14 жасқа толмаған балаларға TikTok, SnapChat және Instagram-ды пайдалануға тыйым салатын заң жобасына қол қойылды. Олар ата-анасының келісімінсіз бұл платформаларда аккаунт аша алмайды.
14 жасқа толмаған балаларға TikTok, SnapChat және Instagram-ды пайдалануға тыйым салынды
Желі бала үшін қауіпті орта. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: BrianAJackson
2,665
оқылды

Әлеуметтік желілердің зиянды әсерін болдырмау мақсатында 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынғанын businessinsider.com сайты хабарлады. Қабылдаған заңның балалардың психикалық денсаулығына әсерін осы материалды негізге алып Aikyn.kz түсіндіреді. 

Флорида штатында 14 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынды. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Ilkercelik

Флорида штатының губернаторы Рон ДеСантис 14 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салды. Губернатор бұл заңға дүйсенбіде (25 наурыз) қол қойды. Енді 14-15 жастағы балалар ата-анасының келісімінсіз TikTok, SnapChat және Instagram желілерінде жеке аккаунт аша алмайды.

Көптеген платформалар қазірдің өзінде 13 жасқа толмаған балаларға есептік жазбалар ашуға тыйым салғанымен, оны қадағалау өте қиын. ДеСантистің айтуынша, бала күтімі мен психикалық денсаулық мәселелерін шешуге бағытталған заң жобасы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жоспарланған.

Заң мәтіні әлеуметтік медиа компанияларынан «14 жасқа толмаған болуы мүмкін» деп саналатын Флорида тұрғындарына тиесілі аккаунттарды белгілеуді және жоюды талап етеді. Заңға сәйкес, желі қолданушының жасы «14 жасқа толмаған» деп қате анықталса, оған аккаунтының жабылуына қарсы аппеляция беруіне 90 күн беріледі.

Сіздің үйге қауіп әлеуметтік желілер арқылы кіруі мүмкін. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Ilkercelik

АҚШ-тағы ата-аналар да балаларының аккаунттарын тоқтатуға өтініш бере алады, «әлеуметтік желі оны 10 жұмыс күнінің ішінде орындауы тиіс» делінген заң жобасында. 14 және 15 жастағы балалар ата-анасының немесе қамқоршысының келісімімен әлеуметтік желіде аккаунттар аша алады. 

Губернатор ДеСантис баспасөз мәслихатында бұл заң жобасы педофилдердің онлайн платформалар арқылы балалармен байланысуына жол бермеуге бағытталғанын да айтқан.

«Сіздің үйде бала қауіпсіз болып көрінуі мүмкін, бірақ сіздің үйіңізге бірден кіре алатын жыртқыштар бар. Сіз бәрін дұрыс жасап, оған тосқауыл қоя аласыз», – дейді ол.

Осы айдың басында губернатор 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге ата-аналарының келісіміне қарамастан, әлеуметтік желілерде аккаунттарын ашуға қатаң тыйым салатын заң жобасымен келіспей, оған вето қойған. ДеСантис сол кезде заң шығарушылар сөз бостандығы құқығын қорғау үшін заңды қайта қарайтынын айтқан.

Жас балалар денсаулығына зиян келтіретін контентке қызығып, желіден шыға алмай қалады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Patat

Флорида штатының Өкілдер палатасының спикері Пол Реннер дүйсенбіде (25 наурыз) әлеуметтік медиа платформалар балаларды бірнеше сағат бойы желіден кетпеуге мәжбүрлейтін алгоритмдерді қолданады деп айыптаған. Оның ойынша, жас балалар өздерінің психикалық денсаулығына зор нұқсан келтіретін контентке қызығып, одан шыға алмай қалады. 

Пол Реннер бұл заң жобасына технологиялық индустрия қарсы шығады деп күтеді. «Бірақ сіз білесіз бе? Біз оларды жеңеміз», – дейді ол.

Жаңа заң жобасында ешқандай әлеуметтік медиа компанияларының аты аталмайды, бірақ «шексіз айналдыру», push хабарландырулары немесе пайдаланушыларға контентті жеткізу алгоритмдерін пайдалану сияқты танымал желілердің көптеген сипаттамалары келтірілген.

Snapchat, TikTok және Instagram – YouTube-тан басқа АҚШ жастары арасындағы ең танымал әлеуметтік қолданбалар – қазірдің өзінде 13 жасқа толмаған балаларға есептік жазбаны иеленуге тыйым салады.

Бұл жас шектеулері компаниялардың «Балалардың интернеттегі құпиялылығын қорғау» туралы заңға сәйкес, 13 жасқа толмаған балалардан деректер жинауына жол бермеуге бағытталған. Дегенмен бұл заңда балалардың жас шектеулерінен өту үшін желіде жасы туралы өтірік ақпарат беретінін ескермеген. 

14 жасқа толмаған балаға ата-анасының рұқсатынсыз аккаунт ашуға тыйым салынады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторы: Imgorthand

Meta, TikTok, Snapchat және басқа фирмаларды ұсынатын NetChoice технологиялық сауда тобы қаңтарда Огайо және Арканзас штаттарында 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің әлеуметтік медианы пайдалануын шектейтін заңдармен келіспей сотқа берген. Бұл топ заңдағы ережелер Конституцияға қайшы екенін және сөз бостандығын бұзатынын мәлімдеген. 

Мына видео ата-аналар үшін. Қаскөйлер олардың балаларының желідегі суреттерін, басқа деректерін теріс мақсатта қалай пайдалана алатынын ескертеді.Сот шешімі бойынша Огайоға ақпан айында шектеулер енгізуге тыйым салынды, тамызда Арканзас штатында осындай заңға тосқауыл қойды.

Юта кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуін шектеген АҚШ-тың алғашқы штаты болды. 2023 жылдың наурызында 18 жасқа толмаған кез келген адамға ата-анасының рұқсатынсыз аккаунт ашуға тыйым салатын заң қабылдады.

Құрама Штаттарда басталған осындай шектеулер Еуроодақ елдерінде, одан кейін посткеңестік аймақтағы елдерге де жетуі мүмкін. Қазақстан да болашақ ұрпақтың денсаулығына, психикалық жағдайына зиянды әсер ететін әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салатын елдердің алдында болады деп ойлаймыз.