Сарыбаев деген кім? Дәл осындай сұрақты Google, әлеуметтік желіге жазып көріңізші. Түрлі жауап аласыз.
Сарыбаевтар династиясы жайлы не білеміз?
wikimedia.org
1,954
оқылды

Тарихшылар Алаш қайраткерлерінің мүдделесі дейді. Музыка мамандары жетіген мен сазсырнайды қазаққа қайта оралтқан зерттеуші деп біледі. Тіл мамандары ұлттық диалектика мектебін қалыптастырушы филолог деп жауап береді. Саясатқа жақын жүргендердің жауабы – дипломат. 2000 жылдардағы эстрадалық музыканы жақсы білетіндер композитор деп білер... Барлық жауап дұрыс. Тек бір ғана кілтипан бар. Жауаптағы бір адам емес. Қаны бір, тегі бір бес түрлі адам. Династия. Отбасылық династия. Сарыбаевтар династиясы.

Сарыбаевтардың ата қонысы Бөкей ордасы болса керек. Кіші жүздегі Он екі ата Байұлының Байбақты руынан тарайды. «Орда жұлдызы» газетінде Г. Қуанышқызы жариялаған мәліметке сәйкес, Сарыбай ХІХ ғасырдың орта тұсында молдалық қызметте және діни сауат ашу ұстазы болған екен. Сарыбайдан Харес пен Хайролла тараса, олардан Шамғали, Мүфтіғали, Ғабит және тағы басқа есімдері бізге белгісіз перзенттер дүниеге келіпті.

Шамғали Харесұлы Сарыбаев (1893-1958) – педагог, әдеби сыншы, аудармашы, журналист. «Орыс мектептерінде қазақ тілін үйрету методикасы» тақыбында диссертация жазған тұңғыш ғалым. Алаш зиялыларымен, әсіресе Ілияс Жансүгіров, Құдайберген Жұбанов, Біләл Сүлеев сынды бірқатар қайраткерлермен тығыз байланыста болған.

1918 жылы жаңадан құрылған Түркістан автономиясында, Ташкент қаласына білім мен мәдениетті көтеру мақсатында сол заманның білімділерін шақыра бастайды. Солардың қатарында Шамғали Сарыбаев та бар. Ташкентте қазақтың алғашқы педагогикалық жоғарғы оқу орнында (бұл кейін Алматыға көшіріліп, бүгінгі күні Абай атындағы ҚазҰПУ атанып жүр), Түркістан Шығыс институтында, Орта Азия жоғарғы коммунистік университетінде педагог, ұйымдастырушы, ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.

Қазақ тілі мен оқыту әдістемесі жайлы 100-ге жуық ғылыми мақала жазған. 1934 жылы Алматыға көшіп, өмірінің соңына дейін тілтану ғылымына қызмет еткен. Филология саласы мамандарының айтуынша, Шамғали Харесұлы қазақ тілін өз заманына сай озық оқыту жүйесін ойлап тапқан. Кейін бұл еңбек тағы бірнеше рет баспадан шыққан оқу құралына айналады.

Шора Сарыбаев (1925-2018) – қазақ тіл білімі ғалымы, профессор, ғылым докторы, коллекционер. Филолог ғалымдардың жазуынша, Шора Шамғалиұлының қалам тартпаған тақырыбы қалмаған екен. Тіл білімін зерттеу саласында көптеген зерттеу жүргізген. Десе де үш сала ғалымның негізгі бағыты болған деседі. Ол – қазақ диалектологиясы, екіншісі – алтаистика (түркология бағыты), үшіншісі – ғылыми библиография саласы.

Соңғы бағыт бойынша ғалымның өзі былай жазады: «Мен 1960 жылы «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» атты еңбегімнің 1-томын жарияладым. Библиографиялық көрсеткіште А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Х. Досмұхамедұлы, Т. Шонанов еңбектерінің (140 еңбек) тізімі берілгендіктен, ол кітап көзі қырағы цензураның қаһарына ұшырап, туралып кетті. Өзім қызметтен босатылып, сөгіс алдым. Соңымнан «саяси сауатсыз» деген ат ерді.

Қазақ тіл білімі сол буынның өнегесінсіз бүгінгі шыққан биігіне жете алмаған болар еді. Бұл күндері мен кеңестік тоталитарлық дәуір атына мініп тұрған алпысыншы жылдары «саяси сауатсыз» атансам да, рухани ұстаздарымның алдындағы шәкірттік борышымды адал атқарғаным үшін қуанамын» (Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі мәселелері. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2000)

Осы жолдардың авторы Шора Сарыбаевпен 2016 жылы жолығып, он күнге жуық Сарыбаевтар әулетінің жеке архивімен жұмыс атқардық. Сол кезде байқағанымыз – ғалымның ұқыптылығы еді. Қандай істі бастаса да, соңына дейін жеткізіп, қайта тексеріп отыратыны. «Күлкі – денсаулықтың мүлкі» дегенді көп қайталайтын. Сол кезде өмір бойы жинаған коллекциясын көрсеткен. Мысалға, «Қайрат» футбол клубына қатысты материалдарымен ерекше мақтанатын. Бұның ішінде түрлі жылда клуб жайлы жазылған мыңдаған газет қиындысы, журналдар, буклеттер, клуб белгілері болатын. (Кейін оқығанымыздай, бұның барлығын көзі тірі кезінде «Қайрат» футбол клубының мұражайына табыстаған екен). Сонымен қатар халық емшілігіне қатысты деректер қапталған бума-бума папкаларды, 3000-ға жуық мақал-мәтелдер жинағын және екі мыңға жетерлік анекдоттар коллекциясы болған. Нумизмат, яғни ескі тиындарды жинайтыны тағы бар.

Жұмыс аяқталып, соңғы күні «сау болыңыз» деп айтуға барғандағы бір әңгімесі есте қалыпты. «Әкем өжет еді. Айтатын кезде тайсалмайтын. Кейде сол айтылған сөз өзіне қарсы келетін. Бірде қонақта отырғанда, «Ахмет Байтұрсыновтан өзгесі саяси әңгіме айтудан қалды» деген екен. Репрессия кезі ғой, отыз жетінші жылдар. Лезде донос түсіп, әкемді тергеді. Тұрып жатқан үйімізден қуып шықты. Бірақ берілмеді. Қайта аяққа тұруға талпынды. Менің де, Болаттың да еш кедергілерге қарамай, доностарға мән бермей, өз жұмысымызды аяғына дейін жеткізгеніміз, әкеміздің қаны болса керек. Әйтпесе әкем де, мен де, Болат та түрлі жаладан өттік қой.

Қашан да біздің тәрбиемізге мән беретін. Әсіресе қазақша сөйлеуімізге көп көңіл бөлетін. Мектепті жақсы оқыдық, үйге келгенде де тек қазақша сөйлесетінбіз. Орысша сөз айтып қалсақ, тілімізден шертіп жіберетін. Ал мектеп аяқталып, жазғы демалыс басталғанда, ауылға апарып тастайтын. Ауыл балаларымен жүріп, қазақшамыз ұмытылмады», ­ деп Шора ақсақал сөзін аяқтап еді.

Өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін қазақтың негізгі дәстүрлі музыкалық аспабы ретінде домбыра ғана таныстырылып жүрді. Ел арасында қобызшылар бен сыбызғышылар жүрсе де көп назар аударылмады. (Тек кейінгі уақытта консерватория ректорларының табандылығымен аталған аспаптар оқу бағдармаласына енгізіліп, кең тарала бастады.) Осы уақытта жас зерттеуші Болат Шамғалиұлы музыкалық аспаптарды жинаумен, зерттеумен айналыса бастаған екен.

Болат Сарыбаев (1927-1984) – қазақтың этноорганология (аспаптану) ғылымының  атасы. Алдымен музыкалық аспаптарды жинаумен айналысып, кейін оларды тәжірибеге енгізуге тырысты. 200-ге жуық данасы бар музыкалық аспаптар коллекциясын жинайды. Бұл коллекцияның негізгі дені – Астанадағы Ұлттық музейде сақтаулы. Коллекцияның алғашқы экспонаты ретінде Дина Нұрпейісованың домбырасы болған екен. «Дина апаның үйінде ремонт болған. Сондықтан біздің үйде жарты жылдай жатты. Баламыз ғой, ана-мынаны көрсетіп, әңгімемізді айтатынбыз. Сол кезде Дина апа Болатқа өз домбырасын сыйлап кетті. Коллекция жинауды інім осылай бастаған еді», – деп Шора Сарыбаев еске алған.

«Ғылым беделге қарамайды, дәлелге қарайды» деген сөз бар. Осы сөзді негізге алған Болат Шамғалиұлы қазақтың музыкалық аспаптарын ғылыми түрде зерттеуге бет алады. Ғылыми диссертация жазып қорғайды. Ғалымның басты жаңалығы – қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының классификациясын (жіктеу) жасауы. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, ұлттық тарихтың тереңдігі мен алуандығын көрсете білді. Сонымен қатар тек теория ғана емес, практикаға да негізделіп сазсырнай, сыбызғы, жетіген, шертер сынды аспаптарды қайта жаңғыртып, халық алдында көрсетті. Шәкірттерімен бірге фольклорлы аспаптар ансамблін құрған. Бұл ансамбль бүгінгі күнде атағы әлемге танымал «Отырар сазы» оркестрінің бастауы болғанын айтып өтуіміз керек.

Шамғали Харесұлы Сарыбаев бастаған династияның үшінші буыны да – елге белгілі азаматтар. Талғат Болатұлы Сарыбаев (1953-2012) әкесімен бірге қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын жаңғыртуға үлес қосып, алғашқы орындаушысы ретінде тарихта қалды. Атақты «Гүлдер», «Арай» ансамбльдерінің жетекшісі болған. Ән шығарған композитор әрі өңдеуші. Елімізде алғашқыларды бірі болып синтезаторды қолданысқа енгізген. Ел арасында кең таралған «Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда. Сақталушы еді сыбаға, Сапарға кеткен ұлдарға, Наурыз айы туғанда» деп айтылатын «Наурыз-думан» әнінің композиторы. Майра Шорақызы Сарыбаева (1957 ж.т.) әкесінің жолын қуып, тіл маманы атанды. Ағылшын тілі факультетін тәмамдаған.

Былтыр, 2023 жылы атасы Шамғали Сарыбаевтың 130 жылдық мерейтойын ұйымдастырушылардың бірі, ғылыми және ғылыми-танымдық, публицистикалық мақалалардың авторы. Салтанат Шорақызы Сарыбаева (1960) – режиссура саласының маманы. Телевидение саласында қызмет екен. Кәбіси және әуесқой археологтармен бірлесіп, волонтерлық негізде экспедицияға шығып, петроглифтерді зерттеумен және сақтаумен айналысып жүр. Қайрат Шораұлы Сарыбай (1966) – дипломат. Германия, Австрия, Түркия мемлекеттерінде елші, ҚР Президенті көмекшісі, ҚР Сыртқы істер министрі орынбасары қызметін атқарған. Бүгінгі таңда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесінің бас хатшысы.

Сарыбаевтар әулетінің төртінші буыны да – түрлі салада жетістікке жетіп жүрген азаматтар. Үлкен атасы Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың жолын жалғастырып, туған еліне қызмет етіп жүр.

Рүстем Нүркенов