Сурет салу – айналадағы кө­ріністі қағаз бетіне түсіру ғана емес, қоғамдық санаға әсер ету, өзіндік пайым қа­лып­тастыру өнері. Сол бір қа­ғаз бетіне түсірілген суреттер өткенімізден хабар беріп, тоқтаусыз тіршілікті айнытпай бейнелеп тұр­ғандай дерсің.
LOOK Gallery – онлайн мұрағат
1,001
оқылды

Зерттеу мен сурет салу өнерін қатар ұштастырып, қайталанбас шығармашылығымен есімі халық жадында сақталған тұлғалар арамызда жиі ұшыраса бермейді. Осындай жарқ еткен жұлдыздың бірі ретінде көпке ұқсамайтын да­рыны мен шығармашылық туындылары арқылы көзге түскен суретші Рустам Хальфин есімін атауға болады. Мамандығы сәу­летші болса да, өз бетінше көр­кемсурет техникасын меңгерген суретші сәулелі ғұмырында Қа­зақстанның арт-қауымдасты­ғының  қалып­тасып, кең қанат жаюына ықпал етіп үлгерді. Шы­ғармашылығында көшпенділерге тән қасиеттерді зерттеп, еліміздің мәдени өткеніне қатысты жеке көзқарасын қалып­тастырған суретші бүгінде Қазақ­стан мен Ор­талық Азиядағы заманауи өнердің басты тұлғасына айналып отыр. Таяуда елімізде Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының LOOK Gallery атты онлайн мұ­ра­ғаты ашылды. Енді суретші туындыларын онлайн нұсқада тамаша­лауға мүмкіндік бар. Онлайн мұра­ғатта Рустам Хальфиннің 900-ден астам жұмысы цифр­лан­дырылған. Суретшінің құнды еңбектерін көпшілік назарына ұсынуда Рустам Хальфин шығар­машылығы қоры мәлімет­тер­ді жинау, жүйелеу және цифрландыру үшін екі жыл уақытын ар­наған. Рустам Хальфин 1999 жы­лы өзінің LOOK Gallery деп ата­латын галереясын ашқан еді. Мұн­да Хальфин инсталляцияларын, түрлі жобаcы мен перформансын жүзеге асырды. Сондықтан жақын­да жарық көрген онлайн мұрағат та сурет­шінің осы бір галереясының құр­метіне аталыпты. 

Онлайн мұрағаттың таныстырылымында арнайы сөз алғандар­дың бірі – куратор, галерист, Қазақстан Ұлттық музейі заманауи өнер орталығының басшысы қыз­метін атқарған Роза Әбенова. Ол көпшілікті қазіргі суретшілер­дің өз туындыларын цифрландырып, арнайы сайтта жариялап отыру мәселесіне мән беруге ша­қыр­ды. Оның сөзінше, бұл ұрпақ­тың өзара сабақтасуы мен кейінгі ұрпақтың алдыңғы ұрпақты тү­сінуіне, нақ­тырақ айтқанда аға буын­ның қандай тақырыпта сурет салғанына үңілуге сеп болмақ.

– Рустам Хальфин шығарма­шылық мұрасының мұндай ау­қым­ды мұрағатын зерттеу және ғылыми тұрғыдан саралау сурет­шінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің көш­басшысы ретіндегі бейнесі жайлы сараптамалық пікірді аша түсуге жол ашады, – дейді галерист Роза Әбенова.

Онлайн мұрағат аясында көр­кемсурет, графикалық еңбек, этюд жұмыстары, суретшінің жеке фотосуреттері, видео-арт, сондай-ақ энвайронмент, инсталляция, пер­форманс фотосуреттері, іскери хаттар, Хальфиннің шығарма­шы­лығы жайлы көпке беймәлім мақа­лалар мен оның осы күнге дейін жарияланбаған мәтіндері цифрландырылды. Қазір онлайн мұра­ғатта 400-ден астам графика, 100-ден астам түрлі көркемсурет бар. Мұнда жарияланған мате­риал­дардың басым бөлігі 80-жылдар мен 2008 жылға дейінгі ара­лықты қамтиды. Қазақ, орыс және ағыл­шын тілінде ұсынылған мұ­рағат заманауи өнер саласындағы кәсіби мамандарға, жас суретшілерге, осы бағытта білім алып жүрген студенттерге және жобаға қызығушылық танытқан жалпы оқырман қауым­ға арналған. Рустам Хальфин мұ­расы қорының негізін қалаушы Руслан Хальфин­нің сөзінше, алғашында қор ашыл­­ған уақытта негізгі екі міндетті алдына мақсат етіп қойды. Оның бірі – суретшінің еңбектерін цифрландырып, желіге жүктеу еді. Қазірдің өзінде бұл міндеттер орын­далып отырға­нымен, жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. 

– Мұрағатта жарияланған көр­кемсуреттер, этюдтер, графика, іс­кери хаттар мен фотосурет сынды материалдар Рустам Ха­льфин­нің не себепті заманауи өнердің қалып­тасуына әсер еткен тұлғалар­дың бірі екенін айқын­дайды. Жоба жұ­мысы әрі қарай жалғасады. Осы ретте 3000 шамасында ақпарат жинақ­талады және кезең-кезеңі­мен цифрландырылады. Хальфин туындыларының цифрлық коллек­циясының пайда болуы – сурет­шінің шығарма­шылық мұрасын сақтап, насихаттау жолындағы маңыз­ды қадам. Одан өзге жария онлайн мұрағат – Қа­зақстандағы қандай да бір суретші жұмыстары туралы мәлі­мет беретін ең алғашқы жоба. Біздің тәжірибе басқа суретшілерге, олардың мұра­герлері мен басқа да институцияларға пайдалы бол­са, біз қуаныштымыз. Тәжіри­бе­­міз­ді бөлісуге дайынбыз, – деді қор не­гізін қалаушы Руслан Хальфин.

Аталған мұрағат Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің қалыптасуына және дамуына қатысты процестерді ескере отырып, суретшіден қалған мұраны зерделеп, оның шығарма­шылық жолымен кеңінен танысуға мүмкіндік береді. 

Алдағы уақытта онлайн мұра­ғат тағы да жаңа материалдармен толықтырылады. Ұйымдастыру­шылардың сөзінше, суретшінің шығармашылығын халықаралық өнер ортасында таныстыру әрі насихаттау мақсатында бірқатар жоба ұйымдастырылады. Биыл күзде ашылады деп жоспарланған Almaty Museum of Arts музейі Рустам Хальфин шығармашылығы туралы арнайы монография әзір­лейді. Монографияның редакторы танымал өнер теоретигі және халық­аралық куратор – Виктор Мизиано. Almaty Museum of Arts музейі өз шымылдығын Рустам Хальфиннің көрмесімен ашады. Суретшінің еңбектері музейдің тұрақты экспозициясында келушілер назарына ұсынылады. Бүгінде Рустам Хальфиннің еңбектері Zimmerli нонконформистік өнер музейі (Нью-Бран­суик, АҚШ), М НКА заманауи өнер музейі (Антверпен, Бельгия), Мемлекеттік Третьяков галереясы (Мәскеу, Ресей), Шығыстың Мем­лекеттік музейі топтамасы (Мәс­кеу, Ресей), Ә. Қастеев атын­дағы Мемлекеттік өнер музейі (Алматы, Қазақстан) мен  Ұлттық музейде (Астана, Қазақстан), сондай-ақ жеке коллекцияларда сақталған.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы