Ұлтымызда «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, араласып қана қоймай, үл­кен нәтижелерге қол жеткізетінін аңғара аламыз.
Аманат арқалаған арулар
1,442
оқылды

Себебі қоғамның түр­лі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі басым екені рас. «AMANAT» партиясының жанындағы «Әйелдер қанаты» мен «Қа­рыз­сыз қоғам» жобасының негізінде елге танылған асыл жандар – соның дәлелі. 

Саналы қоғам құруға атсалысқан

Ақнұр Жұмабаева – «Алтын алқа» иесі, 8 баланың анасы, «AMANAT» партиясының Алматы қалалық Әйелдер қанатының кеңесшісі. 

«Менде бірінші орында бала-шағам, отбасым дер едім. Қоғамда белсенді болсам, сол балаларымның болашағы жарқын болса екен, саналы қоғам құруға атсалыссам екен деген ойдан шыққан әрекет. Жолдасым – отбасындағы жалғыз бала. Сол себепті біз көпбалалы отбасы болуды армандадық», – дейді «Алтын алқа» иегері Ақнұр Құрасбекқызы. Жолдасымен бірге айрандай ұйып отырған отбасы үш ұл және бес қыз тәрбиелеп отыр. 

Қарқынды дамып келе жатқан заманымызда әйел адам өзін ана ретінде ғана емес, өз саласының кәсіби маманы ретінде де жүзеге асыруға мүмкіндігі болуы керек екенін айтады Ақнұр. Отбасының қамқоршысы, көпбалалы ана ғана емес, кәсіби жұмысын жолға қойған, оған қоса қоғамдық жұмыстармен айналысып, белсенділік таныту көпке үлгі боларлық іс. 

«Мемлекет тарапынан демографиялық даму сұрақтарына ерекше мән берілуде, көптеген игі істер атқарылуда, әйелдер үшін жеке бизнесті дамытып, кәсіпкерлерлікпен айналасып аяққа нық тұруларына барлық жағдай жасалып жатыр, оған қоса көпбалалы отбасыларға қаржылық және басқа да қиындықтарды жеңуге көмектесетін бағдарламалар мен әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Соның арқасында мен де көпбалалы ана бола тұрып кәсіпкерлікпен айналысамын. Екі жоғары экономикалық және заңгерлік білімім бар, экономика ғылымының магистрімін. Консалтинг компаниясын басқарып, 22 жылдан бері бағалау, сарапшы және заңгерлік қызметін ұсынудамын».

Еліміздегі көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен өтбасылардың жағдайларына үнемі алаңдаушылық танытып отыратын «Алтын алқа» иегері әлі де болса мемлекет тарапынан қоғамның осал топтары мен асыл жанды аналарға жасалар қамқорлықтың және әділ шешімдердің болуын қадағалап, жөнсіздіктің алдын алу мәселесіне бел шеше араласуда. Өзі айтып кеткендей, балаларының ұлағатты ұрпақ болып өсуі жолындағы жасап жүрген үлгілі істерін өзгелерге тәлім ретінде ұсынып, қасына өзі тәрізді белсенді жандарды біріктіріп, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының астына ұйысуды насихаттап келеді. 

Шебер Альбина

«Бүгін кәсіпті жеке емес, бірлесіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып жүргізу тиімді екеніне көзім жетті», – дейді алматылық кәсіпкер Альбина. 

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен болып жатқан қаржылық сауатты арттыру курстарына қатысқаннан кейін жоғарыдағыдай ой түйген тігінші Альбина – 4 баланың анасы. Өзі жас болса да көпке бас болып былғарыдан түрлі бұйымдар тігуді 4 жыл бұрын бастағанын айтады. Алғашқыда банктен несие алып, бір ғана тігін машинасын сатып алған шақта кәсібінің жолға қойылып кететініне күмәнданған. Дегенмен тәуекелге бел байлап жұмысты тоқтатпай, жүргізе берудің арқасында қазір біршама белестерді бағындырып отыр. «Мен «AMANAT» партиясының үлкен қамқоршы екенін білмедім. Қазір партиямыздың белсендісі әрі «Әйелдер қанатының» мүшесі бола жүріп көп іске көзім жетті. Енді мен өз білімімді еш ақысыз өзгелерге үйретуді қолға алдым. Бұйырса, серіктестер тауып бірлесіп жұмыс жасау ниетім де жоқ емес», – дейді. 

Тапсырыспен таза былғарыдан әйелдерге арналған түрлі үлгідегі сөмкелер тігумен айналысатын Альбина Боранбайкызы қазір 8-7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар дайындаған сөмкелердің қымбат шетелдік үлгілерден еш айырмашылығы жоқ.

Даңққа жеткізетін жол – еңбек

Фарида Жүнісова 2010 жылы «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты құс фабрикасының негізін қалады. Өндірістік қуаттылығы жылына 3 000 тонна құс етін құрайтын құс фабрикасы Жамбыл облысы Байзақ ауданының Мырзатай ауылында орналасқан. Жасыратыны жоқ, тоқырау кезінде қаңқасы ғана қалған құс фабрикасын сатып алғанда талайдың таң болғаны рас. 

Бірақ іскер әйел алған бетінен қайтпады. Кәсіпорынды аяғына тұрғызып, жұмысын жандандыра түсті. 2019 жылы фабриканың өндірістік қуатын жылына 8 мың тоннаға дейін жеткізу үшін инновациялық жобаны қолға алып, 6 қосымша өндірістік нысан салынды. Сою цехының қалдықтарынан жылына 250 тонна ет-сүйек ұнын өндіретін цех пайдалануға берілді.

– Қоғамның, өңірдің, агроөнеркәсіптің дамуына сіңірген азды-көпті еңбегім ескерусіз қалған емес. Сонымен бірге ел аумағындағы және Ресей мен Нидерландыдағы құс фабрикаларында болдым. Жеке кәсіпкерлікпен бірге аналық міндетімді де абыроймен атқарып келемін. 1 ұл, 2 қыздың анасымын. Бизнесте, қоғам өмірінің бел ортасында жүрген жан ретінде уақыттың тығыздығына қарамастан бала тәрбиесіне көңіл бөлуге тырысамын, – дейді кәсіпкер Фарида Амансарықызы. 

Бүгінде кәсіпорында 247 адам жұмыспен қамтылған. Оның 80 пайызы – жергілікті тұрғындар. Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру мақсатында 6 қосымша өндірістік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 

«Кез келген даңққа жеткізетін жол еңбекпен салынады», – дейді кәсіпкер Фарида.

Басты мақсат – аналарға кәсіп үйрету

Сонау батыс өңірінде шалғайдағы Ақсуат ауылында кәсібін дөңгелеткен Ләззат Сейткереева – Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты. Ол бүгінде талай нәзік жанды азаматтардың аяққа тұрып, бизнесін дөңгелетіп әкетуге сеп болып жүр. Жергілікті жердің мал өнімдері оның ішінде жүннен өнім өндіріп, оны өңдеумен айналысатын кәсіпорынның қазіргідей қуатты қалыпқа түсуі жолында талай қиындықты бастан өткергенін айтады.

«AMANAT» партиясының жанынан ашылып жатқан түрлі мүмкіндіктер әйел қауымының екінші тынысын ашуға ерекше сеп болып отыр. Қазір көп отандастарым оның ішінде әйел азаматтар қарыздан бас көтере алмай жүр. Өте өкінішті. Осы бір олқылыққа ана ретінде жүрегім ауырады. Кейбіреуінің қарызын өтеп берсем, енді біріне шамам келгенше демеу болып жүрмін. Тағы біреулеріне бизнес ашудың қыр-сырын үйретемін», – дейді Ләззат.

Ләззат Мұратқызы – қазір «AMANAT» партиясының қолдауымен өтіп жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының белсендісі. «Жобаға қатысудағы басты мақсатым – қаржылық сауаттылығымды арттыра отырып білмегенімді үйрену. Өзім үйреніп қана қоймай, жанымдағы жандарға үйретсем, сөйтіп аз да болса өзгеге себім тисе деген мақсаты да бар. Кәсіпкер тек мал өнімдерін өңдеумен ғана емес, қоғамдық тамақтандыру саласында да біршама тәжірибе жинақтаған. 2019 жылғы әлемді жайлаған індет уақытында талай жанның үйіне тағам мен ас-су тасып, далада елдің саулығы үшін пост бекеттерде күзетте тұрған әскерилерге де талай рет тегін түрде ыстық тағам тасып індеттің сейілуіне қолдан келгенше көмегін тигізген жан. 

Тындырымды Раушан

Раушан Тұранова – «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының Әйелдер қанаты, «Инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу» қозғалысының, «Дети Ангелы Кокшетау» денсаулығында ерекшеліктері бар балалардың ата-аналары бірлестігінің үйлестірушісі. 

Раушан Сәлімқызының ұстанатын басты мақсаты – әртүрлі санаттағы әйелдерді қолдау. Қоғамдық жұмыс аясында денсаулығында ерешеліктері бар балалар тәрбиелеп отырған ата-аналар, толық емес және көпбалалы отбасылар, кәсіпкерлерді ынталандырып, «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы бойынша ақпараттық қолдау жасап келеді. 

Бүгінде қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырылып, балалардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру үстінде. Қайырымдылық концерті мен жәрмеңкеден жиналған барлық қаражат есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №4 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы ДЦП ауруына шалдыққан Әлиасқар Әміржановтың анасына бермек ниеттеміз. Бүгінде Әлиасқар Қытай елінде ем алуда. Балақайдың жазылып кетуіне аз да болса септігіміз тисе деп ойлаймын. Барлық бастамаларыма қолдау білдіріп, қамқоршы болатын «AMANAT» партиясына алғысым шексіз», – дейді Раушан Сәлімқызы. 

Раушан Тұранова ерекше қажеттілігі бар баланың анасы және ерекше балалар қамқоршысы бола жүріп талай бастаманың қозғаушысы бола білген. 

«Инклюзивті ортаны құру идеясы қазіргі қоғамда адамдардың, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуі мен бейімделуі үшін жағдай жасау қажет. Мен бірнеше қауымдастыққа жататын қоғам белсендісі ретінде жұмысты жүйелеп, ауқымын кеңейткім келді. Сонымен бірге «Қолқанат», «Тірек болу» әлеуметтік жобасын жасап, жүзеге асыруды ұсындым», – дейді.

Бұл жобадағы жұмыс қайырымдылық қаражат жинауды емес, халықтың әртүрлі топтарын және инклюзивті қоғамды дамыту үшін тең мүмкіндіктер жасауды көздейді. Жоба қоғамды да, саяси құрылымды да қамтиды. Атап айтқанда, осы әлеуметтік жобаға қолдау көрсеткен Ақмола облысы әйелдер альянсының төрайымы Анаргүл Мұхамедрахимованың да белсенділігін айта кету керек. 

Бердібек ҚАБАЙ