Осыдан бірнеше ай бұрын әріптесімнің жылына бір келетін жекеменшік мерекесі, туған күнін атап өттік. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, бәрі көзді ашып-жұмғанша бір күнде өте шықса да, атаулы күнге дейінгі дайындық барысы біршама уақытты алды.
Wishlist – трендке айналған ұғым
784
оқылды

Бұл туған күннің ең маңызды бөлігі – сыйлық таңдау сәті. Дегенмен осы жолы маған wishlist көмекке келді. Себебі әріптесім туған күні жақындаған тұста әлеуметтік желідегі парақшасына көптен бері қалап жүрген заттарының тізімін жариялады. Сонымен, осы әдіс сыйлық іздеу мәселесін шешіп, уақытты үнемдеуге таптырмас мүмкіндік болды.

Бүгінде wishlist жасау үрдісі жас­тар арасында кең та­ра­лып, әлеуметтік желіде трендке ай­налды. Енді жақындарыңыз қы­­­зығушылығыңыздан тыс сый­лық алып әуре болмас үшін ви­ш­лист әзірлеп, алдын ала қа­лауыңыз­­дан хабар беруге болады. Елі­міз­де вишлист ұғымы ақырындап та­ныла бастағанымен, бұл – он­да­ған жыл бұрын пайда болған үр­­діс. Демек, сыйлықтар тізімін құ­­рау шетелде бұрыннан қол­да­ныста бар деген сөз. Вишлист ұғы­­м­ының түп төркіні сонау 70-жыл­дардан бастау алады. Рож­дество мерекесінің қарсаңында ба­лалар Санта-Клаусқа арнап көп­тен қалап жүрген сыйлық­та­ры­ның тізімін жасайды. Кейіннен бұл дәстүр америкалық мәдениет­тің бір бөлігіне айналып, уақыт өте келе өзге мемлекеттерге тара­ла бастады. 

Wishlist атауының өзі оның түп­­кі мағынасын толыққанды ашып тұр. Ағылшын тілінен ау­дар­­ғанда wish – тілек, list-тізім де­ген мағынаға ие. Тілектер тізімі ар­қылы кез келген адам қалауын­дағы заттарын немесе арман-ті­лек­терін қағаз бетіне түсіре алады. Ви­шлистің жасалу техникасы да аса күрделі емес. Қажетті сый­лық­тар тізімін қағазға жазуға, ком­пью­тер арқылы мәтіндік файлда құ­растыруға немесе әлеуметтік желіде стористе жазба қалдыру ар­­­қылы жариялау мүмкіндігі бар. Тіпті, қазір вишлист құрастыруға ар­налған интернет ресурстар, он­лайн платформалар жұмыс істей­ді. Вишлист әзірлеуде қатып қал­ған қағида, өзгермейтін заң­ды­лық жоқ. Мұнда әркім өз қа­лауы­на, қы­­зығушылығы мен құн­ды­лық­тарына қарай әрекет етеді. 

Вишлист жасақтаудың ең тиімді тұстарының бірі – жа­қыныңыз көңіліңізден шы­ға­тын сыйлықты іздеп бас қатыр­май­ды. Онымен қоса, сізде бұ­рын­нан бар немесе қажетсіз деп тапқан заттар тізімінен алдын ала хабардар бо­лып отырады. 

Әлеуметтік желіде трендке ай­налған үрдіске алматылық жас­тар­дың көзқарасы қандай? Олар атал­ған әдіске сүйеніп көрді ме? Әсі­ресе, көктемнің шуақты күн­дері­мен қатар келетін мереке қар­саңында арулар вишлист жасап үлгер­ді ме? Осы сияқты қызықты сауал­дарымызға жауап алу мақ­са­тында алматылық тұрғындармен әң­гімелескен едік.

Вишлист достарымның арасында танымал

Алматы қаласының тұрғыны, сту­дент Ақниет Қажымұрат виш­лист жариялау – адамның өзі үшін де, өзгелер үшін де ең тиімді әрі ың­ғайлы әдіс деп қабылдайды. Сый­лық алғаннан гөрі бергеннен энер­гия алатын Ақниет мерекені күт­пей-ақ, қарапайым күндері де жа­қындарын барынша қуантып тұру­ға тырысатынын айтады. 

– Шыны керек, вишлист жа­сап, арнайы «науқан» өткізіп көр­меп­пін. Қалауымды сұраған дос­тары­ма бірден сыйлықты қанша со­маға жоспарлап отырғанын сұрай­мын. Кейін айтылған сомаға қа­рай өз тарапымнан ұсыныс тас­таймын. Қазір вишлист жақын дос­­тарымның арасында өте та­ны­мал. Тілектер тізімін жасақтау – сый­лық таңдау үшін ыңғайлы дү­ние. Артық шығын мен уақыт жо­ғалтқаннан гөрі адамға нақты не қажет екенін біліп тосынсый жа­саған дұрыс деп санаймын. Жа­қын­да танысым әлеуметтік желі­де­гі парақшасына «Осы жылы ту­ған күніме вишлист жасап көр­сем» деп салып еді, бәрі қолдай кет­ті. Қателеспесем, оның виш­лис­тінде жиырмадан аса зат бол­ды. Сол жиырма заттың бәрі екі күннің ішінде таңдалып алынды. Мысалы, Instagram парақша­сы­н­да­ғы сторисіне Dior брендінің ерін далабы қажет деп салса, ар­тын­ша бұл затты кім алғанын бір­ден жариялап отырды. Соңын­да барлық зат өз иесін тапты. Жа­қындарыма тосынсый әзірлегенді ұна­тамын. Өзім сыйлық бер­ген­нен ләззат алатын адаммын. Мүм­кін­дігінше айына бір рет қуантып қою­ға тырысамын. Әрине, сый­лық таңдау кезінде  жақын­дарым­ның қызығушылығына аса мән бере­мін, – дейді Ақниет.

Мереке – адамдар арасындағы байланысты нығайтатын күш

Ал бір баланың анасы Назым Са­пар өткен жылдан бері вишлист құруды әдетке айналдырған. Тіп­ті, қыз-келіншектер үшін күн­тіз­бедегі ерекше күндердің бірі – Ха­лықаралық әйелдер күні ме­­­­ре­кесіне қарсы арнайы вишлист әзірлеп қойыпты. Мереке күндерін ерек­ше ықыласпен қарсы алатын кейіп­керіміз сыйлық берудің де адам психологиясына айтар­лық­тай әсері бар екенін атап өтті.

– Меніңше, вишлист – өте ың­ғай­лы. Себебі өзге біреудің іш­тей нені қалайтынын білмейсің. Виш­лист арқылы оның қалауын орын­дайсың. Мәселен, көптен бар­ғысы келіп жүрген орындарға би­лет немесе сертификат сыйлау ар­қылы қуантуға болады. Күнде­лікті қажетіне жарамайтын, пай­да­сыз сыйлықтан гөрі өз қалауын­дағы затты беру әлдеқайда тиімді. Мен вишлист құрастыру алдында арнайы бір соманы белгілеймін. Мысалы, 20 мың теңге көлемінде делік. Тізім жасауда заттардың осы сомаға лайық болуын әрі жа­қын­дарымның қалтасы көтере алуын ескеремін. Мұның ешқан­дай ұяты жоқ. Керісінше, бұл – өте әдемі дәстүр. Сыйлықты өзіңіз сатып алғаннан гөрі өзге біреуден алу екі есе қуаныш сыйлайды. Ту­ған күн сияқты мерекелерді жақ­сы көремін. Себебі мереке адам­дар арасындағы байланысты ны­­­­ғай­татын күш сияқты. Күн сайын бір оқи­ға қайталанып, қара­пайым тір­шілік сол күйі жал­ғаса берсе, адам сезімге, махаб­бат­қа жұтаң бо­лып қалатын сек

Назым Бекболқызы балаға таңдау мүмкіндігін беру – оның ертеңгі өмірінде ерекше рөл ойнайтынын назарға алды. Таң­дай білу мен талғам қалып­та­с­ты­ру­­дың артында адамға жас­тайы­нан өз қалауына еркіндік беру сын­ды іс-әрекеттер жатыр. Бұл рет­те сыйлық алу мен берудің де маңы­зы айрықша. Сондай-ақ кейіп­­керіміз жыл сайын тілектер ті­зі­мінен өшпейтін сүйікті сый­лық­­тарын да тізіп өтті.

– Көбіне тосынсый болсын, өзі қалаған затты алсын деп бел­гілі бір сомада сертификат сый­­лай­мын. Өйткені қажетіңді таң­дап алу – психологиялық тұрғыда адам­ға сенімділік сыйлайды. «Ме­нің таңдауым бар», «талғамым қа­лыптасты» деген түсінік пайда бо­лады. Бала кезімізде киімді не кез келген затты ата-анамыз таң­дап беруші еді ғой. Тіпті, кейбір адам­дардың сәннен аса хаба­ры­ның болмауы сол кездері таңдау құ­қығының болмағанынан деп ой­лаймын. Осы үшін ата-ананы жаз­ғыра алмайсың. Себебі ол за­ман­да сондай бір қиын кезең бол­ды. Бастысы, олар өмір сүрудің, та­мақ­тың қамымен жүрді. Виш­лис­тімде әрқашан белгілеп жүре­тін зат – SPA процедурасы. Бұл – қыз баласына жарқын көңіл күй сый­лайтын, «бинго» болатын сый­­­лықтардың бірі. Яғни, сыйлық беру­ші адам бұдан ұтылмайды. Тізім­нен ешқашан түспейтін тағы бір зат – кітап. Кітапты сыйлыққа ал­ған бөлек сезім. Егер ішіне ақ­жар­ма тілегін жазып жіберсе, екі есе қуанатын жандардың бірімін. Қа­зір біз эмоцияға, мейірім мен ма­хаббатқа зәруміз. Өзгелердің сыйы арқылы адамды ерекше ес­те­ліктермен еске аласың, – дейді Н. Сапар.

Қалау деген – өзгеріп отыратын дүние

Екі жылдан бері маркетинг саласында жұмыс істейтін Ба­тыржан Жұмаділов аталған үр­дістің бұрыннан бар екенін, алай­да бүгінде жаңаша форматқа ауыс­­­қан трендтердің бірі екенін ай­тады. Бір қызығы, қоғамда вишлист әді­сін пайдалануға жастар ғана емес, сондай-ақ бүлдіршіндер де ын­­талы көрінеді. Олай дейтін се­бе­біміз, кейіпкерімізге вишлист ди­зайнын әзірлеу бойынша ха­бар­­ласып, арнайы тапсырыс бере­тін тұтынушылар бар екен.

– Қазір вишлист трендке, жас­тар арасында сленг сөзге ай­нал­ған. Бірақ ол енді ғана жаңа­шыл­дыққа ие болған жоқ. Әлеу­мет­тік желі қолданушылары өзі қа­лаған сыйлықтар тізімін арнайы ди­зайнмен әрлеп, парақшаларына жариялап жатады. Осы уақытқа дейін электронды форматта виш­лист құрап көрмеппін. Бірақ жа­қын­дарыма сыйлық таңдау ал­дын­­да міндетті түрде олардың қы­­­­зығушылығын ескеремін. Өзім ди­зайнер маманы болғандықтан, виш­лист жасау бойынша тұтыну­шы­лар тарапынан тапсырыстар ке­ліп түсті. Жақында бір тұтыну­шым 6 жастағы баланың жасы мен сти­ліне лайық дизайн жасап, қа­лауындағы 20-30 тілекті жазып беруім­ді сұрады. Қалау деген өз­ге­­­­ріп отыратын дүние ғой. Сон­дық­тан біз адамның дәл қазір нені қа­лап тұрғанын біле бермеуіміз мүм­кін. Өзгелерге күтпеген жер­ден тосынсый жасап, эмоция сый­­­ла­ғанды ұнатамын. Халық­ара­лық әйел­дер күні қарсаңында жа­қын­дарымның қалауын сұрап, өзі­ме ша­малап тізім құрып алдым, – дей­ді Батыржан.

Жылдан-жылға әйелдер қауымына құрмет арта берсе екен...

Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім ала­тын студент Ақерке Бисенғали вишлист құру жақындарыңызға сіз­ді не қуанта алатынын білуге мүм­кіндік беріп қана қоймай, сыйлық таңдау процесін жеңіл­дете­тінін айтады. Оқумен қатар SMM, мобилография саласын қа­тар алып жүрген Ақерке сый­лық­тар тізімін жарияламас бұрын есе­птік жаз­баның контексті мен ау­диториясын ескеру маңызды дей­ді.

– Жарияланым өзгелерге қы­сым жасамайтынына назар ау­дар­ған жөн. Сондай-ақ әлеуметтік ме­диа аудиториясымен қарым-қа­­­тынасыңызға байланысты. Мен жақындарыма тосынсый жаса­ған­ды ұнатамын. Мәселен, демалыс күн­дері ата-анама киноға билет, құр­быларымның үйіне торт, бір мем­лекеттен аксессуар, киім се­кіл­ді ұсақ-түйек заттардан бастап ме­рекелерде өздері қалаған сый­лық­тарды алып беруге тыры­са­мын. Сыйлық бермес бұрын оның не­ге қызығатыны, әңгіме бары­сын­да қандай оқиғаны немесе зат­ты көп айтатынына назар ау­дара­мын, – дейді А. Бисенғали.

Әлемді мейірім пен махаббат құтқарады. Ғаламшарымызды зұлымдық жайлап кетуден қорғайтын бас­ты құндылықтардың маңызын арттыру, артымыздан жақсылық дәнін себу әркез керек-ақ. Айналамызды нұрландырудың ең бір ізгі амалы да сол – өзгеге қуаныш сыйлау. Ең бастысы, материалдық тұрғыда емес, жүрекпен, шын көңілмен қуанта білу...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы