«Атамекен» ҰКП жанынан Nur Otan-ның бастауыш партия ұйымы құрылды
«Атамекен» ҰКП жанынан Nur Otan-ның бастауыш партия ұйымы құрылды
323
оқылды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымның орталық аппаратының жанынан Nur Otan-ның бастауыш партия ұйымы құрылды. «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бастауыш партия ұйымын құру жөнінде бастама көтерген партия мүшелерімен кездесті. Оның айтуынша, бастауыш партия ұйымдары «Nur Otan»-ның өзегі және қозғаушы күші болып табылады.
«Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бастауыш партия ұйымдарының рөлі артып отыр. Осынау «бастауыш партия ұйымдары» партияішілік праймериз жүйесі арқылы кандидаттарды Мәжіліске және барлық деңгейдегі мәслихаттарға ұсына алады. Оны өткізу ережесінің жобасын күні кеше өткен партия Бюросы мақұлдады. Бұл ішкі партиялық демократияның дамуына жол ашатын ашық және бәсекелі іріктеу болады. Елді өркендетуді қалаған және сол жолда бар күш-жігерін жұмсағысы келетін кез келген азамат «Nur Otan» партиясына мүшелікке өтіп, праймеризге қатыса алады», - деді Бауыржан Байбек.
Партия төрағасының Бірінші орынбасары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттің әлеуметтік серіктесі ретінде соңғы 7 жылда қазақстандық бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және кәсіпкерлік ортаны дамыту бойынша қомақты жұмыс атқарды деп атап көрсетті.
«Өздеріңізге мәлім, бизнес экономикалық дамудың қозғаушы күші және инновацияның негізгі таратушысы ғана емес, сонымен бірге халықты жұмыспен қамту бойынша маңызды әлеуметтік миссияны атқарады. Халықтың орта бөлігінің өзегін құрап, азаматтық қоғамның тірегі болады. Сондықтан «Nur Otan» партиясы әрқашан отандық бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді қуаттап келеді және қолдай да береді. Партиямыздың Доктринасында айтылғандай, өзара жауапкершілік және әріптестік мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының маңызды қағидаттары болуы тиіс», - деп атап көрсетті ол.
«Атамекен» ҰКП басқармасының төрағасы, 2013 жылдан бері партия саяси кеңесінің мүшесі болып табылатын Абылай Мырзахметов өз кезегінде «Nur Otan»-ның негізгі құндылықтарын жұртшылыққа жеткізу қажеттігіне назар аударды.
«Еліміздің қол жеткізген барша жетістіктері Елбасымен тікелей байланысты. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы әртүрлі заң жобаларын қарау кезінде бизнестің пікірін ескере отырып, кәсіпкерлер палатасымен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Бастауыш партия ұйымының құрылуы арқасында «Nur Otan» партиясының қатары толыға түсіп, партиялық тетіктер арқылы жемісті жұмысты ары қарай жалғастыратынымызға сенімдімін», - деді Абылай Мырзахметов.
Қазіргі кезде елімізде «Nur Otan»-ның 4700-дей бастауыш партия ұйымы қызмет етеді. Ол 900 000-нан астам адамды біріктіріп отыр. 1 300-ден астам бастауыш партия ұйымының базасында партияның қоғамдық қабылдауларының жұмысы ұйымдастырылған. Оған тек өткен жылдың өзінде 213 000 азамат жүгінген.