Ғалымдар қан сынамасы арқылы адамның соңғы 24 сағатта ұйықтамағанын білуге болатын әдіс тапты.
Жүргізушінің ұйықтамағанын 99 пайыз дәлдікпен білуге болатын әдіс табылды
Фото Depositphotos сайтынан алынды
1,860
оқылды

Аустралиялық ғалымдардың ұйықтамаған адамдарды қан сынамасы арқылы анықтау әдісін тапқанын newatlas.com сайты жазды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz ғылыми жаңалықтың маңызы мен қолдану аясын түсіндіреді.

Фото jlutgenslaw.com сайтынан алынды

Ұзақ уақыт ұйықтамау көлік құралдарын жүргізуде, өндірісте жазатайым оқиғалардың қаупін күшейтетіні белгілі. Медицина қызметкерлері, ұшқыштар, көлік жүргізушілері және түнгі ауысымдағы жұмысшылардың көпшілігі ұйқының жетіспеушілігін бастан өткереді. Ұйқысы қанбаған адам өнімді жұмыс істей алмайды, оның өндірістік жарақат алу ықтималдығы өседі, қауіпсіздігі мен өмір сапасы төмендейді.

Аустралияның Monash University-інің ғалымдары адамның 24 сағат немесе одан да көп уақыт бойы ұйықтамағанын дәл анықтайтын қан сынамасын жасап шығарды.

Фото carfromjapan.com сайтынан алынды

Түнгі ұйқының болмауы өндірістегі жазатайым оқиғалардың қаупін арттырумен қатар, ауыр жарақаттарға, тіпті қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Аз ұйықтау немесе мүлдем ұйықтамау біздің қазіргі қоғамда жиі кездеседі. Жұмысқа, оқуға, отбасылық міндеттерге көп уақыттың бөлудің нәтижесі болып саналады.

Қазірде ұйқының жетіспеушілігін бағалайтын көз қарашығының реакциясын, көздің баяу жабылуын өлшейтін құралдар бар. Олардың нәтижелері жарық және адреналин деңгейі сияқты факторлармен бұзылуы мүмкін. 

Ал Monash University-інің зерттеушілері адамның 24 сағат бойы ұйықтамағанын дәл анықтайтын қан сынамасын жасауға кіріскен. «Бұл ұйқыны зерттейтін ғалымдар үшін шынымен қызықты жаңалық және ұйқының жеткіліксіздігімен байланысты денсаулық пен қауіпсіздікті басқаруды өзгертуі мүмкін», – дейді зерттеу тобының мүшесі Клэр Андерсон. 

Фото statisticsofantarctica.com сайтынан алынды

Машиналық оқыту алгоритмін пайдаланған зерттеушілер 40 сағат бойы ояу болған кезде ұйқының жоғалуын болжайтын метаболиттер жиынтығын анықтаған. Олар ағза тағамды, дәрі-дәрмектерді, химиялық заттарды ыдырату кезінде пайда болатын заттар. 

Ғалымдар осы биомаркерлерді тексеріп, 24 сағат бойы ояу болған адамдар мен жақсы демалған адамдардың қан сынамаларының әртүрлі болатынын байқаған. Осылайша, ұйықтамаған адамдарды 99,2% дәлдікпен анықтай алған.

Зерттеушілер мұндай тәсілмен ұйықтамаған жүргізушілерді оңай, жылдам және дәл анықтауға болады деп сенеді. Андерсон бес сағаттан аз ұйықтау көлік жүргізу қауіпсіздігін едәуір төмендететіні туралы дәлелдер бар екенін, ал 24 сағаттан көп ұйықтамаған жүргізушіні аустралиялық заңдарда рұқсат етілген алкогольдің көлемінен екі есе көп ішкен адаммен салыстыруға болатынын айтады. Олар жүргізушінің ұйықтамағанын тексеретін сынақты жүргізушілерді алкоголь концентрациясына немесе есірткі қолдануға тексерумен теңестіруін ұсынуда.

Бұл видео күлкілі болғанымен ойлантады:

Жолда немесе жұмыс орнында ұйқының бұзылуына арналған сынақтарды енгізу бойынша заңдарды өзгертуге көп уақыт қажет болатыны белгілі. Сондықтан бұл биомаркерлерді одан ары қарай сынауды, сондай-ақ жолдағы, өндірістегі қауіпсіздікті күшейтуге қолдануды жалғастыру керек.

Алкогольді тестілеу жол-көлік оқиғаларын және соған байланысты ауыр жарақаттар мен өлімді азайтуға қалай көмектессе, адамның ұйықтамағанын анықтау да көптеген ауыр жарақаттар мен қайғылы оқиғалардың алдын алуы әбден мүмкін. Зерттеу Science Advances журналында жарияланған.