Рейстердің жалпы санын аптасына 10-нан 42-ге дейін ұлғайтуға келісілді.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе рейсі төрт есе көбейеді
www.pexels.com
701
оқылды

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының авиациялық билігі арасында екіжақты келіссөздер жүргізілді.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Корея Республикасы Азаматтық авиация кеңсесінің бас директоры Йонг Коок Киммен кездесу өткізді. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, келіссөздер нәтижесінде тараптар ел арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы санын аптасына 10-нан 42-ге дейін ұлғайтуға келісті. Сондай-ақ аптасына 40 жүк рейсін, оның ішінде «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалану құқығын беру туралы келісімге қол жеткізілді.

«Келіссөздер барысында бағыттар мен тағайындалған тасымалдаушылар санына қойылған шектеулер алынып тасталды, бұл бәсекелестікті арттыруға және елдер арасындағы ұшу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Тараптар әуетасымалдаушыларының екі елдің астаналары арасында тікелей әуеқатынасын орнату ниетін қолдады», – делінген хабарламада.