Бүгінде қоғамда жастардың несие алып, қарызға батуы кеңінен етек алып барады. Күні кеше Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында елімізде 18-20 жас аралығындағы 480 мың адамның тұтынушылық қарызы бар екенін атап өтті.
Жастардың қарызға батуына не себеп?
Нұрсұлтан Жорабаев
2,507
оқылды

Оның ішінде проблемалық қарыз алушылардың саны 47 мың адамға жетті.

Әлеуметтік желіде лудоманияға ұшырап, өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдер мен жастар туралы ақпаратқа қанықпыз. «Досыма несие алып бердім, алайда төлемей қойды», «Банк арқылы қолма-қол ақша аламын деп 1 200 000 теңгеге алдандым» деген оқиғалар да бізге етене таныс. Тіпті, жақындарының өтініші бойынша, бірнеше миллионды өз мойынына арқалағандар да аз емес. Одан қала берді, виртуал әлемдегі «18 жастан бастап машина аласыздар!» деген секілді жалған жарнамаға сеніп, сан соғып қалғандар да баршылық.

Бүгінгі кейіпкеріміз Азамат та (аты өзгертілген) досына жанашырлық танытып, өз атынан несие алып берген. Соңында банкке берешекті өзі төлеуге мәжбүр болған.

– 3-курс оқып жүрген кезімде маған досым кредит алып беруін сұрады. Ол ата-анасынан айырылған, жұмыс пен кәсіпті ерте бастаған жігіт еді. Өз еңбегі мен күшінің арқасында тіршілік етіп жүрген досыма сеніп, өз атымнан кредит алып бердім. Шамамен, 2 миллион теңге. Бастапқы 2 ай төледі де, одан кейін төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін, сол себепті басқа қалаға кетіп бара жатқанын WhatsApp арқылы жазып жіберді. Амал жоқ, өзім төлеуге тура келді. Уақыт өте келе, ол жігіттің үлкен қарызға батқанын естідім. Сөйтсем, тағдырдың тура жолымен келе жатқан жігіт бір уақытта табаны тайып, санасы сарсылып, лото мен букмекерлік кеңселерден бір-ақ шығыпты, деді ол.

Аталған жағдайдан зардап шеккен кейіпкер бұл оқиға оның өміріне қалай әсер еткені туралы да баяндап берді:

– Қарыздан құтылу үшін жаныма жақын емес істермен айналыстым, қара жұмыс істедім. Студенттік жылдарымның біраз уақытын өлтіріп алдым. Керек емес нәрсеге бар уақытымды арнау арқылы өзімнің жан қалауымнан бас тарттым. Басқа жандардың өздерін дамыту мақсатында оқыған оқуы мен жүргізген кәсіптеріне қызығып жүрсем де, менің ойымда тек сол қарызды жабу бірінші орында тұрды. Себебі ата-анам бұл жағдайды білмеуі керек болды, – деді ол. 

Енді ойлаңызшы, бір ғана шалыс қадам өзге адамның тағдырына қалай әсер етті? Біріншіден, оны студенттік өмірінен айырды. Екіншіден, бар ынта-зейінімен сабақ оқуына бөгет болды. Үшіншіден, қара жұмысқа ерте кезден араласуына мәжбүрледі. Сол себепті мамандар ұдайы ешкімге, еш уақытта несие алып бермеу керегін алға тартады.

Экономист Мақсат Халық жастардың несие алуына бірден-бір себеп  жалған даңғазалық пен дақпырттық, бәсекелестік деп санайды.

– Қазір адамның дәрежесі киген киімі мен ұстаған телефоны арқылы өлшенеді. Мектеп оқушысынан бастап, студенттердің дені кемі жарты миллион тұратын iPhone ұстауға әуес. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы баласына қалаған дүниесін алып бермеген жағдайда, қатарынан қалғысы келмеген олар не істейді? Әрине, несие алады. Қаржылық сауаттың төмендігі де осы мәселеге сеп болып отыр. Бұл ретте білім ошақтарынан бастап оқушыларды қаржылық сауаттылыққа баулуымыз қажет. Арнаулы пәндер енгізіліп, жүйелі түрде ұйымдастыру жұмыстары жүргізілсе, болашақта қарызы аз қоғамды қалыптастыра аламыз, деді М.Халық.  

Ал Айсұлу есімді студент «жұмыссыз жастар өзінің қажеттілігін жабу үшін қарыз алуға құмартып тұрады» деген пікірде.

– Қазір көптеген жас бөліп төлеу арқылы қажетті заттарын алады. Несиені өтеуге келгенде ақшасы болмай, микрокредитке ұрынады. Бір сөзбен айтқанда, несиені несиемен жабады. Оның үстіне, жастардың көп бөлігі жұмыс таба алмай, сандалып жүр. Егер студенттерге арналған жұмыс орындары қарастырылса, төленетін жалақы арқылы өз қажеттілігін өтеп, несиеге жоламас еді, – деді студент Айсұлу Алимова.

Енді бір қуанарлық жайттың барын да айта кетейік. Бұрын жастар ресми табыс көзі болмаса да, несиені рәсімдей алатын. Енді табысы жоқ студенттерге несие берілмейді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы ресми түрде мәлімдеді. Жаңа талап бойынша, егер студент кредит алатын болса, оның ай сайынғы табысының 50 пайызы кредитін өтей алуы қажет. Не десек те, аталған норманың болуы қоғамда жастар арасында қаржылық мәселенің бар екенін аңғартады. Әрі оның алаяқтыққа ұласып, бәз біреудің тағдырын бүлдірмеуі үшін сіз болып, біз болып, қоғамдық сананы азаматтық һәм адами принциптерге негіздеп, Шәкәрім Құдайбердіұлының бір-ақ ауыз өлеңіндегі «Ақ жолдан айнымай, ар сақтау» танымын жүрекке қондыра алсақ, аталмыш мәселенің де азаяры анық.

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті