Сот Атырау қаласы әкімінің атына жеке ұйғарым шығарды.
Жер дауы: Атырау тұрғыны қала әкімін сотта жеңіп шықты
Жоғарғы Сот
1,917
оқылды

Атырауда қала әкімінің қаулысына қарсы сотта тұрғын жеңіп шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Деректерге сай, әкім тұрғын үйді кеңейтуге қосымша жер учаскесін бермек болған.  Аtyraupress жазғандай, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы тұрғынның әкімге талабы бойынша әкімшілік істі қарады.

"Талапкер сотқа Атырау қаласының әкіміне әкімшілік талап арызбен жүгініп, жауапкердің іс-әрекеті жер заңнамасының талаптарына қайшы екенін айтты. Мүдделі тұлға Н.-ға 2004 жылдан бастап талапкер қоршап алған жер учаскесі заңсыз берілген екен. Сондай-ақ Н. жауапкер өтінішті қарау кезінде ҚР Жер кодексінің 43-бабында көзделген тәртіпті сақтамаған. Осыған байланысты, азамат Е. тұрғын үйге кеңейту түрінде мүдделі тұлғаға қосымша жер учаскесін беру бөлігінде заңсыз деп тануды және қаулының күшін жоюды сұрады", – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Кейін сот шешімінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған мүдделі тұлға – азамат Н.-ның апелляциялық шағымы бойынша іс қаралған. Сот Атырау қаласы әкімінің атына жеке ұйғарым шығарды.

"Соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауының негізі жауапкердің жер заңнамасының талаптарын бұзуы болды. Бұл талапкердің заңды құқығының, бостандығы мен мүддесінің бұзылуына әкелді. Атап айтқанда, жауапкер бұрын пайда болған жылжымайтын мүлікке құқықтың басымдығын, тараптардың даулы жер учаскелерін салуын ескермеген. Сондай-ақ Жер кодексінің 43-бабы 2-тармағын бұза отырып, жер комиссиясының отырысын аудио-бейне тіркеуді жүргізбеген", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.