"Біз сейсмикалық қауіпті аумақта тұрамыз әрі жер сілкінісі болған, болып та жатыр және бола береді де. Өз басым үйімде түнеймін, ешқайда қашпаймын", – деді Сәрсенбаев.
"Алматылықтар бүгін түнде үйінде болғаны жөн бе, әлде қауіпсіз жерге кетіп қалғаны дұрыс па?": сейсмолог жауап берді
Фото: kazpravda.kz
4,586
оқылды

Сейсмолог Дәулет Сәрсенбаев "Алматылықтар бүгін түнде үйінде болғаны жөн бе, әлде қауіпсіз жерге кеткені дұрыс па?" деген сауалға жауап берді, – деп хабарлады nur.kz.

"Біз сейсмикалық қауіпті аумақта тұрамыз әрі жер сілкінісі болған, болып та жатыр және бола береді де. Өз басым үйімде түнеймін, ешқайда қашпаймын", – деді Сәрсенбаев.

Төтенше жағдайлар департаменті комиссия отырысынан кейін тұрғындар үйіне оралуына болатыны туралы ақпарат тарағанын растады. 

Айта кетейік, Алматыда бүгін, 4 наурызда сағат 11:22-де қатты жер сілкінді. Қалада дабыл қосылды. ТЖМ өкілдері жер сілкінісінің қуаты 5 балл болғанын хабарлады.

Жерасты дүмпуінен кейін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісіне байланысты видеоүндеу жасап, халықты дүрлікпеуге шақырып, бірінші сілкіністен кейін не істеу керек екенін айтты. Алматы, Алматы облысы, Жетісу облыстарында жедел желі телефондары жұмыс істейтіні хабарланды.

Алматы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев Алматыдағы қатты жер сілкінісінен кейін афтершок болуы мүмкін екенін ескерткен еді. Алматы қаласы ТЖД хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан. Қазақстанның оңтүстік астанасында жер сілкінісі 5 балл болып сезілді. Жер сілкінісінен кейін қалада көлік кептелісі туындады. Алматылықтарға жақын маңдағы қабылдау пунктін қалай табуға болатыны айтылды.

Сейсмологтар алматылықтарды 16:00-ге дейін қоғамдық қабылдау пункттерінде болуға шақырды. Мектептердегі, колледждердегі және университеттердегі сабақтар тоқтатылды.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға үйіне қайтуға рұқсат берді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Мемлекет басшысына Алматыдағы жағдай туралы баяндады.

Алматы қаласы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев брифинг барысында Алматыда болған жер сілкінісінен бір адам зардап шеккенін айтты. Оның Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйеніп айтуынша, 18 жасар алматылық жігіттің екі тобығы сынған.