Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Гейдар оғлын Әзербайжан Республикасының президенті сайлауында айқын жеңіске жетуімен тағы да құттықтады.
Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты
Фото: Ақорда
648
оқылды

Президент өз сөзінде қонақжайлық көрсеткені үшін әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Гейдар оғлын Әзербайжан Республикасының президенті сайлауында айқын жеңіске жетуімен тағы да құттықтады, – деп хабарлады Ақорда.

Президенттің айтуынша, дауыс беру қорытындысы Әзербайжан көшбасшысының стратегиялық бағдары жалпыхалықтың қолдауына ие болғанын және оған жұртшылықтың сенімі жоғары екенін анық көрсетті.

– Сізді әзербайжан халқының жалпыға бірдей танылған көшбасшысы деп білеміз және халықаралық аренада да осындай тұлға ретінде қабылдайды. Сонымен қатар Әзербайжанның өз егемендігін қалпына келтіру ісінде тарихи жеңіске жеткеніне шын жүректен қуаныштымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Астана мен Баку ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын дамытып отырғанын ерекше атап өтті.

– Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес, одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді. Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор.  Мен COP29 саммитіне қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабыл аламын. Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абыроймен атқаратыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әзербайжанмен арадағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бері 5 есе артты. Әрине, бұл цифр соншалықты таңғаларлық көрсеткіш емес шығар. Бұл бағытта жұмыс істеу керек, алайда қазіргі сауда қарқыны оң бағалауға лайық. Елдеріміз айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біз бұдан да зор жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Шын мәнінде, ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Біз бүгін мұнай мен газдан бөлек, көлік пен логистикадан бастап, цифрландыруға дейінгі мәселелердің бәрін қарастырдық. Халықаралық аренада табысты жұмыс істеп жатқанымызға көңілім толады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы делегацияларымыз өзара жемісті қарым-қатынас жасап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қазақ-әзербайжан қатынастарын нығайтуға мәдениет саласындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру ісі де оң септігін тигізуде. Мәселен, қасиетті Түркістан мен Шуша шаһарлары, сондай-ақ Орал мен Мингечевир, Шымкент пен Гянджа қалаларының арасында бауырластық қатынас орнады.

– Мен елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарға баса мән беремін. Бұл халықтарымызды жақындату тұрғысынан өте маңызды. Сумгаит қаласындағы көше Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталды. Біз сол үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ Астана қаласындағы көшеге Гейдар Әлиевтің есімі берілді. Бұл екі елдің ұлы тұлғаларын ұлықтауға арналған елеулі оқиға болды. Былтыр Әзербайжанда Қазақстан мәдениетінің күндері табысты өтті. Әлгінде өзіңіз айтқандай, ертең Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығын ашамыз. Бұл да біздің ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымыздың символы болатыны анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің қызметі екі ел ынтымақтастығына тың серпін береді және қазақ-әзербайжан қатынастарын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп санайды.

Өз кезегінде Әзербайжан президенті Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысының тарихи мәніне тоқталды. Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары мен Мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы екі ел қарым-қатынасының алдағы күн тәртібін айқындайды.  

– Қазақстан мен Әзербайжан – бауырлас мемлекеттер. Халықтарымыз ғасырлар бойы тату, бауырлас ел ретінде ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Соңғы кездері біздің бір-бірімізге жасаған сапарымыздың жиіледі. Осыдан-ақ өзара қатынастардың қарқыны қаншалықты күшейе түскені айқын көрінеді. Біз Қазақстанның әр табысына қуанамыз. Сізді және бүкіл бауырлас Қазақстан халқын әлеуметтік-экономикалық және инновациялық даму жолындағы керемет жетістіктерімен құттықтағым келеді. Сонымен қатар біз екі елге ортақ жобалар туралы әңгімелестік. Мен Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас ел ретінде жәрдем бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығымды білдірдім. Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының әзербайжан халқына тартуы ретінде Президент Тоқаевтың бастамасымен бой көтерді. Ертең біз достығымыздың орталығына айналатын осы нысанды ашамыз. Сондай-ақ Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әлбетте, Әзербайжанда Қазақстанды бәрі сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды деп ойлаймын, – деді Ильхам Әлиев.

Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысында сауда-экономика, инвестиция, мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, цифрлық коммуникация және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастықты дамыту мәселелері қарастырылды.