«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген қазақ тірлігіне тіреу болған түліктердің тілін білмегенмен, жағдайын тап басып, қажетті күтімін жасап, жан таппайтынын жақсы білеміз.
Береке тасығанда бес қозы туады
4,750
оқылды

Алайда бәрін білеміз деу қателік екен. Бұған дейін қойдың егіздеткеніне жиі куә болғанымызбен, бірден бес қозы туғаны жайлы көрмеппіз де, білмеппіз де. Ешкінің үшемдетіп, төртемдетіп жататынын жұрт айтатын. Енді, міне, көксулық шаруа Ерлан Әлімбаевтың қойлары бірден бесеуден қозылайтынын көріп, таңданып отырмыз. Жағымды жаңалық иесі төтенше тәсіл қолданбай, малын қолдан ұрықтандырмай-ақ табиғи жағдайда бір саулықтан бес төл алған екен. 

Көрікті Көксу ауданындағы Ақтекше елді мекенінің аумағында малшы ауылдағы төрт түлікті өрістетіп, бала-шағасының нәпақасын айырып отырған Ерлан Әлімбаев – осы Ақтекшенің тумасы. Ел тәуелсіздік алған кезеңдерде өзіне тиесілі жерді еншілеп, қолындағы азын-аулақ малдың қамымен атакәсіпті таңдапты. Одан бері де талай жыл артта қалды. Қиындықта болды, табысты кездер де кезектесіп келетін. Ештеңеге мойыған жоқ. Ақыры, атакәсіптің арқасында елден қалмайтын деңгейге жетті. Әкесі Болатбек ақсақал да дала төсіне төрт түлік өргізген қойшы болған. Сол жолды жаңғыртқан Ерекең бүгінде сиыры мен жылқысы, қойы мен ешкісі бар біраз малды бағып-қағып, әулетінің игілігіне жаратып отыр. Биыл бір қойы бірден бес қозы тапқан. Оның айтуынша, былтыр бағымындағы қойларының біразы үшемдетіпті.

 – Осыдан бірнеше жыл бұрын қолдағы қой басын бес жүзге жеткізген­біз. Балалар ер жетіп қалды, алды жан-жаққа кетті. Мектепте оқитындары бар. Қолымыз қысқарып қалған соң, қыруар қойдың бәрін бағуға әйелім екеуміздің шамамыз келмегей, уақ малдың санын біршама азайттық. Тұқымды асылдан­дыру үшін қазіргі кезде шопандардың көбінің таңдауына ие болған гиссар тұқымын өсіруге көштік. Етті тұқым ғой. Басқаларға қарағанда табысты болады екен. Былтыр бес саулығым үш қозыдан туған-ды. Өткен жылға өкпе жоқ. Берекелі болды. Енді, міне, ақ саулық бес қозы туды. Демек, биыл құтты жыл болмақ, – дейді Ерекең ағынан жарылып.

Отағасы өмірлік қосағы Гүлнұрмен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкен екеуі Алматыға оқуға түскен. Қалғандары Ақтекше ауылында мектепте оқиды. Тек демалыс күндері ғана осында келеді екен. Қазір төрт түлік асыраудың оңай емесін елдің бәрі біледі. Қойшылар қасына көмекшілікке адам таппайтыны да жасырын емес. Елді мекеннің маңайы тұтас егістік болған соң, тау бөктерін сағалап, мал бағу тым қиын. Бірақ бейнеттеніп, өсіріп жатқан төрт түлігі осылай төлдеп, отбасының ыры­сын тасытып жатқанын айтқан азамат­тың ертеңгі күнге деген сенімі кәміл. Қолдан ұрықтандыру тәсілін қолдануды қолай көрмейтін шопан «Құ­дай құтыңды тасытамын десе, осылай жарылқайды», – деп қояды. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы