Жұмабай Шаштайұлы 1950 жылы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында туған.
Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті
Фото: qalamger.kz
1,334
оқылды

Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті. Қаралы хабар туралы журналист, ақын Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіде жазды.

«Қасиетті Оразаның екінші күні қазақтың біртуар қаламгері, асыл ағамыз Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтыпты… Өкінішті… Сөз жоқ… Бірнеше буынға ұстаз болған, тап-таза қалпынан айнымай, соңынан бірауыз бөтен сөз ілестірмеген Жұмағаң туралы айтар жақсы әңгіме көп. Сізді сағынатын болдық… Бақұл болыңыз, Аға… Біз Сізге әлі ораламыз…», - деп  жазды Жанарбек Әшімжан.

Жұмабай Шаштайұлы «Коммунизм жолы» газетінде, 1980-1987 жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987-1990 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеді. 

1990-1992 жылдары «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. 

2002 жылдан Қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарды. 2008-2017 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған.

«Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа «Қияда» атты алғашқы повесі енді. 1984 жылы шыққан «Қызыл қар» атты тұңғыш жинағы сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға ілікті. «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс» (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997), «Жаңғырық» романы (2004), таңдамалы 2 томдық жинағы (2010) және «Аяз би» романы «Жазушы» баспасынан қайта басылып шыққан (2013).

Qazaqstan ұлттық телеарнасында «Үзеңгі жолдас» бағдарламасын жүргізген.