Күні кеше Еуразияның апайтөс даласын ат тұяғының дүбіріне бөлеген, Алтай мен Атыраудың арасындағы жазиралы өлкеде теңдік пен татулықты, елдік пен еркіндікті ту етіп ұстаған, «бастаса қолдың көсемі, сөйлесе сөздің шешені» болған бабаларымыздың бүгінге жеткен асыл мұралары аз емес.
Ұлттық спорт – ұлттық идеология
фото: Ерлан ОМАР
1,814
оқылды

Оны жалпылама – ұлттық құндылықтар дейміз. Осы ретте ұлттық ойындарымыздың орны бөлек. Біз осы мақаламызда ұлттық спорттың ұлтымыз үшін қандай маңызға ие екендігі жайлы сөз қозғауға бел будық. 

Жасырары жоқ, соңғы уақытта ел билігінің ұлттық спортты дамытуға, ұлттық кодымызды жаңғыртуға деген ерен құл­шынысы байқалады. Халық­аралық деңгейде, өңір-өңірде ұлттық спорт түр­лерінен өтіп жатқан жарыстар, аламан­­дар соның айқын көрінісі. Мемлекет бас­­шысы бұған айрықша назар аударып, Ұлт­­тық спорт түрлері қауымдастығы қайта түледі. V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарын өткізуге берген Қазақстанның өті­німін былтыр қыркүйек айында Бүкіл­әлемдік этноспорт конфедерациясы бір­­ауыздан қолдағаны, сонымен қатар Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Бүкіләлемдік этно­­спорт конфеде­­­ра­­­циясына ресми мүше болуы жемісті атқарған жұмыстар нәтижесі болса керек. Көкпар, жамбы ату, аударыс­­­пақ, теңге ілу, бәйге, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату және арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлері­­­­нің федера­циялары қауымдастық аясына бірікті­­рілгені де, федерация басшы­ларының шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін ел алдында беделді кәсіп иелері болуы да қауым­дастықтың қа­дамын нықтап, өрісін ке­ңітіп отыр. Сонымен, ұлт­­тық спорт­­ты да­мы­ту, ұлттық құндылық­тарымызды жаң­ғырту бізге не береді?

Бұқаралық спортқа айналып келеді

Ұлттық ойындар – өскелең ұрпақты үйлесімді тәр­­­бие­­леудің ажырамас бөлігі. Қазақ әде­­­биетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды «халық мәдение­тінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қа­­­­­жет­тілігі, тілдің, дене шынық­­­­­­­ты­рудың негізгі элементі» деп тұжырымдаған екен. Бүгінде ұлттық спорт түрлері бұқа­­ралық сипатқа айналып келеді. Ста­­тистикаға сүйенсек, ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде ай­налысатындардың саны 2019 жылы 399,3 мың адамнан 2020 жылы 432,4 мың адамға дейін өскен. Ал 2022 жылы ұлттық спорт түрлерімен жүйе­лі түрде айналысатын қазақ­стан­дықтардың саны 580 мың­­нан асқан. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлері бойынша үйір­мелердің саны 16 555-ке жет­кен. Мәсе­­­­лен, асық атудан Қазақстанда 2 237 асық ойыны үйірмесі бар болса, онда 77 мың­нан астам адам ұлттық спортпен шұғыл­­да­­­на­­­ды. Кө­рермені бойынша да, қа­тысушылар саны жағынан да көкпар – көш басындағы ұлттық спорт түрінің бірі. Елі­мізде 78 мыңнан астам адам көкпар спортымен айналысса, оларды жаттықтырып, шебер­ліктерін шыңдайтын 916 үйір­ме бар. Ал қазақ күресіне қаты­сушылар саны мен жанкүйерлері бойынша алдыңғы қатардан көрініп, бүгінде еліміз бойынша 4 427 қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді. Онда 159 мыңға жуық адам осы спорт түрімен жүйелі түрде шұғыл­­данады. Елі­мізде ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы – тоғыз­құма­­­­­лақ. Адамның ой­лау қабілетін дамытып, тапқырлыққа тәр­биелейтін зияткерлік ойын жас ерек­­­шелігіне қарамастан жалпыға қолжетімді. Қазақстанда 6 856 тоғызқұмалақ ойыны үйірмесі бар. Оған 207 мыңға жуық адам тұрақты түрде қатысады. Демек, ұлт­тық спортпен айналысатындар жылдан жылға көбейіп келеді деген сөз. 

Туризмнің дамуына бастар жол

Бүгінгі жаһандану заманында әрбір ұлттың өзіндік бет-бейнесін айшықтайтын бірден-бір жолы – ұлттық қадір-қасиеті мен әдет-ғұрпы. Осы ретте ұлттық ойын­дар­­­­­­дың ықпалы ерекше екені даусыз. Бірқатар мемлекеттер ұлттық спорт пен ұлттық ойындарына аса мән беріп, жақсы қаржыландырады. Жапо­­нияның сумосын, Қытайдың у-шуын, Кореяның таеквон­досын білмейтін адам кем де кем. Олар ұлттық ойындарын әлем­­­дік дәрежеге дейін көтеріп алды. Рес­­­­ми ақпарат көздерінің дерегіне жүгінсек, бұл елдерде ұлттық спорт түрлері мен мұраларына арнайы қаражат бөліп және оны басқаратын әрі бақылайтын орындар бар. Тіпті, мың­­жылдықтардан бері жалғасқан ұлттық ойындарын бүгінгі күнге дейін жеткізді. Мәселен, корейлерде «Ссирым» атты ұлттық күресінің пайда болғанына 1 500 жыл толған. Дегенмен ұлттық ойын­­дарын ұмытпаған корейлер оны насихаттау мақсатында спорттың бұл түрін мектеп бағдарламасына да енгізіп қойыпты. Сондай-ақ өзге жұрттар ұлттық ойындарын туристерді тартатын ең мықты жарнама ретінде қарастырады. Мәселен, испан корридасы және фламенконымен әлемге танымал екенін, сол арқылы туризмін да­мытқанын білеміз. Осынау ойын түрін көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ту­ристер ағылып, Испанияның ұлттық ойы­нын тамашалайды. Бүгінде Испа­­­­­нияның ішкі жалпы өнімінің 70 пайызын туризм саласына жататын қызмет көрсету секторы беріп отыр. Сол секілді жұмыс істеуге қа­білетті жастағы испандықтардың 72 па­йызы туризм саласында. Шет­ел­­дік турис­тердің келуі тұрғысынан Ис­­пания әлем мемлекеттерінің үздік үш­тігіне кіреді, ал Еуропада біріншілікті Франция­­мен ғана бө­ліседі. Испанияның Индустрия және туризм министрі Жорди Хереу 2023 жылы елге келген турист саны­­ның 84 мил­лионнан асқанын айтты. Бұл – қазірге дейінгі ең жоғары көрсеткіш. Дерек­­терге қарағанда, елге келген турист саны 2019  жы­лы 83,5 миллион болса, 2023 жылы 84 миллион турист келіп, туризм табысы­­­ның көлемі 108 миллиард евродан асқан.

Көнеден тартқан тарихынан сыр шер­тетін біздің ұлттық ойындарымыз өзге ел­­дікінен еш кем емес. Мәселен, бір ғана бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайып – қазақ­ты әлемге танытқан тарихтағы ең жас бүр­­­кітші ретінде танымал. Атақты аме­­­рикалық режиссер Отто Белл түсірген Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) фильмінен соң, Моң­­­ғолиядағы этникалық қазақтардың дәс­­түрін тамашалауға әлемнің 31 мем­­ле­кетінен туристер ағылған. Еуропа елдері мен АҚШ-тың бірнеше басылым­­­­дары арнайы мақала жариялап, қазақтың бүркітшілік өнері мен Айшолпанның ба­­­тылдығына таңғалыс­­қан. Сонымен қатар өзге де ұлт­­тық ойындарымыз туристердің ерекше ықыласын оятатынына сеніміміз мол. Бұл ретте осы жылы елімізде өткі­зілетін V Дү­ниежүзілік көшпенділер ойы­­ны біз үшін таптырмас мүмкіндік еке­­­нін есте ұстаған жөн. Мәселен, 2014 жы­­­­лы бұл жарысқа 19 мемлекеттен 583 спорт­шы, 2022 жылы Түркияда өткен ойын­дарға 102 мем­­­лекеттен 3 000 спортшы қа­тысқан. Ал биылғы елімізде өтетін шара­ға әлемнің 100-ден аса елінен 3 000-нан аса спортшы, 15 мыңға жуық шетелдік турист ке­ле­ді деген болжам бар. Бұл дегеніміз – бір жағы ұлттық ойындарымыз насихат­­­талса, екін­ші жағынан туристердің қазақ­­­тың этно-мә­­дени тұрмысымен, ұлттық ойын­­дарымен танысуға мүмкіндік алады деген сөз. 

Ұлттық кодымызды жаңғыртады

Ұлттық ойын­­­­­да­­­­­рымыздың шығу та­­­­рихын білу мақ­­­­са­­­­­­тында журналист, этно­­граф Бекен Қайрат­­­ұлымен бай­­­­­ланысқа шықтық. Этнограф біздегі ұлт­тық ойын­­­­­дардың дені жауынгерлік жат­­­­­­тығулардан тұра­тынын атап өтті. «Қазіргі ұлттық спорт түрлерін, ме­­­­ніңше, ұлттық сайыс және ұлттық ойын деп екіге бөліп ажы­ратып алуымыз қажет. Мәселен, ұлттық ойындар­­ға асық ату секіл­­­­ді ойын­­дар жатады. Бұл жас жеткін­­­­шектерді спортқа баулудан бұрын ұлттық сайыстарға да­йындау мақ­­сатындағы ма­­­­шықтар десек болады. Ал ұлттық сайыс­­тарға келетін болсақ, ол – жауын­­­­герлік жаттығулар. Бұрын құдай­дың құтты күні соғыс бола бермейтін. Бірақ ел басына күн туғанда ерлеріміз сол күнге дайын болуы керек болған. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз содан қалса керек. Осы ретте ұлттық сайыстардың рөлі зор болған. Яғни, бейбіт заманда жасалған әскери машық десек болады. Мәселен, көкпар ойыны. Көкпар ойынында атқа мінуді үйретумен қатар, әскери машықты үй­­ретеді. Айталық, қырғын шайқас кезінде жараланған жол­­дасын жау қолына тастап кетпес үшін оның денесін жерден іліп алып, майдан ор­тасынан алып шығу керек. Ал бұл көкпар тартып машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Аударыспақ ат үстінде жауды өңгеріп тастау үшін қажет болса, теңге ілу де қазақ халқының көне ойындарының бірі. Жігіттер осы ойын арқылы соғыс кезінде әскери дайындықтан өтуіне ықпал еткен, аттың үстінде шауып келе жатып, жердегі қару-жарақ және тағы басқа зат­­тарды іліп әкетіп отырған. Ойын не­­­гізінен ептілікке, батылдыққа, ат үс­тінде дұ­­­рыс оты­руға, жыл­дамдыққа үй­ретеді. Біздегі бүгінгі бәйге деп жүр­­­­геніміз де соғыс­­қа дайындықтың бір түрі. Бәйге аты сайыс атына жара­майтын бол­­­ған. Екі аттың мүмкін­­­­шіліктері екі бөлек. Қазақ жорға ат­тарды алыс қашық­­­тық­­­тағы жорық­тарға дайын­­­даған. Жорықтар 200-300 ша­қырым­­­­ға дейін со­зылған. Ұш­­қыр аттардың да өз орны бар. Жаудың зең­біректері аты­­лып болғанша ерекше жылдам­­­­­дығымен көзге түсетін аттар – осы аттар. Міне осы­­лайша, жа­­­­­­­­­­­­қын қашық­­тыққа, алыс қа­­шықтыққа жүй­ріктерді анықтау мақса­­тында бәй­­­гелерді ұйым­­дас­­­тырған. Жыл­­қының мүм­­кіндігін зерттеген. Жамбы ату да қазақ халқының бағзы заманнан бері серік еткен дәс­­түрлі спорт түрі. Ке­­зінде жебе жа­­­­рыстыратын жарыстар ар­қылы әрбір қа­шықтықтағы садақ ату ше­берлерін жинап, жауын­­­­­герлер шебін жасақтаған. Қазақта ең құрметті адам – мерген болған. Мысалы, ке­­­­зінде Иранның патшасы қызын ұзатпақ бол­ғанда байға бермей, батырға бермей, мергенге ұзатқан. Мерген деген – ойлау жүйесі, көзқарасы қалып­­­тас­­қан, көзі алысты көретін сұңғы­­ла жан. Кез келген адам мерген бола бер­­­мейді.

Демек, қазір қанымызға сіңген машықтарды жаңғырту арқылы біз ұлттық гене­­алогия­мызды оятамыз, рухымызды тірілтеміз. Сана­­мызды бөгде ақпарат­­тардан сақ­таймыз. Мемлекет басшысы биыл бесінші Көшпенділер ойынын өткізуді қолға алып отыр. Мұның артында ұлты­мыздың мәдениетін дәріптеу, төл өнерін таныту секілді мақсаттар жатыр», – дейді этнограф. 

Бекен Қайратұлы асық туралы да құнды ақпаратымен бөлісті. «Жуырда Моңғолия жерінен археологтер 2 мың жыл бұрынғы ғұндар дәуіріне жататын асық­тарды тапты. Ол жерден 20-30 шақты асық шықты. Әрбір асықта ру таңбалары бедерленген. Соның ішінде төрт үлкен асықта ғұндардың төрт үлкен ру таңбасы бар. Ал ол таңбалар Шыңғыс ханның таңбаларымен сәйкес келеді. Демек, Шың­ғыс хан барлық әскери жүйе, құры­лым­дарды, ғұн дәуірінен қалған мәрте­белерді көшіріп алынғаны нақты­ланып жатыр», – дейді ол. Осы асық ату ойыны турасында бізге мәдениеттанушы Зира Наурызбаева да ерекше мәлімет айтты. 

«Асықтар тарихына келер болсақ, сонау алғашқы адамдар да асық жинағаны жайлы деректер бар. Таласбек Әсем­­­­­құловтың айтуынша, асықты бүгінгідей балалар ғана емес, ересек адамдар соның ішінде төрелер, хан-сұлтандар, батырлар ойнаған. Соның бірі – тәртікем ойыны. Оның ендігі бір атауы – «Төрт тарап, жеті ықылым, қырық тақта». Ертеректе ол Шыңғыс ханның кіндігінен тараған текті тұқым төре ұрпақтарының соғыс ойыны саналған. Кем дегенде 200 мыңға дейін, одан асса 500 мың асықпен ойналған. Тәртікем ойыны аумағы ат шаптырым, айнадай жарқыраған ақ тақырда өткізілген. Ойынға ат үстінде де, жаяу жүріп те қа­тысуға болады екен. Қолбасшылар мен сардарлар кейде асықтарды өздері атса, кейде бұған арнайы көмекшілері ара­­­ласқан. Асық­­­тардың түсіне қарай олардың дәрежесі анық­талған. Қырық телімге сызбаланған ойын алаңының қақ орта­­­сында «Бақ» деп аталатын қала орналасады. Ойынға қаты­­сатын тараптар осы қалаға иелік ету үшін жан алысып, жан беріскен тартысқа түсетін болған. Бұл арада асықтар әскердің қыз­­метін атқарып, өз ішінде жаушы, жауынгер, қолбасшы, сатқынға бөлінеді. Бұл ойын­­ның астары белгілі бір оқиғаға, жөн-жо­сық­қа негізделгендіктен, соғыс тағдыры алдын ала шешіліп қойы­латын болған», – дейді ол. 

Сонымен қатар ата-бабаларымыз қой­­дың құмалағынан да ойынның сан түрін ойлап тапқан. То­ғыз­құмалақ ойыны осыдан қал­са керек. Археолог-ғалым­­дардың пайым­­­­­­­­дауынша, оның пайда болу мерзімі төрт мың жыл шамасын қамтиды екен. Жас ұрпақ­­­­тың дене шынықтыру тәр­­­­биесімен қатар, ақыл-ойының да­муына да ерекше мән берген баба­ларымыз тоғыз­­­­құмалақты ойлап тауып, оны зияткерлікті да­­­мыту құралы ретінде қол­­данған. Бүгінгі күні ұлттық ойын­ның бұл түрі де жанданып келеді. Оған халық­­­­аралық деңгейде де қызы­ғушылық артып келеді. Мәселен, бұл ойынға шетелдегі қазақтар ғана емес, Англия, Гер­­­мания, Испания, Ресей, АҚШ сияқ­ты мем­лекеттер халқы да қызы­­­­ғушылық танытуда. Біздіңше, бұл ұлттық ойыны­мыздың маңыз­­­­дылығын көрсетеді. Осы тұста айта кетерлігі, тоғыз­құмалақ ойыны Лондон және Чехия ел­­­дерінде өткен зияткерлік олимпиаданың бағдар­лама­сына еніп те үлгеріпті. 

Ендеше қандай ойын түрі болмасын, оның шығу тарихы тереңде екенін, бұл ойын түрлерімен ойнаған адамның санасы тез дамып, ойы ұшқыр, алғыр болатынын байқадық. Бүгінде сонау көне тарихы бар бұл ойын түрлері жаңа заманның талабына сай өзгеріп, дамып жатқанына қуанбау мүмкін емес.

TURKTIME һәм түркі бірлігінің айнасы

Бүгінде түрлі жерде түтінін түтетіп, елдігін түлетіп отырған түркілер Қазақ­­­станға келген сәтте «Атажұртқа келдік» дейтіні жасырын емес. Түркістанды түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы санай­тыны тағы бар. Бұл жай ғана жасанды, жалынды сөз емес. Түркілердің Алтайдан тарағаны рас. Қазір түркілердің бірлігіне айрықша көңіл бөлініп, Түркі мем­лекеттері ұйымы, ТҮРКПА, Түркі акаде­миясы, ТҮРКСОЙ және өзге де ұйымдар жұмыс істейді. Мұның ішінде жалпы түркіге ортақ көшпенділер ойыны да түбі бір түркілер үшін достықтың, ын­­тымақтастықтың бір кепілі сынды. Қазір түркі елдерінің басын қосатын ең үлкен ұйым, ол осы Түркі мемлекеттері ұйымы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Түркі мемлекеттері ұйы­­мының 10-шы самми­­тінде негізгі баян­дамасын жасап, «Түркі дәуірі» (TURKTIME) деген ұранды ерекше атады. «Осыған орай, салт-дәстүр (Traditions), біртектілік (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy)» атты сегіз мәселеге басымдық береміз. Бұл басым­­дықтар ұйымның 20-шы сам­митіне дейінгі он жылды қамтитын қысқа және орта мерзімге арналған. Шын мә­­нінде, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор. Біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйы­­мының, оның құры­­­лымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпал­­дастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріп­теуіміз керек. Сонда ғана түркі халық­­­та­­рының ынтымағы барынша ны­ғайып, әлеуеті арта түседі», – деген еді Мемлекет басшысы.

Осы ретте биыл елімізде өтетін бесінші Көшпенділер ойыны осы бірлігімізді бе­кемдей түсуге, ынтымағымызды нығайта түсуге сеп болары анық. Тарихы мен түбі ор­тақ түркі халықтары үшін мұның да маңызы айрықша болмақ. 

Ұлттық ойындар – еліміздің бренді 

«Алты күн аш қалсаң да, атыңды сайла» деген тұщымды ой айтып, ұшқыр қиялды қанат еткен қазақ халқы тарихи керуен жолдарын тұлпар тұяғымен тоздырған. Содан болса керек, біздің ұлттық ойын­­да­рымыздың дені – ат спортына қатысты. Ежелгі Ботай қонысында жылқының алғаш қолға үйретілгені жөніндегі деректер біздің көнеден бергі тіршілігіміз атпен байла­нысты екенін дәлелдесе керек-ті. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бей­не­сі – батырлар заманының ең танымал эм­б­ле­­­масы, соны­­мен қатар атты әскердің пайда бо­­­луына байланысты қалыптасқан көш­­­­пен­ді­лер әлемі «мәдени кодының» айрық­­ша эле­­менті болды. Танымал ақын Ты­­ныш­тықбек Әбдікәкім «Сөзтанымда «Атқа міну мәде­ниетінің» де өз пәлсапасы бар. Ол ғылым «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісі­­­нес­­­кенше», «Жыл­қыға бас білдіру», «Қазақ – жылқы­мінезді» секілді рухани сансыз формулалардан басталып береді. Олар өз кезегінде, Адамдық Рух пен сана­­­­ның «кентаврлық» (жартылай адам – жартылай жылқы) сипатын да тамаша ашып береді. Ол да – Адамтанудың сыры ашылмай жат­қан ежелгі бір концепция­­сы», – дейді. Со­дан болса керек, аламан бәйгелер мен жарыс­­­­тар­­да қазақтың өзгеден бәсі жоғары. Бұ­­ған ке­­шегі әйгілі шабандоз, әлем­ге та­ныл­­ған жер­­­­лесіміз Бауыр­жан Мыр­за­баев, жылдам­­­дығымен дүйім жұрт­ты ау­­зына қаратқан қазақстандық Кабирхан жыл­­­қысы дәлел. Ән әлемінде Димаш Құдай­­­бергенов қалай дүйім жұртқа таны­­мал болса, ұлттық спортта да осындай жұл­­­­дыздар әлі де шы­­­­ғуы ғажап емес. Еліміздің ұлттық брэндіне айналмасына кім кепіл? Жо­ғарыда бүр­­­­­кітші қыз Айшолпан туралы айттық. Айшолпанның ізін басқан сің­лілері де аз емес. Мәселен, Аяжан Да­нияр­­қы­­­зының көп­шілікті тәнті етер көркі ғана емес, құс­­бе­­­гілікпен айна­­­лыс­қан ер­­лі­гіне де таң жұрт­тар же­­терлік. Ол өзі­­­­­нің құсбе­­­гі­­лік­пен ай­­на­­лысып жүр­­­­­­ге­ніне ша­мамен 2 жыл­дай бол­­­ға­нын айтады. 

«Басында Сұл­тан­­сері этно-өнер ор­та­лығы әлеу­­мет­­тік же­­­­лілерге жа­­­­­рия­­­­лаған садақ­шы қы­­­­з­­дар кас­тингі бо­­йынша келген бо­­­­­­­­­ла­­­­­тын­­мын, сонда ұс­­тазым Сұлтансері Бекет­­ұлының құс­тар­мен айналысып жүр­­­­генін көріп, ба­сында қол­­ғабыс болып, кейіннен осы жолды таңдауға бел будым. Өзім кіш­­­кен­­тайым­нан жануар­ларды жақсы көре­­тіндіктен болар, бүр­­кіттерге тез бауыр бас­­тым. Құс­бегі мен олар­дың қыран­­­дарының ара­сындағы байланыс үрейге емес, өзара сый­­ластық пен сенімге негіз­­делген деп са­­­наймын. Ол қыран құстың болмысын түсіну, ғасырлар бойы қалып­­­тасқан дәстүр аясында терең достық пен ынтымақ­­­­­тас­тыққа тәрбиелеу болып табы­­лады. Бүркіт аңшы серігі ғана емес, ортақ тари­­хымыз бен мәдени мұра­мыздың сим­­во­­лына ай­налды. Сондықтан мен осы жолды таңда­дым. 2023 жылда өткен бар­лық дер­лік тур­­­нирлер мен жарыс­­тарға қатысып келе жатырмын, ең алғаш фи­­налға шыққан жа­­рысым Көкшетау қа­­ласында өткен жарыс болды. Бүркітімнің сол жерде ұш­­қырлығы 2 секундқа қалып қалды. Деген­­мен сол жарыстан кейін ба­ғым жанды десем бола­­ды. Кейін өткен барлық дер­­­лік жа­­­рыстарда ақ­­тық мәреге дейін өтіп жүрдім», – дейді ол. 

Демек, ұлттық спорттың ұрпақ тәр­биесіне берер тағылымы зор. Жастарымыз шетелдік әртістерге емес, қазақы таным­­дағы тарихи мұраларға, ұлттық ойындарға қызығып, ұлтжанды болып тәрбиеленуіне ұлттық спорт ерекше үлес қосып келеді. 

Елімізде осындай мақсатты негізге алған «Ұлттық се­зім» флешмобы да ұйым­­­­дас­­ты­­рылып келеді. Бұл баста­­­маның мақ­­­саты – мәдени құндылық­та­рымыз бен салт-дәс­­­­­түтүрімізді дәріптеу арқылы ха­лық­тың бір­лігін нығайту. Флешмобқа қатысушылар бір күн бойы заманауи стиль­­­­ге негізделген ұлттық киімдер киіп, дәстүрлі нақыштағы сәндік бұйымдар та­ғып жүреді. «Ұлттық сезім» жобасы ал­ғаш рет 2023 жылдың 1 желтоқсанында баста­­­­­лып, кейін жобаны 7 мыңнан астам адам қолдаған болатын. Бұл да болса ұлттық идеолгияның бір үлгісі болса керек. 

 

ТҮЙІН: 

Ұлт ойындары – ертеден-ақ жалпы этнографиялық әдет-ғұрыппен бірге дамып, жетіліп, ендігі жерде өз алдына бір бөлек зерттеуді керек ететін қазақ этнографиясының бір бұтағы. Кезінде 1950-60 жылдарда әйгілі футболшы Пелені Бразилия ұлттық құндылық деп жариялап, үстінен құс ұшырмай аялағаны мәлім. Тіпті, адамның өзін ұлттық құндылық деп есептеп, оған айрықша қолдау білдірген мұндай ұлттар аз емес. Бұл ретте тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін осынау ұланғайыр даламыздың құндылықтарын дамыту – бізге міндет, болашаққа парыз. Жазушы Антуан де Сент-Экзюпери «Кеме жасау үшін оған алыстан атақты ұс­талар мен ағаш шеберлерін шақыртып, құ­рал-сайман жинаудың қажеті жоқ. Одан да сол кемеге мінетін халықтың мұхитқа де­ген мәңгілік аңсарын оят. Олар кемені өз­де­рі жасап алады» деген екен. Демек, елдің ұлттық құндылықтарға деген ықыласын ояту – ұлт болашағы үшін де маңызын жоймақ емес.

Наурызбек САРША