарасты Спортты дамыту дирек­циясы мен Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет осы саланың қа­ра­жатын түгел басқаруда. Оған облыстық Спорт басқармаларын қосуыңызға рұқсат. 

Демек, жемқорлық тақырыбын да Го­лов­кинге артудың қажеті жоқ. Оның ең басты міндеті – Қазақстанның әлемдік арена­дағы беделі үшін жұмыс істеп, ұлттық спорт федерацияларының рөлі мен жауап­­­кершілігін көтеру болмақ. 

Арда КЕМЕЛ