Әзербайжан астанасы Баку қаласында бокстан дәстүрлі халықаралық «Ұлы Жібек жолы» турнирі өтіп жатыр.
«Ұлы Жібек жолы» турнирі: Қазақстанның екі боксшысы жеңіске жетті
Sports.kz
1,402
оқылды

«Ұлы Жібек жолы» турнирінің алғашқы жарыс күнінде алты қазақстандық спортшы шаршы алаңға шықты. Оның екеуі жарысты жалғастыруға мүмкіндік алса, төртеуі қарсыластарына есе жіберді.

Алдымен Теміртас Жүсіпов (48 келі) әзербайжандық Турал Сариевті қапы қалдырса, одан кейін Сағындық Тоғамбай (92 келі) сол елдің тағы бір өкілі Фуад Джафаровты нокаутпен жеңді. Ал ел құрамасынан Дамир Әбдіқадыр (51 келі), Серік Теміржанов (63,5 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жарыс жолын ерте аяқтады.

Енді ел құрамасынан Тимур Қабешов (54 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Бақтияр Смағұлов (67 келі), Дархан Дүйсебай (71 келі), Бекзат Таңатар (86 келі) шаршы алаңға шығады.

Халықаралық турнирде 11 елден келген 121 боксшы сынға түседі. Олардың арасында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Польша, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Италия, Пәкістан және Венгрия боксшылары бар.

Дәстүрлі турнир бес күнге созылады.