Бакуде «ЮНЕСКО бағдарламасы аясында түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау» тақырыбында конференция басталды.
Бакуде түркі мәдени мұрасына арналған конференция өтіп жатыр
677
оқылды

Бакуде «ЮНЕСКО бағдарламасы аясында түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау» тақырыбында конференция басталды.

Екі күнге жоспарланған іс-шара Түркі академиясының бастамасымен, сонымен қатар Академияның Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Әзербайжан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, Түркі мемлекеттері ұйымының хатшылығы, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) және ADA университетінің Даму және дипломатия институты қатарлы серіктестермен бірлесіп ұйымдастыруымен өтуде. 

Конференцияда екі күн бойы түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауға және оның қазіргі түркі елдері қоғамындағы дамудың түрлі аспектілеріне ықпалын тереңірек түсінуге бағытталған түрлі тақырыптар қамтылмақ.

Шараның ашылу салтанатында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі Әділ Кәрімли, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих Жоғары кеңесінің төрағасы Дерия Өрс, Әзербайжан Республикасы Мемлекеттік туризм агенттігінің төрағасы Фуад Нагиев, Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Оджал Оғыз,  Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (TURKSOY) бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және «Ичери Шаһар» мемлекеттік тарихи-сәулет қорығы басқармасының төрағасы Шаһин Сеидзаде сөз сөйледі.

Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев тарихи-мәдени ескерткіштер мен мұралар нысандарын ЮНЕСКО қағидаттарын негізге ала отырып, қорғау, қалпына келтіру, дәріптеу және тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Тақырыптық сессиялар барысында халықаралық ұйымдардың басшылары, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, ғалымдар мен академиялық қайраткерлер болашақ ұрпақ үшін түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ тарихи ескерткіш нысандарды, жәдігерлерді, салт-дәстүрлерді, тілдер мен әдет-ғұрыптарды қорғаудың қажеттілігі айтылды.

Іс-шараға қатысушылар түркі тарихи-мәдени мұрасын түгендеудің және осы саладағы жүйелі ынтымақтастықты нығайта түсу үшін қажетті тетіктерді құру туралы ұстанымдарға бірауыздан қолдау білдірді.

Тақырыптық талқылаулармен қатар, іс-шара Әзербайжан ұлттық кілем мұражайындағы «Тоқыма өнеріндегі мұра: түркілердің киімдері, кілемдері және ою-өрнектері» көрмесіне бару және Ичери-Шехер тарихи нысандарын аралап көру секілді мәдени бағдарламалар қарастырылған.