Ұшақ билеті Алматы–Дели бағыты болғанымен, мақсат – Аграға бару. Әлемге әйгілі Тәж Маһалды көреміз деп жоспарлағанбыз. Ұшағымыз түнгі бірде Дели әуежайына қонды. Біздің Аграға баратын пойызымыздың уақыты – таңғы жетіде. Амалсыз, әуежайда таңды атырдық. Көлік шақырып, теміржол вокзалына жеттік. Вокзалда ию-қию тіршілік басталып кеткен, таңғы алты болса да, қарақұрым халық көп. Ерсілі-қарсылы пойыздар жүріп жатыр. Өзімізден басқа туристі байқамадық. Сосын пойызға отыруға жүрексіндік те, Аграға баруға көлік жалдадық.
Тәж Маһал – архитектураның шыңы
Аграның тынысы да, тіршілігі де бөлек екен. Шағын қала болса да, мұнда бес миллионнан астам халық тұрады. Аграның артықшылығы – тарихи ғимарат өте көп. Ең кереметі, әрине Тәж Маһал! Әлемнің кереметі десе, дегендей екен. Әппақ мәрмәрдан тұрғызылған мұндай ғажап кесенені естігеніміз болмаса, көрген емеспіз. Алыстан қарағанның өзінде аппақ мәрмәр жарқырап тұр. Ғажаптығы сөзсіз! Тіпті, айтуға тіл жетпейді. Сурет десек те болады. Тірі ескерткіш. Кесене маңында туристер өте көп. Аграның тарихын көбірек білейік деп арнайы гид жалдаған едік. Гид бізге Агра халқы туралы, қаладағы ескерткіш жайында, көне ғима-раттар мен тарихи орындар туралы біраз мағлұмат берді.
Тәж Маһал XVII ғасырда тұрғызылған деседі. Ислам дәстүрі бойынша бәйшешек тұрған әсем бақты жердегі жұмақ дейді екен. Тәж Маһал – жап-жасыл бақ ішіне тұрғызылған, сұлулығы мен сипаты мүлде бөлек ғажап ескерткіш. Кесененің төменгі қабатында атақты Шах Жаһан мен Мұмтаз Маһалдың (Бану-Бегім) қабірлері бар. Бастарына қымбат мәрмәрдан құлпытас қойылған.
Кесененің құрылысы 22 жылға созылған. Мәңгілік махаббат нышаны саналатын Тәж Маһал – әлемнің жеті кереметінің бірі. Төрт құбыласында төрт минареті, биіктігі 74 метрлік бес күмбезі бар ақ мәрмәрдан салынған кесене құрылысына 20 мың ұста-зергер жұмылдырылған. Ол ұсталарды Орта Азия, Парсы, Таяу Шығыс елдерінен алдырған. Мәрмар кесененің екі жағында екі мешіт тұр. Құбыласында қызыл құмнан салынған мешіт болса, шығысында тұп-тура соның көшірмесі салынған. Онда қызметкерлер жататын болған. Кесенеге симметриямен салынған екі үлкен қақпа арқылы кіреді. Әдемі бассейндермен көмкерілген Тәж Маһал – архитектураның шыңы.
Кесене тұтастай аппақ мәрмәрдан тұрғызылған. Қабырғаларындағы кесек мәрмәрдағы ұсақ, аса шеберлікпен кескінделген ортаазиялық ою-өрнектер қолдан қашалып жасалған. Таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ шаңқан, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір ақ мәрмәрді Аградан 400 шақырым жерден алдырған. Ең кереметі – кіреберістегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүлдер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәрмәр тастың ішіне ойып салынған. Әлемдегі ең қымбат алмас тас «Кох-и-Нұр» осы мазарда тұрған, кейін оны ағылшындар алып кетіпті. Қазір ол қымбат тас Лондонда сақтаулы деседі.
Тәж Маһал алдындағы бақтан қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкей отырған орындықты іздедік. Орағаң өмірінің соңғы санаулы сағаттарын Үндіс- танда өткізгенін білеміз. Орағаңның ең соңғы суреті де Тәж Маһалда түсірілген. Ол кісі отырған әйгілі орындықты іздеуіміздің де себебі осы еді. Ұмытпасақ, Орағаң бастаған делегация 1993 жылдың мамыр айында келді. Одан бері 31 жыл өтіпті. 31 жылда жап-жасыл бақ та өзгеріп, ағаштар биіктей түскен. Жасанды көлшік те кеңейіп, есік алдында субұрқақ жүргізіпті. Субұрқақтың екі қатары жаяу жүргіншілер үшін тротуар қойылған. Біз барған күні де мұнда ығы-жығы адам, күніне 30-40 мыңға жуық турист келеді екен. Арасында өзбек, қырғыз, тәжік ағайындарды да байқап қалдық. Қазақстаннан барған туристерді де көзіміз шалып қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен кереметті көруге ағылғандардың қатарына шек жоқ. Ал әлгі әйгілі орындық... Өзгерген бе, орындықтар қатары ауысқан ба, қанша іздесек те таба алмадық. Кіреберісте басқа орындықтар тұр. Ағылған турист сол орындыққа жайғасып, суретке түсіп жатыр. Біз де көптен қалыспайық деп Орағаң секілді орындықта рәсімге түсіп алдық.
Терезеге телмірген ғұмыр
Орағаң демекші, сол сапар туралы белгілі публицист Нұртөре Жүсіп «Асау жүрек аяғын шалыс басқан» деген керемет эссе жариялап еді. Сол жазбасында: «Тәж Маһалдың сыртқы қабырғаларындағы аттылы кісінің бой жетер жердегі небір лағыл тастар ағылшын, француз отарлаушыларының талан-таражына ұшыраған. Бәрін ойып алып кеткен. Айлы түнде осындай маржан тастар мың құбылады. Тәж Маһалдың айлы түндегі келбеті мүлде ғажап көрінеді.
– Иттер-ай, – дейді Орағаң. – Бізді варвар дейді, өздерінің істегендерін қараңдаршы... Мынандай кереметке қалай дәті барып, пышақ сұқты екен...
Кесененің акустикасы керемет. Үш қайтара айналып шықтық. Бір кезде Орағаң заулатып Құран оқи жөнелді. Дауысы, мәнері келіскен. Әсем ғимараттың түбінде бәріміз естіп тұрмыз. Орағаңның сондағы үні... Мақамы сұмдық өзгеше еді...», – деп жазады.
Туристер көп болған соң кесенені бір рет қана айналып шықтық. Кесененің ішінде Шах Жаһан мен Мұмтаз Маһалдың қабіріне іштей Құран бағыштадық. Бес-он минут аялдау мүмкін емес. Артымызда ұзын-сонар кезек тұр. Кеш батқанда кесене жабылып қалады. Оған дейін туристердің бәрі Тәж Маһалды көріп үлгеруі керек.
Тәж Маһал 22 жыл бойы салынғанын айттық. Есік алдындағы екі үлкен қақпада 22 мұнара тұр. Әр жыл сайын бір мұнара тұрғызылған. Кесене ішінде 22 баспалдақ бар. Гидтен 22 санының мәнін сұрағанымызда, «Құранның 22-ші аятына байланысты 22 санын ырымдап алған», – деп жауап қайырды.
Кесенені салдырған Шах Жаһан – әйгілі Бабырдың немересі, Ақбардың ұлы. Оның Мұмтаз Маһал деген сүйікті әйелі болған. Кей аңыздарда патшаның сүйген жарын қаскүнемдер улап өлтірген деп айтады. Ал кесененің алдындағы жазбада Мұмтаздың 13 құрсақ көтеріп, 14-ші сәбиінде қайтыс болғанын айтады. Шах Жаһан Мұмтаз өлгенде қатты қайғырып, қайғы-құсасын жеңілдеткен осы ескерткіш деседі.
Патша Тәж Маһалды салған соң, соның іргесін жуып жатқан Жамуна өзенінің арғы бетінен тағы бір мазарды салуды жоспарлаған екен. Оның іргетасы әлі сақтаулы тұр. Қара мәрмәрдан салынатын тұп-тура Тәж Маһалдың көшірмесіне өзі жерленуі тиіс болатын. Жамуна өзенінің екі жағасында жатқан қос мазарды жалғастыратын көпір салу да жоспарланған. Алайда патшаның ол арманы орындалмады.
Ақ мәрмәрдың жанында қара мәрмәр. Ақ пен қараның үйлесуі. Көз алдыңызға елестетіңізші. Жамуна өзенінің екі бетінде бір-біріне қарама-қарсы екі Тәж Маһал тұр. Бірі – аппақ, екіншісі – қара. Екі ортада ақ көпір... Ғажап емес пе?! Ғажап!
Шах Жаһанның ұлы әкесін тақтан тайдырып, темір торға қамап қояды. Қызыл бекіністегі темір тордан Тәж Маһал мұнарасы бұлдырап қана көрінеді екен. Таққа ие болған баласы әкесіне терезеден телміріп отыруға ғана рұқсат берген. Осылайша, патша өмірінің соңғы сегіз жылын осында өткізген. Шах Жаһан баласынан бір ғана нәрсені өтініпті: «Мені өлген соң Мұмтаз Маһалдың жанына жерлеңдер».
Тахауидің Үндістан сапары
1970 жылдары Үндістанға қазақтың белгілі жазушысы Тахауи Ахтанов та барған екен. Жазушы сапарынан «Үндістан хикаяты» туды. Ол кезде КСРО-ның дүрілдеп тұрған кезі. Кез келген шетелдік сапарға шешімді Мәскеу беретін. Тахауи Ахтанов бастаған жазушылар Мәскеу арқылы виза алып, Үндістанның бірқатар қаласын аралаған. Дели, Агра, Калькутта, Бомбей (қазір Мумбай)...
Бізге керегі Агра сапары екені белгілі. Жазушы 1970 жылдары Тәж Маһал жайында не жазды екен деп хикаятқа үңілгенбіз.
«Былай қарасаң, осында айтарлықтай ешнәрсе жоқ. Бәрі шығыс архитектурасына белгілі элементтер. Қайта осында әшекей-айшыққа кәдімгідей сараңдық жасаған. Сонда осыншама жарастық пен сұлулықтың сыры қайда? Мұнаралар, күмбездер, жоғарғы жағы күмбезделіп келетін үйреншікті қақпа, соған ұйқас ойылған лоджия терезелер, ою, өрнек, аз ғана гүл бедері. Архитектураның әбден жаттанды жауыр болған детальдары. Осындай аз ғана дүниеден мынадай керемет жасау... Жоқ, бұл анау-мынау шебердің қолынан келер іс емес, бұл – нағыз сиқыршының, ұлы сиқыршы, ұлы суреткердің ісі. Тәж Маһалдың сиқыры көп, тереңдеп танысқан сайын таңдайыңды қақтырып, тамсандыра береді.
– Тәж Маһал – үлкен құры-лыс, – дейді Шарма. – Өз заманында мұндай алып құрылыс болмаған. Мұның етегінен күмбезіне дейін биіктігі жетпіс тоғыз метр. Яғни, қазіргі жиырма бес қабат үйден биігірек.
Мәссаған... Мынау жұмыртқадай аппақ сарай соншама зор болғаны ма? Мына сұлулық мыңдаған тонна тас болғаны ма? Жоқ, жоқ... Мен оған сене алмаймын. Сонша үлкен, сонша ауыр дүние мынадай сұлу болмайды. Сұлулық сипаты – жеңілдік пен ұшқырлық емес пе? Әнекей, бүкіл дене бітімі бауырынан жараған бедеудей әсем де сидам, аққудың мамығынан соққан ақ сарай аспанға қалқып кетейін деп тұр...».
Үндістан сапарынан осындай ғаламат хикаят туды. Үндістан туралы Әнуар Әлімжанов «Отырардан жеткен сый» повесін жазды. Әйгілі Орағаң да Тәж Маһал ескерткішінің түбінде заулатып Құран оқыған.
Біз, үш тілші, яғни Ботагөз Маратқызы, Жадыра Мүсілім үшеуміз бабаларымыздың ізі қалған мекенге осылай тәу етіп қайттық. Ағылшын суретшісі, ақын Эдвард Лирдің: «Адамдар екі түрге бөлінеді: Тәж Маһалды көргендер және көрмегендер» деген сөзі бар екен. Біз де енді Тәж Маһалды көрдік деп сеніммен айта аламыз. Аппақ арман, аппақ мәрмәр бізді де еріксіз айрықша сезімге бөледі. Біз бұл мәрмәрдан соғылған ғажап ескерткішті өмір бақи ұмытпайтынымыз хақ.
Аграға барған бір блогер қыздың мынадай жазбасын көзіміз шалды: «Сонша сүйіспеншілікке бөлеп, мынадай ғажап ескерткіш туғызатындай, не істедің екен, Мұмтаз!»
Гүлзина БЕКТАС,
Алматы–Дели–Агра–Алматы