Айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін оқиға орнынан қашып кеткен.
СҚО-да мас күйде көлік айдап, кісі өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты
Коллаж: Azattyq Ruhy
702
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тасжолда екі адамды соғып оқиға орнынан қашып кеткен ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған оқиға былтыр 5 тамызда сағат 23:30 шамасында М.Жұмабаев ауданы маңындағы автожолда болған. Е. есімді жүргізуші «Toyota Land Cruiser 100» маркалы автокөлікті басқарып келе жатып, жолда Х. және К.-ны қағып кеткен, сондай-ақ «Audi-80» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін Е. қылмыс орнынан қашып кеткен. Х. және К. оқиға орнында алған дене жарақаттарынан қайтыс болды.

Сот отырысында сотталушы Е. прокурормен іс жүргізу келісімін жасау үшін мүмкіндік беру туралы сотқа өтініш білдірді. Мұндай келісімді жасаудың міндетті шарты – жәбірленушілердің келісімі. Осылайша прокурор мен сотталушы Е. арасында жәбірленушілердің келісімімен іс жүргізу келісімі жасалды. Прокурор сотта Е.-ге көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға және қылмыстардың жиынтығы бойынша 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза қолдануға өтініш беретін болды.

Келісім шарты бойынша сотталушы Е. жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемді төлеуге және іс жүргізу шығындарын өтеуге міндеттелді. Қорғаушы тарап іс жүргізу келісімі мен прокурор сұраған жазаны қолдады.

Іс жүргізу келісімінің барлық шартының сақталуын ескере отырып, сот тараптардың пікірін ескере отырып, Е.-ні 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, қылмыстар жиынтығы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.