Әлемге өзінің смартфондарымен танылған технологиялық алпауыт енді электр көліктерін шығара бастады. Xiaomi компаниясының алғашқы электромобилі SU7 таныстырылды.
Смартфон шығаратын компания керемет электр көлігін ұсынды (видео)
Xiaomi электромобилі SU7. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
2,804
оқылды

Қытайлық Xiaomi технологиялық алпауыты бәсекеге қабілетті автомобиль өнеркәсібіндегі алғашқы қадамы туралы BBC News сайты хабарлады. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz смартфон мен электр көлігінің өндірісі арасындағы ұқсастықты талдайды. 

Xiaomi бас директоры Лей Цзюнь Mi Mix Alpha смартфонын таныстыруда. Фото ixbt.com сайтынан алынды

Смартфондармен танылған Xiaomi өзінің өндірісін диверсификациялау мақсатында электр көлігін (EV) шығару нарығына келді. Қытайдың бесінші ірі смартфон өндірушісі елдің 29 қаласында тапсырыс қабылдайтын 59 дүкені бар екенін айтты. Жаңа көлікке тапсырыс осы дүкендер арқылы жүргізілмек. Ал көліктің бағасы 28 наурызда жарияланады.

Бұл әлемдегі ең үлкен автокөлік нарығы Қытайда BYD және Tesla сияқты компаниялар арасындағы баға соғысының өршуі кезінде ұсынылған алғашқы көлік.

Өткен жылы Speed Ultra 7 (SU7) тұсаукесері кезінде Xiaomi бас директоры Лей Джун компания әлемдегі ең ірі бес автокөлік өндірушілерінің бірі болуды мақсат етіп отырғанын айтты. Смартфон алыбы алдағы 10 жылда автокөлік бизнесіне 10 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлаған.

SU7 көлігінде «супер электр қозғалтқыш» технологиясы қолданылған. Фото arenaev.com сайтынан алынды

Лей мырза Tesla және Porsche электромобильдеріне қарағанда жылдамырақ болуға  SU7 көлігіне «супер электр қозғалтқыш» технологиясы көмектесетінін мәлімдеген. Xiaomi сонымен қатар телефондар мен басқа құрылғыларда қолданылатын операциялық жүйенің осы модельде қолданылуы тұтынушыларды қызықтырады деп үміттенеді.

Xiaomi Қытайдың электрлі көліктер нарығына шығуға Үкіметтің рұқсатын алған компанияның бірі, өйткені шенеуніктер бұл нарықта жаңа ойыншылардың келуін шектеп отыр. 

Бұл да 1,4 млрд халқы бар алпауыт мемлекеттің нарығында экономиканы қолмен басқаруға деген саналы қадамдар. 20 млн халқы бар Қазақ елінің нарығында жаңа өндіріс ашу, тауар мен дайын өнімдер экспорты мемлекеттің қолдауынсыз мүмкін еместігі 30 жылда жақсы байқалды. Біздің мемлекет инвесторларға барынша оңтайлы жағдай ұсынып өндіріс аша алмай отырғанда, алпауыт нарықтарда жаңа өндіріс ашуға деген ұмтылысты Үкіметтің өзі шектеуге мәжбүр.

Бар мәселе нарықтық экономика заңдылықтары мемлекеттегі халықтың санына, яғни, нарықтың сыйымдылығына тікелей тәуелді екенін қазақ ғалымдары мен экономистері тезірек түсінсе елдің экономикасындағы стратегия да өзгеріп, жаңа өсу нысандары пайда болар еді деп ойлаймыз.

Xiaomi-дің жаңа өндірісіне келер болсақ, SU7 көлігін шығару жылына 200 000 көлік жинауға мүмкіндігі бар BAIC Group мемлекеттік автокөлік өндірушісінің Бейжіңдегі зауытына тапсырылмақ.

Xiaomi Automobile құрылымының жаңа өнімі Қытайдағы электр көліктерінің нарығындағы баға соғысының күшею кезеңіне дәл келді. Сондықтан да жаңа көліктің бағасын өндіруші кешірек жариялауға ынталы. 

Мультимиллиардер Илон Маск басқаратын Tesla соңғы айларда Қытайдағы көліктерінің бағасын мыңдаған долларға төмендеткен. Өйткені BYD сияқты жергілікті бәсекелестер көліктерінің бағасын төмен деңгейде ұстауда. Жаңа көлік өндірісі туралы хабарландырудан кейін Xiaomi акциялары Гонконгта 10%-дан астамға өскен.

Фото arenaev.com сайтынан алынды

Қысқаша анықтамалар

Xiaomi – 2010 жылы құрылған қытайлық технологиялық корпорация. 2021 жылы ол смартфондарды сату бойынша көшбасшы болды. Смартфондардан бөлек корпорация басқа да электроника шығарады: смарт-теледидарлар, планшеттер, смарт-сағаттар, тұрмыстық техника, электр скутерлері, электр велосипедтері және т.б.

Корпорация смартфондар мен басқа MIUI электроникасына арналған бағдарламаларды, интернет заттары үшін әртүрлі қолданбалар мен орталарды әзірлейді. Электроника сататын өзінің дүкендер желісі бар. Кайман аралдарында тіркелген корпорацияның штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан, акциялары 2018 жылдан бері ашық нарықта Гонконг қор биржасында орналастырылған.

Фото teslaoracle.com сайтынан алынды

Қаңтар айының басында Aikyn.kz бұрын электроникаға аккумулятор шығаратын қытайлық BYD компаниясының электр көліктерін жасай бастағаны туралы мақала жариялаған еді. BYD-тың қазіргі бас директоры Ван Чуанфу 1995 жылы немере ағасымен бірге Шэньчжэньде BYD компаниясын құрғаны белгілі. Компания алғашында өзін смартфондарда, ноутбуктерде және қымбатырақ жапон импортымен бәсекелесетін басқа электроникада қолданылатын батареяларды өндіруші ретінде көрсетті.

Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша, қытайлық BYD компаниясы жаңа энергиялық көліктер (NEV) деп аталатын тек электр көліктері мен гибридтерді қоса алғанда 3 миллионнан астам көлік сатқан.

Компания 2023 жылдың соңғы үш айында 526 000 электр көлігін сатып рекордтық көрсеткішке жеткенін жариялаған. Тек желтоқсан айында сатылым 70%-ға өскен. Шэньчжэньдегі BYD компаниясының мәліметінше, жалпы сатылымның 1,6 миллионға жуығы электр көліктердің үлесінде болып отыр.

Қытайлық компанияның негізгі бәсекелесі америкалық Tesla болса, Уолл-стрит (биржалар) ашылғанға дейін көлік өндірісі мен жеткізілімдері туралы соңғы мәліметтерге сәйкес екінші орынға ығысатын сияқты. Apple компаниясы электр көлігін (EV) жасау жобасынан бас тартқанын Aikyn.kz ақпанда жазды. Енді компания жасанды интеллект жүйелеріне басымдық бермек. 

Осы екі мысалдан қазіргі компаниялар бизнес бағыты мен өндірістік тізбекті жылдам өзгертуге бейім екенін көреміз. Бұған технология мен қаржылай негіз мықты болса жеткілікті.

Қазақстан Үкіметі де заманауи электроникада қолданылатын алюминий, мыс, литий, галий мен германий және басқа да металдар өндіруде шикізаттық потенциалды өсіріп, жаңа өндірістер ашу саясатын қолға ала бастайды деп күтілуде. Өйткені алдағы 40-50 жылда осы металдарға бүкіл әлемде сұраныс еселеп өседі деп болжануда.