Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Ақтөбе мен Семейде 5 миллиард теңгеге салынған екі жаңа зауыт жұмыс істемейді – Кузиев
Фото: kmg.kz
3,344
оқылды

Сенат депутаттары, алдымен, «1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Құжат нормалары өзара түсіністік пен егемендікті құрметтеу негізінде екі елдің азаматтық, отбасылық, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартының ережелерін жетілдіруді көздейді.

Сондай-ақ хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Литва азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Азаматтарды сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, пациенттердің мемлекет кепілдік берген құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру осы заңның негізгі міндеттері екенін атап өткен жөн.

Заңда азаматтардың медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқықтарын қорғау шаралары және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған басқа да ережелер көзделген.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Сондай-ақ оған бірқатар өзгеріс  енгізіп, құжатты жаңа редакциямен Мәжіліске қайтарды.

Нақты айтқанда, шегілмейтін темекі бұйымдарының, вейптердің, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен электронды  тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сату, пайдалану, демеушілік көрсету үшін жауапкершілікті регламенттейтін нормаларды алып тастауға қатысты өзгерістер енгізілді. Одан бөлек, тауар белгісінің элементтерін немесе шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің атауын пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жарнамалауға және шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға арналған жүлделер, лотереялар, ұтыс ойындарын өткізуге тыйым салу ұсынылды.

«Заң денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытылған. Жаңа нормаларға сәйкес, енді осы саладағы қызметкерлерге үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы және «Өз кәсібінің үздiгі» атағы беріледі. Сенат енгізген өзгерістер заңның жекелеген ережелерін нақтылауды көздейді. Алдағы уақытта заң халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенатор Закиржан Кузиев өзінің депутаттық сауалын жолдады. Ол рұқсат етілмеген қоқыс полигондарына, жұмыс істемейтін қоқыс өңдеу зауыттарына және елде қоқысты сұрыптау деңгейінің төмендігіне қатысты проблемаларды көтерді. 

Елімізде жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық пайда болады. Өткен жылы бүкіл елімізде 5,5 мыңнан астам заңсыз полигон бар екені белгілі болды. Сенатор Закиржан Кузиевтің айтуынша, қазір қоқыс мәселесімен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар тиісті нәтиже бермей келеді.

«Қауіпті және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және кәдеге жарату кезінде қолдаланылатын технология нормативке сәйкес келмейді. Дегенмен бұл ретте ауқымды бюджет қаржысы игеріліп жатыр. Қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі Орталық Азиядағы ірі зауыт құрылысының Алматыда салынуы бірден-бір маңызды жетістік екені белгілі. Алайда  қазір, өкінішке қарай, ол жабылып қалды. Ақтөбе мен Семейде 5 миллиард теңгеге салынған екі жаңа зауыт та тоқтап тұр. Экология министрлігінің қоқыстарды сұрыптаудағы табыс жөніндегі есебі үміт отын жағады, алайда шындықтың ауылы алыста жатыр», – деді сенатор.

Депутаттың ақпараты бойынша, межеленген 18-20% қалдықтың орнына шамамен 5-6% ғана сұрыпталады, қалғаны полигонға жіберіледі. Депутат мысал ретінде Еуропа елдерінің тәжірибесін атап өтті. Олардың принципі – қалдықтарды азайту, оларды қайта өңдеу және қайта пайдалану. Сенатор Германия 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды көметін полигондардан бас тартуды жоспарлап отырғанын және оларды қайта өңдеуді ынталандыратынын атап өтті.

«Қоқыспен жұмыс істеу жағдайын жақсарту үшін бұдан былай қайта өңдеуге жатпайтын қаптаманы пайдалануға тыйым салуды, қоқысты ең алғаш жинақтау орындарында қалдықты сұрыптау жүйесін енгізуді, қоқысты уақытылы шығармағаны және рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі үшін айыппұлды ұлғайтуды, сондай-ақ шетелдік инвесторларды белсенді тарта отырып және әлемдік тәжірибені пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деді сенатор Закиржан Кузиев.