Атақты автокөлік өндірушісі сенімді жұмысшыларды таба алмай, енді роботтарды жұмысқа жалдауға көшті. Күрделі және қайталанатын тапсырмаларды орындау үшін Mercedes-Benz өз зауыттарында адам тәрізді гуманоид роботтарды сынауды бастады.
Атақты Mercedes-Benz көліктерін енді роботтар жинайды
Мен келдім! Фото goha.ru сайтынан алынды
2,975
оқылды

Неміс автокөлік өндірушісі Apollo гуманоид роботтарын өз зауыттарында сынап жатқанын Financial Times жазды. Роботтардың көлік құрастыруда қалай қолданылатынын Aikyn.kz британдық басылымға сілтеме жасап түсіндіреді.

Apollo роботы жұмыс орнымен танысып жүр. Фото motor.ru сайтынан алынды

Mercedes-Benz өз зауыттарының бірінде «күрделі және қайталанатын» тапсырмаларды орындау үшін гуманоид роботтарды сынап жатқаны белгілі болды. Өйткені автомобиль концерні жаңа технологиялардың жылдам дамуынан сенімді жұмысшыларды таба алмай қиналуда.

Ал бойы 176 см, салмағы 73 келі болатын Apollo роботтары бөлшектерді көлік құрастыру желілеріне жеткізу, сондай-ақ сапа тексерулерін жүргізу үшін пайдаланылады. Әрбір модель 25 келіге дейінгі бөлшектерді көтере алады.

Автокөлік өнеркәсібінде бүкіл автомобильдерді көтеруден бастап белгілі бір бөлшектерді орнатуға дейінгі функцияларды орындау үшін үлкен механикалық қолдарды пайдалану қазір ешкімді таңғалдырмайды. Дегенмен Apollo маңызды өндірістік цехта жұмыс істей алатын адам келбетіне ұқсатып жасалған алғашқы робот.

Mercedes-Benz зауытында сыналып жатқан робот. Фото Financial Times сайтынан алынды

Мұндай роботтар автоөндірушілерге өндіріске қымбат технологиялық өзгерістер енгізбестен, тұтастай зауытты жылдам автоматтандыруға мүмкіндік береді, өйткені роботтар адамдарға арналған кеңістіктерді еркін шарлай алады. Ал бұрынғы механикалық қолдар бір орында ғана жұмыс істеуге арналған, олар басқа жерлерге қозғалып орындарын ауыстыра алмайды. 

«Сенімді жұмысшыларды табу қиындап бара жатқанда физикалық тұрғыдан ауыр, қайталанатын және шаршатын тапсырмаларды орындайтын роботтарды қолдану біздің мақсатымыз», – дейді Mercedes-Benz өкілі.

Бұған дейін BMW өзінің зауыттарының бірінде, қытайлық Nio стартапы сияқты, кейбір автоматты машиналарды сынақтан өткізе бастады. Ал Tesla болса электр көліктерін жасайтын зауыттарына қажетті роботтарды өздері жасайтынын жариялаған. Осы айдың басында Илон Маск Optimus модельдерінің Tesla зауытында еркін серуендеп, үстелді жинау сияқты қарапайым операцияларды орындайтыны туралы видеоролик жариялады.

Осы айларда Венгрияда Mercedes-Benz зауытының ісі сотта қаралып жатқаны белгілі. Автомобиль өнеркәсібі үшін жұмыс күші тапшылығына тап болған бұл елде кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын батыл талап ете бастаған.  

Бұл Tesla зауытындағы Optimus роботтары. Фото mpost.io сайтынан алынды

Қызметкердің өзінің жаңа робот әріптесімен қол алысып тұрған видеосын көрсеткен Mercedes-Benz өндірісінің басшысы Йорг Бюрцер: «Біз жұмысшылар мен басшылықты сендіруіміз керек. Біз жасайтын көліктер қиындықтарды жеңе алатын және осы керемет көліктерді жасай алатын жоғары деңгейлі жұмысшыларды қажет етеді», – дейді.

Роботтарды өндіріске енгізудің алғашқы қадамдарын жасап жатқанда, ол роботтар зауыт жұмысшыларының қысқаруына алып келмейтінін баса айтады. Mercedes пен Apptronik серіктестігі басқа да әлеуетті көлік қосымшаларымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Apptronik – Остиндегі Техас университетінің Адамға бағытталған робототехника зертханасының еншілес компаниясы.

Apptronik компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Джефф Карденас: «Біз Appolo-ны жасауға кіріскенде, Mercedes-Benz-пен жасалған бүгінгі келісім арман болатын. Mercedes-Benz робототехника мен Appolo-ны біліктілігі төмен, физикалық әрекеттерді талап ететін қол еңбегін автоматтандыру үшін қолдануды жоспарлап отыр. Мұндай шешімдерді біз келесі айлар мен жылдарда басқа ұйымдарда да көретін боламыз», – дейді.

Қымбат жұмыс күшін роботтармен алмастыру бүгінгі күрделі автомобиль өнеркәсібіндегі шығындарды азайтудың және сапаны жақсартудың ең тартымды жолы болып көрінуі мүмкін. Дегенмен бәрі ойдағыдай болатынына ешкім кепілдік бермейді.