Түркістан облысының Жетісай ауданында мектеп күзетшілері шу шығарды.
Түркістан облысында мектеп күзетшілері жалақысын ала алмай жүр
497
оқылды

Аудандағы 63 білім ошағын қарауылдайтын азаматтар екі айдан бері жалақы алмаған. Өткен жылдан бері күзет компаниясының қарамағына өткендер айлықтың азайып, күнкөрістің қиындап кеткенін айтады, – деп жазды Aikyn.kz.

Еңбек инспекциясына арызданайын десе, жұмыс берушілер тіпті ешқайсысымен еңбек келісімшартын да жасамапты.

Qazaqstan арнасы хабарлағандай, екі жүзге тарта күзетші айлығын даулап әкімдіктің алдына жетінші рет жиналды. Бәрінің талабы біреу, заңды жалақымызды төлесін дейді. Айтуынша, өткен жылдың қыркүйек айынан жекеменшік компанияның қарамағына өткелі бері жұмыс беруші ойына келгенін жасапты. Бастапқы жалақысы 70 мың теңгеге кеміп, еліміздегі ең төменгі айлыққа да жетпей қалған. Мектепті тәуліктеп күзететіндер қазір тіпті нан алуға ақшамыз қалмады деп налиды.

Әр мектепке Білім басқармасынан 550 мың теңге бөлінеді. Алайда қарауылдарға тек жетпіс мың айлық төленеді. Қалған қаражат қайда жұмсалады?

Жалақысын даулаған жұртпен кездесуге күзет компаниясының басшылығы келмеді. Тек телефон арқылы тендердің өткенін күтіп жүргенін жеткізді. Ал білім саласының қызметкерлері болса мәселе қаражатқа тіреліп тұрғанын айтады.

«Облыстық басқарма тарапынан күзет қызметі үшін ақша наурыз айына жоспарланған. Қазіргі таңда біз сол ақшаны осы ақпан айында алуға бюджеттік өтінім бергенбіз. Дәл қазіргі таңда білім бөлімінің есебінде күзет қызметі үшін төлейтін ақша жоқ», – деді Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков.

Шыдамы таусылғандар жиналып аудандық прокуратураға ұжымдық арыз қалдырды. Қадағалау орган өкілдері енді күзет компаниясының бейберекет әрекетін заңдық тұрғыда тексермек.

«Бұл ұсыныс негізінде еңбек инспекциясына, бақылау басқармасына және Жетісай аудандық білім бөліміне ұсыныс енгізілетін болады. Аудан прокуратурасы қадағалау актісін енгізіп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады», – деді Жетісай аудандық прокуратурасының прокуроры Нұрмахан Дүйсенбеков.

Жекеге өтіп, тірлігіміз түзелмеді дегендер жауапты министрліктен мектеп қарауылдарын білім бөлімдеріне ауыстыруды сұрайды. Себебі он жыл бұрын да қарауылдарды жеке компанияға ауыстырғанда жалақыдан қысылып, күнкөріс қиындап кеткен.