Еріген қар суы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында бірнеше ауылдың жолдарын су алды.
Шығыстағы ахуал: қар еріп, ауылдарды су басты
arasha.kz
943
оқылды

Бұл туралы arasha.kz жариялады. Аудан әкімдігінің мәліметінше,  Жаңалық ауылының  жанынан тасқын су ағыны өтуде.

«2024 жылдың 20 наурызы күні Тарбағатай ауданында ауа температурасының күрт көтеріліп,  жауын-шашынның  түсуіне байланысты Жаңалық ауылының  жанынан тасқын су ағыны өтті.  Таулардан еріген суы Маңырақ ауылының жоғары жанындағы бөгетті жағалап өтіп,  Ақжар-Шілікті автожолының бойымен Жаңалық ауылына қарай  ағып жатыр.

Сондай-ақ Ақжар-Құйған, Ақжар-Жетіарал автокөлік жолдарының бірнеше бөлігінен су асу жағдайы болды. Төтенше жағдайдың алдын алуға аудан әкімдігінің, ТЖБ бөлімінің, ПДУ-3, Ақжар, Құйған, Жетіарал  әкімдігінің қызметкерлері және 5 техника, 50 адам  тартылды», – делінген әкімдік хабарламасында. 

Қазір ауданда тұрғын үйлерді су басу қаупін болдырмау бойынша жұмыстар жүргізілуде.  Қазір жағдай тұрақты, – деп сендірді әкімдіктегілер.

«Жаңалық ауылына және облыстық маңызы бар Шілікті-Ақжар жолына бүліну-зақым келген жоқ. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жаңалық, Құйған, Жетіарал ауылы тұрғындарына қауіп жоқ», – делінген хабарламада.

Әзірге аудандық және облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдары барлық бағыттар бойынша ашық. Жылудың, судың және энергиямен жабдықтаудың апаттық тоқтауы болған жоқ. Табиғи-техногендік сипаттағы ТЖ туралы хабарламалар да түспеді.