Ақ үй билігі Қытай елінің электромобильдері ұлттық қауіпсіздікті әлсіретеді дейді. Федералды органдар тексерісті бастады.
Қытайдың электромобильдері қауіпті ме?
Қытайлық көліктер америкалықтарға неге қауіпті? Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: ViewStock
3,063
оқылды

АҚШ-тың құпия деректері Бейжіңнің қолына түседі деген алаңдаушылықты Ақ үй басшысы Джо Байден білдіргенін Financial Times басылымы жазды. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz қытайлық көліктер қандай қауіп төндіретінін түсіндіреді.

Ақылды камералар мен электроникамен «нығыздалған» қытайлық Voyah Zhuiguang электр көлігі. Фото Dongfen сайтынан алынды 

Ақ үй басшысы Джо Байден қытайлық ақылды көліктер АҚШ қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін дейді. АҚШ нарығына жаппай еніп жатқанынан секем алған Үкімет қытайлық «қосылған» көліктердің (ғаламдық және ұлттық ақпараттық желілерге), соның ішінде электр көліктердің америкалықтардың қауіпсіздігіне қаншалықты нұқсан келтіретінін тексеруді тапсырды.

АҚШ президенті болса өзінің Сауда министрлігіне қытайлық «қосылған» көліктерді экспорттау арқылы ұлттық қауіпсіздікке зиян келтірмеу үшін қандай шешімдер қабылдау керектігін анықтауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл «бұрын-соңды болмаған» қадам Американың «динамикалық автокөлік өнеркәсібін» сақтау үшін жасалған.

Ақ үй басшысы Джо Байден қытайлық ақылды көліктер АҚШ қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін дейді. Фото radio1.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Ресей Президентінің баспасөз қызметі

«Қытай автомобиль нарығында әділетсіз тәсілдермен үстемдік етуге бел байлады. Қытайдың саясаты біздің нарықты өз көліктерімен толтырып, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін. Мен бұған жол бермеймін», – деп мәлімдеді Байден бейсенбіде (29 ақпанда).

АҚШ президентінің айтуынша, көліктердің көпшілігі қазір «қосылған», бұл оларды «дөңгелегі бар смартфондар сияқты» қолдануға жол ашады. Ол қытайлық көліктердің АҚШ азаматтары мен инфрақұрылымы туралы құпия деректерді жинауы мүмкін екенін және бұл ақпарат Қытайға қайтарылып, оның үкіметіне көліктерге қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретініне алаңдайтынын айтты.

«Қытай америкалық көліктерге және Қытайда жұмыс істейтін басқа шетелдік көліктерге шектеулер қояды. Неге Қытайдың «қосылған» көліктері біздің елде кепілдіксіз жұмыс істеуіне рұқсат беру керек?», – дейді Байден.

АҚШ-тың Сауда министрі Джина Раймондо да қытайлық көліктер құпия ақпараттарды жинай алатынын айтады. Фото Bloomberg сайтынан алынды. Авторлығы: Qilai Shen 

АҚШ-тың Сауда министрі Джина Раймондо «қосылған» көліктер көлік жүргізу бағыттарынан бастап оның иесінің биометриялық деректеріне дейін үлкен көлемдегі құпия ақпараттарды жинай алатынын айтады.

«Қытай сияқты мұндай ақпаратқа кең көлемде қол жеткізе алатын шетелдік қарсыластың АҚШ азаматтарының ұлттық қауіпсіздігі мен жеке өміріне үлкен қауіп төндіретінін түсіну үшін көп қиялдаудың қажеті жоқ», – дейді ол.

Раймондо «Қытайда шығарылған көліктер Құрама Штаттарда кең тарағанға дейін» АҚШ-тың шара қолданатынын айтты. Егер электрлі жаңа көліктер тек қытайлық бағдарламалық жасақтаманы пайдаланбаса және жиналған деректерді тек қытайлық топтарға бермесе, ондай «қосылған» көліктерге Қытай Үкіметі рұқсат бермейтінін Ақ үйдің ұлттық экономикалық кеңесшісі Лаэль Брейнард та атап өткен.

 

Фото AP Photo сайтынан алынды. Авторы: Ng Han Guan

Шенеуніктер қауіпсіздіктің салдарын атап өткенімен, Вашингтон Қытайдың өнеркәсіптік қуатының артуына және қытайлық компаниялардың халықаралық нарықтарға өнімдерін, соның ішінде электр көліктерін көптеп шығарып жатқанына алаңдайды.

Жақында АҚШ-тың қазынашылық шенеуніктері Financial Times газетіне электр көліктері Байден әкімшілігі Қытайдың АҚШ пен басқа нарықтарды басып қалу мүмкіндігіне алаңдайтын салалардың бірі екенін жариялаған. «Бұл тергеу ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірумен байланысты. Дегенмен бұл АҚШ-тың қуатты автокөлік индустриясын қолдаудың кеңірек стратегиясына сәйкес келеді», – дейді шенеуніктер.

Қытайлық BYD электр көліктері АҚШ пен Еуропа нарығына сыналап кіруде. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Focke Strangmann/AFP/Getty Images

Вашингтондағы Қытай елшілігі тергеудің «ашық кемсітушілік тәсілін» қолданғанын айтады: АҚШ Қытайға экспорттайтын көліктердің құны Қытайдың АҚШ-қа экспорттау құнынан үш есе артық болған.

«Біз Америка Құрама Штаттары бұл тергеуді дереу тоқтатады деп үміттенеміз. Ұқсас тергеулерді бастаудан аулақ болады және Қытайдан импорттау және Қытай компанияларының АҚШ-тағы инвестициялары сияқты қалыпты экономикалық және сауда әрекеттеріне кедергі жасауды тоқтатады деп санаймыз», – дейді елшілік өкілі Лю Пэнгю.

Бұл қадам Байденнің Қытаймен байланысты сауда мәселелерін 2016 жылғы бірінші президенттік науқанының негізгі бөлігіне айналдырған ықтимал қарсыласы Дональд Трампқа қарсы қайта сайлану науқаны кезінде жасалғанын да ескеру қажет.

Вашингтондағы Қытай елшілігі америкалық биліктің «ашық кемсітушілік тәсілін» қолданғанын айтады. Фото dw.com сайтынан алынды

АҚШ шенеуніктері бұл жағдайдың Қытайда электромобильдер шығаратын америкалық Tesla компаниясына қалай әсер ететінін болжау әлі ерте екенін айтады. Өткен жылы Қытайдан АҚШ-қа экспортталған электр көліктерінің үштен біріне жуығы Tesla-ның Шанхайдағы зауытында шығарылған көліктері болды.

Қытайда Tesla иелері қауіпсіздік шектеулеріне тап болды, оның ішінде көліктерде орнатылған камералар қауіп төндіреді деген алаңдаушылықпен Пекин билігі кейбір әскери кешендердің тұрақтарына Tesla көліктерін қоюға тыйым салды.

Әскери қызметкерлер мен кейбір құпия мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне Tesla көлігін жұмысқа баруға қолдануға тыйым салынғаны да хабарланды. Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск камералардың тыңшылық үшін пайдалану мүмкіндігін жоққа шығарған.

Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск камераларды «тыңшылық үшін пайдалану мүмкін емес» дейді. Фото hi-news.ru сайтынан алынды

Атын атамауды өтінген америкалық шенеуніктің айтуынша, Сауда департаменті транзакцияларға тыйым салу немесе жеңілдету шараларын талап ету сияқты бірқатар әдістерді қолдануға құқылы, бірақ бұл тарифтерді қамтымайды.

Кейбір сарапшылар Байден сол кездегі президент Трамп импортталатын тауарларға енгізген тарифтер арқылы Қытайдың АҚШ-қа электр көліктерін сатуын қиындататын ережелерді бекітетінін күтуде.

Тағы бір шенеунік Вашингтонның «қытайлық электр көліктеріне тыйым салуға ешбір ықылас танытпайтынын» айтады және тергеу көліктердің өздері емес, көліктердегі технологияға байланысты екенін жеткізген.

Мына видеодан қытайлық автоөндіруші компаниялардың керемет серпілісінің құпиясы айтылған:

Бұл қадам АҚШ-тың Қытайдан қауіпсіздікке қатер төндіретін барлық тауарлар мен қызметтерге қарсы тұрудың соңғы әрекетін білдіреді. Байден әкімшілігі Қытайдың бизнес топтарына жасанды интеллектен бастап кванттық есептеулерге дейінгі салаларда әскери мақсатта қолданылуы ықтимал алдыңғы қатарлы америкалық технологияларды сатып алуды қиындату үшін қатаң экспорттық бақылау енгізді.

Байден осы аптада Қытайға және басқа қарсыластарға, соның ішінде Ресейге АҚШ азаматтары туралы құпия жеке деректерді алуды қиындатуға бағытталған жарлық шығарғаны да белгілі болды.