Мерекенің құны қанша?
Мерекенің құны қанша?
420
оқылды
Қазақстан халқы үшін Халықаралық әйелдер күнінің орны бөлек. Бұл мерекеге апта бұрын дайындалып, шала бүлінетініміз бар. Жаңа жылдағыдай сыйлық іздеп сабыламыз. Мерекені ұжым ортасында атап өту де дәстүрге айналды. Ұжымдағы қыз-келін­шектерді қуанту үшін ер-азаматтар арнайы дайындалады. Мереке қарсаңында маркетологтардан ұйқы қашады, өйткені олар тауар сатудың түрлі тәсілін ойлап табуы тиіс. Ер-азаматтардың жомарттығы сынға түсетін мерекеге қазақ­стандықтар қанша қаржы жұм­сайды екен? Бұл сұрақ бәрімізге қызық екені рас. Әзірге бұл са­уалдың нақты жауабын беретін есептеу жүйесі жасалмаған. Десе де, соңғы жылдары Яндекс.Касса сервисі онлайн сауда жасаушы­лардың тапсырысына сараптама жасау арқылы қызық кейс ұсы­нып жүр. Мысалы, былтыр аталған сервис қазақстан­дық­тардың 8 наурызда қандай сый­лық сатып алғанын анықтап бер­ді. 1-5 наурыз аралығында жа­салған онлайн сауданы са­раптай келе қазақстандықтардың мерекеде шамамен 37 300 теңге жұмсайтынын көрсетті. 2018 жылы бұл сома 23 300 теңге болған еді. Демек, биыл 40 мың теңгеден асады деуге негіз бар. Бұл – онлайн сауданың ғана сомасы. Егер оған сауда үйлері мен базарда жасалған саудадағы ақша айналымын қоссақ, біз айтқан сома көбейе түседі. Яндекс.Касса қызметі әйел­дер күні қарсаңында ең көп са­тылған тауарлар тізімін де анық­тап береді. Мысалы, былтыр киім-кешек, сөмке, орамал, әмиян мен іш киім сатып алу­шылар көп бо­лыпты. Бұл зат­тарды сатып алуға тапсырыс берушілердің әрқайсы шама­мен 14 000 теңгеден төлеген. Ал екінші орында үйге қажетті заттар тұр: ыдыс-аяқ, төсек жаб­дығы, картиналар. Тұтынушылар бұл тауар түрлеріне шамамен 25 600 теңге жұмсаған. Ал үшінші орында – кино, театр және концерттердің билеті тұрғанын айтуға болады. Билетке онлайн сатып алушылар 28 100 теңгеден жұмсапты.  

Қытайдан гүл әкелінген жоқ

Біздің сараптама Қазақстан тұрғындары негізінен әйел затына күнделікті тұтынатын заттар сый­лауға бейім келетінін анықтады. Себебі дәл осы мереке қарсаңында ұялы телефонның саудасы қы­зады. Одан кейін кәдесый мен авторлық заттар, сосын косметика мен парфюмерия сыйлауға әуес. Ал гүлдің орны бір бөлек. 8 нау­рыз – гүлдің құнын өсіретін ме­реке. Әсіресе, қызғалдаққа сұра­ныс жоғары болады. Бүгіндері қызғалдақтың құны – 500 тең­генің айналасында. Неге арзан деушілерге: Астанада негізінен отандық қызғалдақтар сатылып жатыр. Ал раушан гүлі Нидерланд, Эквадор мен Кениядан жет­кі­зілген. Бағасы – 700-2000 тең­генің арасында. Елордадағы гүл сатушылар Қытайдан гүл жеткізілмегенін айтады. Себебі атышулы коро­навирустан кейін шекара жа­был­ған. Бұл отандық гүл өсірушілер үшін жақсы мүмкіндік болған сияқты. Мысалы, Нұр-Сұлтанға қызғалдақтардың басым бөлігі Степногорскіден жеткізілсе, раушан гүлі оңтүстік өңірден та­сымалданған. Мысалы, Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы «Умид» шаруа қожалығының жетекшісі Шухрат Ибрагимов 8 наурыз мерекесіне орай 16 мың дана гүлді сатып алушыларына жеткізген. Оның 10 мыңы – раушан гүлі. Бұл күні қыз-қырқынның сыйлыққа иіссу күтетінін білетін маркетологтар сауда көрігін қыз­дырған. «Француз үйінде» де, басқа сауда нүктелерінде де иіссуға жаппай жеңілдік жүріп жатыр. Жеңілдік жасаудан сұлу­лық салондары да қалысар емес. Instagram желісінде кеш хан­шайымы болғыңыз келсе, сол кешке киетін көйлегіңіздің суре­тін ала келіңіз, шашыңызды со­ған сай әсемдеп береміз, жеңіл­дігіміз және бар деген жарнамадан көз сүрінеді. Сонымен бірге жа­рыңызды қуантудың жолы – сұлулық студиясының серти­фи­каты деген де жарнама көп. Тұрмыстық техника сататын дүкендер де наурыз айында мәрттігін көрсетіп қалуға тыры­сып әлек. Мысалы, Technodom сауда желісі дүкендерінде 3-31 наурыз аралығында 50 000-100 000 теңгеге сауда жасасаңыз, 14 990 теңгенің затын сыйлыққа аласыз. 100 001-400 000 теңгеге зат сатып алсаңыз, 19 990 теңге тұ­ра­тын затты тегін аласыз. Сәй­­­­ке­сінше,  600 001-1 000 000 теңгенің чегіне ие болсаңыз, 26 990 тең­генің, 1 миллион теңгеден астам қар­жыға зат алсаңыз, 49 990 тең­генің затын тегін береді.  

Қыз-келіншектер қандай сыйлық күтеді?

Ал қазақстандық қыз-ке­лін­шектер қандай сыйлық алғысы келеді? Біз осы мақсатта әлеу­меттік желіде сауалнама жүргіздік. Нәзік жандылардың жауабы түр­ліше шықты. Мысалы, Жадыра есімді бойжеткен «Жүз оқулық» сериясымен шыққан кітаптарды сыйласа дейді. Сосын жақсы бір қазан болса, жанында гүл болса деп ойлап жүр. Уния есімді қол­данушы: «Ғұмыры қысқа гүл алғым келмейді... Терезе алдында құлпырып тұратын ыдыстағы гүлді сыйласа, соған риза бо­ла­мыз. Алтынға көп қызықпаймын, ұлттық нақыштағы күміс болса, бас тартпас едім» дейді. Ал Сара есімді келіншек жұбайына «Лаб­ковскийдың кітабы мен фитнеске абонементімді жаңа­лауды тап­сырдым» деген екен. Отбасылы жандар арасында ме­рекеде бір-біріне қандай сыйлық жасауды өзара ақылдасуы қалып­ты нәрсе. Десе де, отағасынан тосын сый күте­тіндер де жоқ емес. Алайда қазақы болмыс ер-азаматтардың қиялын шектеп қоя ма, әйтеуір көп жағ­дайда сыйлық таңдау құқын олар зайыбына қалдырады. Мұндайда Інжу есім­ді қыздың кеңесіне құлақ түрген жөн: «Талғамыңды білмейтін адам­нан сертификат алған ұнай­ды, содан артығы жоқ» деген екен. Сауал­намаға қатыс­қан­дар­дың біразы француз әтірі мен термомикс күтіп жүр. Гаухар тасы бар сырға алғысы келетіндер де бар. Ал ер-азаматтардың өзі бұл мерекеде қанша шығын шығаруға дайын? Ең қызығы, біздің са­уалнамаға қатысқан ер-азамат­тардың басым бөлігі бірінші кезекте анасына сыйлық жасауға ұмтылатынын айтады. Орамал, камзол, бағалы білезік, ағаштан ойылған астау сыйлауды жоспар­лап қойған. Расында, қазақы тәрбие алғандар үшін 8 наурыз аналар күні іспетті. Енді бір сұхбаттасымыз ме­рекеге шығын жұмсаудың қажеті жоқ деп санайды. Оның пікі­рін­ше, әйел затын, мейлі ол ана­сы, әйелі яки қарындасы болсын, мей­рамханаға шақырып, бірге ас ішсе жетіп жатыр. Себебі соңғы кезде адамдар бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды қойды. Мерекені мейрам­ханада атап өту әдемі әң­гі­менің тығынын ағытуға себеп болар еді дейді. Ал Жанат Омар есімді респондентіміз жарын қуан­­­ту үшін үй жағдайында қыз­ғалдақ еккен. «Біз кез келген мере­кеде отбасымыз үшін ерекше нәрсе жасағымыз келеді. Жарыма жаңа жылда сыйлау үшін қызғал­дақ еккен едім. Оның күтімі қиын екен. Жаңа жылда гүлдемеді, тек көктей бас­тады. Наурыз айы кел­ген­де жылдам өсті. Екі-үш күнде гүл ашатын сияқты. Сондықтан біз бұл мере­кеге қарашадан да­йындалдық десем болады», – дейді ол. Біз бұл мақалада мерекеге да­йындық барысындағы көңіл күйді көрсетуге тырыстық. Біздің ұлт үшін бірінші орында сыйлық емес, көңіл тұрады. Біз үшін бала­мыз салған сурет пен қа­ғаздан жасаған гүліне жетер сый­лық жоқ. Себебі сол сыйлықты жасап отыр­ған сәтте баламыздың ойында біз – анасы тұрдық. Біз үшін құшақ то­лы гүл де маңызды емес, бір талы да жетеді. Себебі сол гүлді сатып алып тұр­ған адам­ның ойында біз тұрамыз... Бұл мерекенің құны қан­ша дедік сөз басында, жауабы – мерекенің құны сізге деген көңілде.   Халима БҰҚАРҚЫЗЫ