Жуырда еліміздің батыс өңіріндегі Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті.
Былтыр, биыл Ұлттық құрылтайда не айтылды?
2,094
оқылды

Осыған орай Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан негізгі сөзі мен Ұлттық құрылтайға қатысты пікірлерді қоса бергенді жөн көріп отырмыз, – деп хабарлайды Aikyn.kz

2023 жыл, Түркістан: 

Мемлекеттік нышандарды жетілдіру

Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек.

Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту 

Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз.

Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу

Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі.

Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе

Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.

Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту

Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек.

Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын,-деді Президент.

Биыл Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны еліміздің батыс бөлігінде Атырау қаласында өтті. Бұл консультативтік-кеңесші органның басты мақсаты – азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы көпір қызметін жүзеге асыру. Сонымен бірге қоғамды ілгерілету бойынша практикалық маңызы бар ұсынымдар әзірлеу.

Көтерілген мәселенің бірі ретінде қазақстандық мектептерде «Қаржылық сауаттылық пәні» енгізілуі мүмкін екені айтылды.

Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Евгений Больгерт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырау қаласында өтіп жатқан үшінші республикалық құрылтай аясында ұсынды.

Депутаттың мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстандағы интернет алаяқтық қылмысы 10 есеге дейін өскен.

«Халықтың қаржылық сауаттылығы әлі де төмен. Жүргізілген зерттеу азаматтардың басым бөлігінің қаржылық сауаттылық туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Ал, кейбіреулері тіпті, бұл тақырыпта ізденбейді. Қазіргі уақытта біздің жастарымыз қарқынды цифрландыру, жасанды интеллект сынды атомдық жылдамдықпен даму дәуіріндегі қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай мәселелерге төтеп беретін заманауи мектептер керек» деген депутат қазақстандық мектептерде қаржылық сауаттылық пәнін енгізуді ұсынды.

Бұл туралы депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырау қаласында өтіп жатқан үшінші республикалық құрылтай аясында айтты.

Дулат Өтеғали, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы:

Осыған байланысты 2022 жылдан бастап атқарылған жұмысқа назар аудару маңызды. Мәселен, құрылтай отырыстары барысында қазіргі кездегі жасөспірімдер мен жастардың арасындағы мәселелерге көңіл бөлінді және бірқатар ұсыныстар берілді. Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Сонымен қатар оқушылар мен жастар арасында электронды темекіні/вейпті тұтынудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Қазіргі кезде Парламентте вейпті әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салу туралы заң қарастырылуда. Тағы бір бастама ретінде 2023-2024 оқу жылына арналған балалардың лудоманияға және компьютерлік ойындарға тәуелділігінің алдын алу бойынша әзірленген жол картасын айтуға болады. Бұл жерде біз бір ауқымды бағыт бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өттік. Басқа да бағыттар бойынша нәтижелі бастамаларды байқауға болады.

Өскелең ұрпақтың елдің болашағы екенін ескеретін болсақ, олардың интеллектуалды потенциалын арттыруға байланысты көтерілген тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салу идеясын, Ұлттық кітап күнін атап өту бастамасын да ерекше атап өтуге болады.

Сонымен Ұлттық құрылтай жан-жақты идеялар мен бастамаларды біріктіретін ауқымды алаң деп қорытындылауға болады.

 

Сейдулла Абдуллаев, техника ғылымдарының докторы, профессор, Сәтбаев университеті:

Осы құрылтайда халықтың ойында жүрген ойларды және көптеген қоғамда болып жатқан жайттарды атап өтті. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда ұстау. Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек екенін. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет, экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздеп отыру керектігін. Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасау керектігін. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға мемлекеттік сапармен барып, Сиань қаласында көлік-логистика орталығын іске қосу шарасына қатысып, Қазақстан мен Қытай болашағы зор жобаны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында бірлесіп жүзеге асырды. Жаңа логистика орталығы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемін едәуір арттыруға ықпал етеді. Біз еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғаюына барынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, теміржол құрылысының қарқынын арттырамыз деді.

Қазақстан Президенті Қасым-жомарт Тоқаев ҚХР-ға мемлекеттік сапармен барды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев "Қытай-Орталық Азия" саммитіне қатысты.

Мемлекет басшысының мемлекеттік сапар аясында болған кезінде, Сәтбаев университеті де өз тарапынан көлік пен логистика бағытының дамуына үлесін қосуда. Сәтбаев университеті мен Сиань теміржол кәсіптік институты арасында қос дипломдық бағдарламасы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін жақсарту жөнінде меморандумға қол қойылды.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін жақсарту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Satbayev University, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және «Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ»-да Көлік және логистиканы дамыту мәселелерін шешу үшін 2023 жылғы 22 шілдеден бастап жаңа құрылымдық бөлімше – «Көлік инженериясы және логистика мектебі» ашылды және ол мектептің атауын тұңғыш инженер теміржолшы М. Тынышбаев атымен аталды.

Сәтбаев университеті мен Сиань теміржол кәсіптік институты арасында 2+2 бағдарламасы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін жақсарту жөнінде меморандумға қол қойылды. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Сиань теміржол кәсіптік институты арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум шеңберінде ҚХР  Сиань теміржол кәсіптік-техникалық институты, 2023 жылғы желтоқсаннан бастап білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттері: 6В07108 – "Көліктік инженерия", 6В07124 – "Локомотивтерді өндіру, жөндеу және пайдалану технологиясы" және 6В11310 – "Цифрлық логистика "Қытайға" 2+2 " бағдарламасы бойынша оқуға жіберілді", бұл студенттеріміз Қытайда бірінші және екінші курстарда оқитынын, содан кейін Қазақстанда үшінші курстан бастап Satbayev University-де оқып қос диплом иегері болады.

Осы жылы Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тура тұспа-тұс келіп тұр. Үшінші Ұлттық құрылтай да Әз-Наурыз айында өтті. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы- Наурыз мейрамы елімізге құт-береке әкелсін! Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, әрбір жаңа күн, әр отбасына бақыт және береке сыйласын!

Жанар Жұмаділова, Ph.D. докторы, Қауымдастырылған профессор, Сәтбаев университеті:

– Жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады.

Білім мен ғылымның негізгі орталығы болып табылатын Астана мен Алматы қалаларында заманауи кітапханалардың бой көтеруі мен оны дамыту сұрақтары көңілді қуантады. 

– Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады. Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу.

– Келесі құндылық – жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

«Көненің көзі саналатын Сарайшыққа ұдайы маңыз беріп отырамыз. Десек те Сарайшықтың зерттелу жағы, құндылықтарын дәріптеу жағы әлі жетіспейді. Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуға тиіс. Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет деп есептеймін. Былтыр біз араб елінде болған кезімізде сондай орталық құрылған еді. Сол кезде арабтық әріптестер оны Қазақстанмен бірлесіп құруға ынталы болды. Өйткені, ғалымдарды жіберу, қаржыландыру жайы да қамтылған еді. Күні бүгінге дейін бізде Абайды, оның шығармаларын зерттеуге байланысты көптеген орталық ашылды. Дегенмен біз дауылпаз ақын Махамбетті жадымыздан шығарып алғанымыз өкінішті. Сол себепті, оған да бір орталық керек сияқты. Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі керек. Әрине, тек университеттер емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға деген ұсынысымыз бар», – деді Мереке Құлкенов. 

 

Атырау, 2024 жыл:

Жөнсіз ескерткіш салмау

Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды. Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды.

Қазақ тілінің қолданысын күшейту

Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.

Кітапханаларды жаңғырту

Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.

Дәстүрлі дінге ден қою

Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет.

Осы орайда, Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті  міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын.

Мемлекеттік нышандарға қатысты көзқарас

Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің көк Туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың Әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында Әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан.

Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады. 

Нашақорлық

Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын.

Лудомания

Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.

 IT-технологияларды дамыту

Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады. Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік бететін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды.

Бизнестегі белсенділік

Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері  бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашан да дайын болады,-деді Президент.

Бұған дейін де Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысы атап өткен мәселелерді жазған едік.