Бортында 153 жолаушысы бар ұшақтың командирі мен екінші пилоты да ұйықтап қалған. Жолаушылар ұшақтың басқарусыз қалғанын, бағытынан ауытқығанын білмеген
153 жолаушы мінген ұшақтың командирі де, екінші ұшқышы да ұйықтап қалған
Фото biletik.aero сайтынан алынды
8,750
оқылды

Индонезияда орын алған әуедегі оқыс оқиғаның сәтті аяқталғанын businessinsider.com сайты жариялады. 153 жолаушы мінген ұшақтың ел астанасына аман-есен қалай қонғанын Aikyn.kz сол материалға сүйеніп түсіндіреді.

Batik Air компаниясының бірінші Airbus А320neo ұшағы. Фото airbus.com сайтынан алынды

Индонезияның Ұлттық көлік қауіпсіздігі комитеті (KNKT) жариялаған есеп бойынша, Индонезияда 153 адам мінген ішкі рейстің командирі мен екінші ұшқышы 30 минутқа жуық ұйықтап қалған.

Оқиға қаңтар айында Индонезияның Оңтүстік-Шығыс Сулавеси провинциясындағы Кендариден ел астанасы Джакартаға қайтар рейс кезінде болған. Batik Air Airbus A320 әуе кемесінің 32 жастағы командирі ұшақ 11 000 метр биіктікте болған кезде басқаруды екінші ұшқышқа тапсырып ұйықтап қалған. Хабарламада оның ұшудан бір күн бұрын дұрыс ұйықтай алмағаны айтылған.

45 минуттан кейін оянған командир 28 жастағы екінші ұшқышқа демалуды ұсынады, ол демалудан бас тартқан соң командир ұйқысын жалғастырады. Бұдан кейін екінші ұшқыш 20 минут әуе қозғалысының диспетчерлерімен және стюардессалармен сөйлескен соң өзі де ұйықтап қалады.

Batik Air Airbus A320 әуе кемесінің жолаушылары. Фото airliners.net сайтынан алынды

Екінші ұшқыштың соңғы жазылған хабарынан кейін жиырма сегіз минут өткен соң, командир оянып, екінші ұшқыштың да ұйықтап жатқанын және ұшақтың бағытының өзгергенін көреді.

Екінші ұшқышты оятқан командир әуе диспетчерлерінің қоңырауына жауап беріп, ұшақта «радиобайланыс ақауы» болды деп түсіндіреді. Сәтін салғанда ұшақ ешқандай қиындықсыз Джакартаға қонады.

Көптеген ұзаққа созылатын әуе рейстерінде резервтік ұшқыштар болады, олар басқа ұшқыштарды демалту үшін басқаруды қолына алады.

Шамамен екі сағат 40 минутқа созылатын Batik Air рейсі сияқты қысқа қашықтыққа ұшу кезінде бір ұшқыш қысқа уақыт ұйықтай алады, ал екіншісі басқару элементтерін бақылауды жалғастырады. Бұл шаршаған ұшқыштың демалуы мен қауіпсіздікті жақсартуға арналған.

 

Индонезияның Ұлттық көлік қауіпсіздігі комитеті (KNKT) хабарлауынша, екінші ұшқыш та рейс алдындағы түнде жеткілікті демалмаған. Комитет ұшқыштардың аты-жөнін жарияламады, бірақ екеуі де Индонезия азаматтары екенін айтылған. Batik Air өз мәлімдемесінде «ұшқыштарды демалдыру саясатымен жұмыс істеп жатқанын» және «қауіпсіздік бойынша барлық ережелер орындалатынын» мәлімдеген.