«Менің елім – Менің тілім» жобасы аясында 12 аймақта «Сөйле» спикинг клубы жұмыс істеп жатыр.
Қазақша контент талап ету – ұят емес
1,806
оқылды

Тегін қазақша үйрету, сөйлету қаншалықты тиімді? Жастар қаншалықты ауызекі тілде диалект сөздерді қолданады? Азаматтар ана тілдің мәртебесін, қазақша контентті дамытуда қандай жұмыстар атқарып жүр? Осы сұрақтардың төңірегінде «Менің елім – Менің тілім» жобасының алаңында талқылау өтті. Жастармен еркін кездесуді «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ұйымдастырып, «Сөйле» спикинг клубының мүшелерінің ойын ортаға салды.

Дискуссияға «Жастар рухы» ЖҚ төраға міндетін атқарушы Ақерке Искандерова, «Менің елім – Менің тілім» жобасының амбассадоры, қоғам белсендісі, саяхатшы блогер Яков Федоров, саясаттанушы, публицист, баспагер Бақытжан Бұқарбай, медиатренер Назгүл Қожабек, контентмейкер, «Tuime» подкастының бірлескен авторы Дастан Аққожа қатысып, қазақ тілінің қазіргі жағдайын, мәселелері мен мүмкіндіктерін талқылады.

«Жастар рухы» ЖҚ төраға м.а. Ақерке Искандерова «Менің елім – Менің тілім» жобасы аясында 12 аймақта іске асып жатқан «Сөйле» спикинг клубтары жайында мәлімет берді.

«Бұл жоба ұлттық код пен бірегейлікті қалыптастыру, отансүйгіштік қасиетін арттыруға басымдық береді. Сол ниетіміздің арқасында бүгінде 12 аймақ бойынша (Астана, Алматы қалалары; Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстары) «Сөйле» тілдесу үйірмесінің тұрақты қатысушылар саны 2000-ға жуықтады. Тіл жанашырлары, тілді үйренемін деген ниетпен келген 300-ге жуық қатысушымыз күнделікті өмірде оңай тілдесе алатын деңгейге жетті. Осылайша, небәрі 1 жылдан астам уақыт ішінде осындай нәтиже көрсетіп отырмыз», – деді А. Искандерова.

Қоғам белсендісі, саяхатшы блогер Яков Федоров қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қазақша үйренемін деген жастар үшін «Менің елім – Менің тілім» жобасы таптырмас мүмкіндік болғанын атап өтті.

«Сөйле» клубының қатысушылары әр қалада – әртүрлі. Яғни, қатысушылардың қазақша ойлау немесе сөйлеу деңгейінде айырмашылықтары бар. Біреуі қазақша біліп тұрып, сөйлеуге қысылса, екіншісі тіл білмесе де барынша ойын анық жеткізуге тырысады. Бастысы – қазақ тілінде сөйлеуден ұялмау. Сондай-ақ тілді дамытамыз десек барлық салада міндетті түрде қазақ тілі жоғары деңгейде қолданылуы керек деп санаймын. Тіл білу – ол үлкен жетістік емес, бірақ қазақ тілінде контент жасап, кітап шығару өте үлкен еңбек. Қазақ тілінің дамуы үшін еңбектеніп жүрген жандарға алғысымды білдіремін», – деді Я. Федоров.

Ал медиатренер Назгүл Қожабек калькасыз қазақ тілін қалыптастыру мен «тіл тазалығы» туралы сөз қозғады.

«Күнделікті қолданатын ауызекі немесе көркем әдебиетте тілдің тазалығын сақтап, бұрмаламауымыз керек. Ана тіліміз тазалығымен, көркем сөздерімен, сөздік қорымен бай. Солардың қолданыс аясын кеңейтіп, ой-пікірімізді жеткізуде барынша пайдалануымыз керек», – деді ол.

Дискуссияда қазақ тілді контенттің маңызы жайында сөз сөйлеген контентмейкер Дастан Аққожа, қазақ тілін күнделікті өмірде қалай қолданатынымыз оның мәртебесін арттыруда үлкен рөл атқаратынын айтты.

«Қазақ тілінің қолданыс аясы қазақ әдебиеті мен тарихы ғана емес, заманауи қолданыс болуы керек. Қоғамдық орындарда, күнделікті өмірде қазақша талап ету – бәріміздің жауапкершілігіміз. Қазақ тілінде сапалы контент, халықаралық стандарттарға сай дүниелер өте көп. Ана тіліміз – баршамыз үшін, ортақ әрі ыңғайлы, әрбіріміз талқылауға хақылы тіл. Сол себептен қазақша контентті одан әрі дамытып, тұтынуды жоғарылатқан сайын мәртебесі де көтерілмек», – деді Дастан Аққожа.

«Қазақ тіліндегі білімді брендке айналдыруда әлеуметтік желінің пайдасы көп. Жастар үшін ғылыми контент даярлап, толтыруға толықтай мүмкіндік бар. Қазіргі жастардың идеясы мен креативі арқасында келер ұрпақ ғылымға деген қызығушылығы артып, жаңалық ашатын болады», – деп атап өтті Бақытжан Бұқарбай. 

Осылайша, Алматы қаласының рухтастары қазақ тілін дамытуға мүдделі азаматтардың қатысуымен маңызды әрі өзекті тақырыптарды көтеріп, қатысушылармен еркін пікіралмасу ұйымдастырды.

Айта кетейік, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін кез келген адам «Жастар рухы» ЖҚ ресми Instagram парақшаларына жазып, сондай-ақ @soile.kazakhstan парақшасына тіркелу арқылы немесе жай ғана үйірмеге қосылып, сабаққа мерзімінен бұрын тіркелмей қатысуына мүмкіндік бар.