Депутат Жанарбек Әшімжан бүгінгі Мәжіліс отырысында еліміздегі зиялы қауымға қатысты үндеу жасады.
Жанарбек Әшімжан: Қоғамның негізгі қозғаушы күші – зиялылар
548
оқылды

Ұлт болып ұйысу, жұрт болып жұмылу жолында зиялы қауым өкілдерінің атқарар рөлі бөлек. Күні кеше Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Ел ағалары ауызбіршілікті және ұрпаққа өнегелі болуы керек», – деп ұлт зиялыларына өз қайырылуын жасады.

Сол Құрылтай төрінде мені қоғамымызда айрықша орны бар, сөз бастаса халықты ұйытар шешен, көш бастаса елді ертер көсем, руханият әлеміндегі әйгілі тұлғалардың бүгінгі кескін-келбеті мен жауапкершілігі қатты ойландырды. Осы орайда «Қазақ оқығанын сыйлайды, соңынан ереді. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығаны» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі ойға оралады. Қай дәуірде де, қандай тарихи кезеңде де қоғамның негізгі қозғаушы күші – зиялылар!

Расында, Майқы бидің «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, бірлігің кетсе – нең қалар» деген нақылы дәл бүгінде тіпті өміршең болып тұр. 

Кешегі Алтын Орда мен бүгінгі Ақ Ордаға дейін қазақ елінің жүріп өткен күнгей-теріскейлі тарихында қара халыққа жарық сыйлап, жол нұсқаған, үмітін үкілеп, жігер берген тұлғалар аз емес.

Ал  есімі елге мәшһүр бүгінгі кейбір тұлғаларымыз, ақсақалдарымыз, тарихшыларымыз, жазушыларымыз ай-күннің аманында болары болып, бояуы сіңген түрлі оқиғалар туралы айтысып, тартысып, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін қағыстырып, қыл аяғы Шыңғыс ханның тегіне таласып өспейтін елдің баласындай өнбейтін дауды қуып, «өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін» бірінің қолы бірінің жағасында жүрген жағдайларды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аз көріп жүрген жоқпыз. Президент соны меңзесе керек.

Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановты, Сәкен Сейфуллин мен Алашорданы, Мағжан Жұмабаев пен Сәбит Мұқановты, Дінмұхамед Қонаев пен Жұмабек Тәшеновті бір-біріне қарсы қойып, елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, бөліп-жару кімге қажет? Олардың бағы мен сорын, бары мен жоғын жарыстырғаннан бүгінгі ұрпаққа қандай үлгі? Қандай өнеге?..

Әр Тұлғаның өз биігі бар. Бір Тұлғаны көтеру арқылы екінші Тұлғаға көлеңке түсірудің түкке керегі жоқ.

Баррикаданың қай қапталында болса да Қазақ елінің Тәуелсіздігі жолында бармағы шайнауда, басы айдауда кеткен Тұлғалардың бәрі өз алдына бір-бір АСҚАР ТАУ!  Әрқайсының өз тағдыры бар. Өз сүйініші, өз күйініші болды. Олардың күрес түрлері әртүрлі болғанмен, түпкі мақсат бір еді. Бәрі Ұлттық мұраттар жолында, ҚАЗАҚТЫҢ ХАҚЫ үшін күресте өмірлерін сарп етті. «Басына ас құйып, сабына қарауыл қойған» заманда ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылуды көкседі олар. 

Бүгін Тұлғаларды жарыстыратын, алыстыратын заман емес, Ұлттық мұраттарды табыстыратын, заман!

Осы орайда марқұм Несіпбек Айтұлы ағамыздың:

Ағалар-ай!

Барында аз ғұмырды бағаламай,

Абайсыз адаспаңдар бір-біріңнен,

Жарықта жайнап тұрған самаладай.

Болғанда халық – теңіз шалқып жатқан,

Өздерің шырылдайтын шағаладай.

Ауылын пенделіктің жағаламай,

Басына бір төбенің жиналсаңшы,

Андыздап, әр бұтаны сағаламай.

Өздерің қонақтайтын бәйтеректің,

Тамырын балталамай, араламай.

Шоқыға шықсаңдаршы хан көтеріп,

Тартысып бір-біріңді табаламай!

Қайран, Ағалар-ай... – деген өлең жолдары еріксіз еске оралады...

Президенттің Атырау алабында айтқан «Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, білімді жастар көп! Олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу – елге жанашыр болу деген сөз. Ұсақ-түйек әңгімені қойып, қазақты бөліп-жармай, жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылайық!» деген жүрекжарды тілегін байтақ Қазақ даласындағы көш бастаған ел ағалары ұран секілді қабылдаса деген ниетімді жеткізгім келеді.

Қазақ халқы тағдыршешті сәттерде Абайға, Абай жазып қалдырған жалғыз кітапқа жүгініп отырған. Ұлт зиялылары ұлы ойшылдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі  бос» деген сөзін асқан жауапкершілікпен сезінетін сәт келді!

Құрметпен, 

Жанарбек Әшімжан, Елнұр Бейсенбаев, Аманжол Әлтай, Еділ Жаңбыршин, Қазыбек Иса, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Ермұрат Бапи, Ринат Зайытов, Жарқынбек Амантайұлы.