Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сон­­­дықтан төл мерекеміздің мазмұнын байы­­­тып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек.
Наурыз – ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын тетік
фото: Радмир ФАХРУТДИНОВ
801
оқылды

«Қанша ғасыр сән берген даламызға

Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,

Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға

Алпыс екі жылдан соң қайта келдің», – деп «Наурызға ода» атты өлеңінде  ақын Мұхтар Шаханов Наурыз мерекесінің кең байтақ қазақ жеріне іле-шала күллі Орталық Азияға 62 жылғы үзілістен соң қайта оралуына осылай жүрегінен жыр төгілтіпті. Ұлыстың ұлы күні деп аталған, түбі бір түркі халықтарына ортақ, күн мен түннің теңеліп, табиғаттың да түр-тіні түрленер бұл мерекенің біздің еліміз үшін де маңызы зор, мәні ерекше.  Дегенмен әлі күнге мереке төңірегінде түрлі пікірталас орын алып жататыны жасырын емес. Осы ретте, «Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлаймыз?», «Ұлттық идеологиямызға айналдыра аламыз ба?», «Жаңа заманға сай қалай жаңғыртамыз?» деген сияқты көптің көкейіндегі  сауалдардың жауабын білу мақсатында  тарихшы,  этнограф Жамбыл Артықбаев пен мәдениеттанушы Бердалы Оспанды әңгімеге тарттық. 

ТІЛШІ: Әңгімемізді Наурыздың маңызы мен мәнін айтпастан бұрын мерекенің шығу тарихынан бастасақ. Бұл мереке қашаннан бері тойланып келеді? 

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: Наурыз өте ерте замандарда пайда бол­­ғанын жиі айтып келемін. Тарихта неолит деген дәуір бар, оны жаңа тас дәуірі деп те атаймыз, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтарды қамтиды. Наурыз мейрамы сол дәуірде пайда болды деп ойлаймын. Неге десеңіз, неолит дәуірінде адамзат өмірінде үлкен өзгерістер болды. Малды қолға үйретті, егіншілік дами бас­­­тады. Бұл – адамзат өмірін керемет ба­­­йыт­­­қан, адамның өсуіне, маңайындағы жаратылысты тануына мүмкіндік берген революциялық жаңалықтар еді. Әрине, бұл жаңалықтар да оңайлықпен келген жоқ, мұны миллион жылдық палеолит дәуі­­­ріндегі дамудың нәтижесі деп тү­­­сін­­­ген абзал. Екіншіден, библиялық, інжіл аңыздарында Наурызды Нұқ пайғам­­­бармен байланыстырды. Нұқ пайғам­­­дардың заманы – көне заман, оны та­­­рихшылар «топан су заманы» деп айтады. Соңғы топан су біздің заманымызға де­­­йінгі 12-11 мыңжылдықтарда болған деп айтылады. Жаңағы айтқан неолит дәуі­­­ріне бұл да сәйкес келіп тұр. Мәшһүр Жү­­­сіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баян­­­дай келе, «Кеме Қазығұрттың басына тоқ­­­таған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебінен санағанда күн­­­нің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есе­­біне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамап қазір Тоқты аталады және мартқа сәйке­­­седі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Ханал­­­дан» шығады. Еуразия халық­­­тарының көп­­­шілігінде жаңа санат (григориан) кален­­­дары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғам­­­бардың кемесі тура наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми-зерттеулер жер бетінде соңғы топан су­­­дың біздің жыл санауымызға дейінгі    12-13 мың жыл бұрын болғанын айтады. Наурыздың тарихын бергі заманнан іздеу – адамзаттың көне тарихын, жасам­­­­паздығын мойындамаудың көрінісі.

ТІЛШІ: Енді мейрамның атауына ке­­­лейік. Бұған келгенде де зертеушілердің пікірі екіге жарылады. Наурыз сөзінің түпкі мағынасы қандай? Атауы парсыдан шық­­­қаны рас па?

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы: Шәкәрім Құдайбердіұлы Наурыз сөзін парсынікі дей келе, мағынасы «жаңа күн» деген сөз деп әрі қарай «Ескі қазақта жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. ...жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау:

Ұлыс күні қазан толса, 

ол жылы ақ мол болар,

Ұлы кісіден бата алса, 

сонда олжалы болар – деген тіпті ескі мақал» деп жазған.

«Ұлыс» сөзі шынында да көне сөз, оның байырғы мағынасы «Ұлы іс» болса керек. Халықты әбден қысқан суық маусымнан соң жеңілдік әкелген табиғаттың жаңар­­­уын, тәңірінің ұлы ісі деп түсін­­­гендіктен жаңа жылды ұлы істің бастамасы деп «Ұлы іс» атап, кейін бұл «Ұлыс» деген бір сөзге айналған.

Осы жерде қазақтың «Ұлыстың ұлы күні» сөзімен қатар неге парсының Наурыз атауы қолданылады деген сұрақтың туындауы орынды. Ақын Фирдаусидің «Шахнама» жырында байырғы заманда Жәмшид деген патша туралы баяндалады. Ол патшалық құрған кезде халық еш нәрседен тарықпай өмір сүрген екен. Қарны тоқ, киімі көк болған адамдар ешқашан ауырмай, бақытты өмір сүреді екен. Наурыз мерекесін де ойлап тапқан патша Жәмшид деседі. Ақын Фердауси өзінің «Шахнама» жырында Тұран мен Иран арасындағы қатынасты бейнелеген. Осындай жағдайда екі ел арасында түркілер мен парсылар мәдени қарым-қатынаста болып, сөздердің бір елден бір елге алмасуы әбден мүмкін.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: «Наурыз» сөзі – алтай халықтарының тіліне, осындай үлкен тіл тобының бәріне қатысты сөз. Яғни, бұл сөз тілдік жүйелер бөлінбей, ажырамай тұрған кезде пайда болды. Бізде бұл сөз «науа + ырыс» ма­­­ғынасында сақталған. Ал ирандықтар мен еуропалықтар бұл көне сөзді «жаңа», «нау», «нью» мағынасында түсіндіріп отыр. Қарап отырсаңыз, мұның да түбі неолит дәуіріне барады, ол кезде тілдердің арасы ажы­­­рамаған еді. Яғни, Наурызды парсы тіліне теліп жүргеніміз дұрыс емес. Өйткені пар­­­сылардың өзі біздің жері­­­мізден қоныс аударған ариандар. Арий тайпасынан шығып, парсы қыраттарын жаулап алған. Содан ариан, иран аталып кетті. Бірақ негізінен олардың этногенезі бізге бөтен емес. Наурыз мейрамын бізде «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер «ұлыс» деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі– Нау­­­­рызды мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын. «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз қазақтың бұрын мемлекеті болмаған, ел болмаған деген секілді тағы да басқаша айтып жүрген­­­дердің бәрінің аузына құм құятын тарихи дерек емес пе?! 

ТІЛШІ: Біздің қаламгерлердің жаз­­­баларында бұл мереке қалай сурет­­­теледі? Бердалы аға, мәдениеттанушы ретінде сіз айтсаңыз...

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы:  «Қыс кетіп, күн шырайы түзелген кезде тәңірі құдай ел тіршілігіне кеңшілік әкелді деп есептеледі. ...Ескі ауыртпа­­­­лық­­­тың барлығы қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн». Бұл сөздерді көп жыл бұрын Мұхтар Әуезұлы «Сыршылдық салт өлеңдері» атты мақаласында жазған. Ұлы жазушы мақаласын былай деп бастапты: «Наурыз күншығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе көшпелі түркілер арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған».

«Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қан­­­дай қы­­­сылса, жаз сондай жазылатын, жады­­­райтын шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыс­­­тың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды, қалайша мейрам етпесін». Бұл – қазақтың ардақты ұлы Міржақып Дулатұлының «Қош кел­­­дің, Наурыз!» атты мақаласында жазғаны.

Осы сөздерден көктемді қазақтың жаңа жылдың басы деп неге таңдағанын түсінуге болады. Қазақтар әлемнің табиғи жүйелілігін ежелден түйсінген ел. Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы Наурыз мерекесі туралы былай деп жазған: «Жаңа жылымыз – ...шын мағынасында жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақында­­­ғанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез».

Ал Ұлы ақын Абайдың: «...Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деген сөздері де бүгінге жетіп отыр.

ТІЛШІ: Жамбыл Омарұлы, Сіз Наурыз мейрамының тарихына шолу жаса­­­­ғаныңызда Нұқ пайғамбардың деректерін келтірдіңіз. Қоғамда Наурыз мейрамын діни мейрам деп санайтындар да жоқ емес. Бұған не дейсіздер?

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: Діни мейрам дегені – желеу ғана. Бұл Кеңес үкіметінің ұлттық салт-дәстүр­­­лермен күресінің жемісі. Этнографиялық зерттеулер жүргізіп, шежіре жинап жүргенімде қазақтың қариялары айтатын: «Үкімет 1926 жылы орнады, сол жылы ұлттық дәстүрлерге тыйымдар салынды».  Соның бірі – Наурызды тыю. Қазақтың және өзге де түркі халықта­­­ры­­­ның жаңа жылын орыс жаңа жылына бейімдеу керек болды. Осылайша, 1926 жылға дейін қазақ халқы жаңа жылды Наурызда тойлап келіп, 1926 жыл­­­дан кейін күрт тыйылды. Наурызды тоқтату арқылы үлкенді сыйлау (мысалға бата алудың өзін айтуға болады), дастар­­­қан мәзіріне мейлінше мән беру, киелілік сынды қазақтың өзге де құнды ұғымда­­­рына үлкен соққы берілді деп есептеймін. Наурыздың қандай да бір дінге еш қатысы жоқ па? Наурыздың еш дінге, тіпті өте ежелгі діндерге де қатысы жоқ. Наурыз жаратылыстану түсінікте­­­рінен туындаған. Расында да, Наурыз – күн мен түннің теңелетін уақыты. Сол заманның есеп­­­шілері анықтаған табиғаттың ғажап бір заңдылығы, гармониясы. Сондықтан да, Наурыз туралы айтқанда діннен гөрі, көне замандағы ғылым-білім туралы, даналық туралы айтқанымыз жөн. Яғни, оны белгілі бір дінмен байланысты деп айтуға болмайды. Тіпті, әлемдегі ең көне дін саналатын Зороастризмнің өзі біздің дәуірімізге дейінгі 2 мыңжылдықта пайда болды. Ал Наурыздың тарихы кем дегенде б.з.д. 6-7 мыңжылдықтарға барады.

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы:  «Наурыз – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы. Наурыз қазақтың ұлы мейрамы болып кеткен. Құрбан айт, ораза айт­­­­тардан гөрі дені де сау, қадірі де артық». Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылы «Еңбек­­­­ші қазақ» газеті бетінде «Наурыз туралы» мақала­­­сында осылай деп жазыпты.Қазақтар ежелден жаңа жыл көктемнен бастау алады деп білген. Ислам дінін қабылда­­­­ғаннан кейін де қазақтар жаңа жылды көктемде мереке­­­­леуінен жаңыл­­­ма­­­­ған. «Қазақ жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасал­­­майды. Бар болғаны – бір-бірімен көрісіп: «Жасың құтты болсын» – дейді». Бұл ақиық ақын Мағжан Жұма­­­байұлының 1927 жылы «Наурыз» мақала­­­­сында жазға­­­ны. Сондықтан бұл мейрамды ешқандай діни мейрам деп санауға болмайды. 

ТІЛШІ: «Өзіміздің төл жаңа жы­­­лымыз – әз-Наурызды естен шығарма­­­ған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келе­­­тін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сон­­­дықтан төл мерекеміздің мазмұнын байы­­­тып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыс­­­­тырып, ұлттық бірегей­­­­лігімізді ай­­­шықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еgеmеn Qazaqstan газетіне берген сұхба­­­­тында. Биыл Наурыз мейрамын жаңа фор­матта мерекелеу бе­кітіліп, жыл сайын 14-23 наурыз ара­лы­ғында өткізілетін Нау­рызнама онкүндігі жарияланды. Нау­­рыз­дың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жі­беріл­­ді. Сонымен қатар осы мерекеге орай халық 5 күн демалады. Жалпы, Наурызды қалай тойлау керек? 

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: Наурыздың қазіргі тойлануына көңілім толмайды. Наурызға деген жалпыха­­­лық­тық ынта-ықылас әлі де жоқ. Наурыз­ғ­а дайын­дықты ертерек бастау керек. Ке­­­мінде бір ай бұрын басталуы керек. Мәш­һүр Жүсіп Кө­пеев жазып кеткен дерек­­тер бар: ерте уақытта бәйбішелер жаздыгүні қарын-қарын май жинап, жент, құрт жи­­­­нап «Нау­­­рызда ашамын» деп ырым қыла­­­ды екен. Наурызға дейін женті тас қайрақ­­­­тай болып қатып жатады. Қысты­­гүні балалар мен немерелер «Апа, жент берші» деп сұра­са, «Айналайын, Наурызға дейін шы­дай тұр. Наурызда «Самарқанның көк тасы жібіген­­­де» біздің жентіміз де жібиді. Сол кезде жерміз, қа­­­­рынға қолды салар­­­­мыз» деп ын­тық­­­­тырып отырады екен. Бұл ын­тықтыру­­дың, Нау­­­рыз­­ды күт­­­­тіру­дің ас­­­тарында оған деген құрмет жатыр. Кез келген тойды халық қабылда­­­­маса, сол ұлы күнге өз санасын дайындама­­са, ол мейрам емес. Қазіргі Наурыз – әкім­­­шілік тарапы­­­нан жасалған іс-шара сияқты. Әйтеуір уақыты жеткен­­­­де апыл-ғұпыл бірдеңе жаса­­­­­­ған боламыз. Ал қазір Наурыз қазақ­тың дәс­түр-салтын есі­не түсіретін этногра­­­­фия­­­­лық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есін­де қалға­­­нын, білгенін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді тағы сол сияқтылар. Осылайша, Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойым­­­­ша, Наурыз біздің ұлттық жаң­­­­ғыруы­­­­мыздың, ұлт құн­дылықтарына көзқарасы­­мыздың, ұлт­­жан­­­­дылығы­­­мыз­­­­дың көрсет­кіші болуы керек. Солтүс­­­­тік­­­­тегі кей өңір­­­­лер ауа райы­ның суық­­­­­­­тығынан, Наурыз мерекесін сә­уір, мамыр айларына қал­дырып жүр… Наурыз­­­ды кейінге қал­­­дырумен өз басым келіспей­­­­мін. Жаңа жыл­­­ды да (31 желтоқ­­сан) қыс ортасында күн суық деп кейінге қал­дыр­­­май-ақ өт­­­­кі­­зіп жүрміз. Сонда Наурыз­­­­­ды той­­лай ал­­май­­­­мыз ба? Табиғат­­­­тың кесімді уақы­­­тын, мыңдаған, он мыңда­ған жылдар бойы тойланған күн­­тіз­белік келіс­кен мей­­­­рам­ды облыс дең­­­­гейіндегі әкім­дердің шеші­­мімен бұзу тіпті ақылға қонбайтын іс. 

Наурызға қатысты мейрамдардың, дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл – этнографтардың және көп нәрсені құлаққа ілмейтін қоғамның кінәсі. Бәріміз қосылып, Наурызды шын мәнінде жалпы халықтық мейрам есе­бінде жаңғыртуымыз керек. Соңғы кезде қазақстандық сәйкестікті қалай қалып­тас­тырамыз деген сияқты сұрақтар көте­ріліп жүр. Наурыз – сол мемлекеттік бі­регейлікті (идентичность) қалыптас­­­тыратын ең мықты тетіктердің бірі.

ТІЛШІ: Уақыттарыңызды бөліп, сұх­бат бергендеріңіз үшін алғыс білдіреміз.

Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Наурызбек САРША